Ел тынысы

Қазақстан – Германия: Стратегиялық серіктес



Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен келіссөз жүргізді.

Келіссөзге дейін «Ақорда» резиденциясында ресми қарсы алу рәсімі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Германияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін екі ел басшылары Шығыс залында келіссөз жүргізді.

Президенттер қазақ-герман стратегиялық серіктестігінің жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Саяси диалогты нығайтуға, сауда, экономика, инвестиция, энергетика, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ Транскаспий халық­аралық көлік бағытын дамыту аясында өзара іс-әрекетті жандандыру, мұнай және газ, жасыл энергетика, өнеркәсіп салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту маңызды екені атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер халық­аралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Келіссөздер достық рухында өтті және конструктивті әрі мазмұнды болды. Екіжақты экономикалық күн тәртібінің бірқатар бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөздерді екі ел делегация­ларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-­Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Қазақстанға арнайы сапармен келгені үшін Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздерде екіжақты байланыстарды нығайту жолдары талқыланып, өзекті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

– Биыл Қазақстан мен Германия арасында дипломатия­лық қатынас орнағанына 31 жыл толды. Осы уақыт ішінде жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасты. Өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамуда. Мәдени-гуманитарлық байланыстардың аясы кеңейді. Серіктестікті жандандыру үшін әлеуетіміз мол екенін атап өткім келеді. Атап айтқанда, Маңғыстаудағы жасыл сутегін өндіруге арналған бірлескен жобаның маңызы зор. Немістің озық технологиясы мен тәжірибесі негізінде кәсіби мамандар дайындау қажет. Осы ретте Ақтауда Қазақ-неміс инжиниринг институты ашылады. Бұл жобалар екі елдің студенттері мен мамандары арасында тәжірибе алмасуға жол ашады. Экономиканы, өндіріс саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі елдің қарым-қатынасын нығайтуда мәдени-гуманитарлық байланыс саласы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

– Елімізде неміс ұлтының 226 мың өкілі өмір сүреді. Олар Қазақстанды өркендетуге елеулі үлес қосып келеді. Германияда 1 миллионнан астам бұрынғы отандастарымыз тұрады. Бұл – халықтарымыз арасындағы достықты нығайта түсетін «алтын көпір». Біз осы саладағы ықпалдас­тықты тереңдетуге ниеттіміз, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Германияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптесі. Германияның Орталық Азия елдерімен алыс-берісінің 83 пайы­зы біздің елге тиесілі. Былтыр екіжақты сауда-саттық шамамен 10 миллиард доллар болды. Қазақстан Германияның басты 50 экономикалық серіктесінің қатарына кіреді. Сондай-ақ осы елді мұнаймен қамтамасыз етіп отырған негізгі төрт мемлекеттің бірі саналады.

Бұдан бөлек, Президент «Технологияларды шикізатқа алмастыру» формуласына негізделген қатынас екі тарап үшін де нәтижелі болады деп санайтынын мәлімдеді.

– Қазақстан Германия экономикасын энергиямен және қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ете алады. Бұл қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық кезеңде аса маңызды. Германия тарапының өтініші бойынша Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын жөнелту – соның нақты мысалы. Жоспарланған шараларды тиімді жүзеге асыру үшін Штайнмайер мырзамен талқыланған бірнеше мәселені шешу қажет. Соның бірі – көлік-логистика байланысын күшейту. Бүгінде «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Біз мұны кездесу барысында ерекше атап өттік. Орта дәліздің негізгі бөлігі Маңғыстау облысы арқылы өтеді. Штайнмайер мырза Батыс елдері басшыларының ішінде осы өңірге бірінші болып барғалы отыр. Біз көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту қажеттігіне баса назар аудардық. Бұл саланың келешегі зор. Қазір Еуропа Одағында «Global Gateway» стратегиясы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында қолға алынған бастамаларға Қазақстан жобаларын енгізу мәселесін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Германияның ­Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және құрмет көрсеткені үшін Қасым-­Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша ондаған екіжақты құжатқа қол қойылды.

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен бірге Қазақстан – Германия бизнес форумына қатысты.

Президент форумда сөйлеген сөзінде өзінің мемлекеттік сапары аясында жетекші неміс компанияларының басшыларын ала келген Франк-Вальтер ­Штайнмайерге алғыс айтып, Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы ең басты экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

– Бүгінде Германия компания­лары біздің экономикамызға шамамен 6 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл инвес­тицияның шамамен 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екенін айта кеткен жөн. Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі – әлемге әйгілі брендтер, ал басқалары – орта деңгейдегі отбасылық бизнес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент көлік және логистика салаларында өзара тиімді ынтымақтастық үшін мүмкіндік мол екеніне назар аударды.

– Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі жаңа геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты. 2022 жылдан бастап Каспий дәлізі арқылы Еуропалық Одаққа мүше елдерге тасымалданатын жүк көлемі екі есе артты. Шығыс пен Батыс арасындағы ұлғайып келе жатқан сауда көлеміне қолдау көрсету үшін біз инфрақұрылымды жаңарту және кедергілерді жою жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз қазақстандық порттардың өткізу мүмкіндігін 30 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button