Басты ақпаратҚоғам

Қазақтың тойы «қылмысқа» айналмасын



Дәл осы күндері жастардың үйлену тойын өткізу, құдалық, сүндет той, мерей той тіпті өлік жөнелтудің де жолы қиындап кетті. Елорданың мониторинг топтары кәріне мініп тұрса да қаланың кейбір тойханалары терезесін қымтап, есігін тарс жауып жұмысын тоқтатар емес.

Жасыратын несі бар, өзіміз де шақырылған жерден қалған емеспіз. Рас, жұртты жинап несі бар екен десек те, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» дегендей, өзімізді басып, кісінің жақсылығына баруға асығамыз. «Той өтпесін» деген бос сөзді өзіміздікі болмаған соң ғана айтамыз. Енді осы қуаныштың иесі өзіңіз болсаңыз не жақыныңызды ақырғы сапарға аттандыру қажет болса, «мүлдем болмасын, тыйым салынсын» деп дүйім жұртқа топырақ шашар ма едіңіз? Күмәнім бар. Өйткені бұдан да жаман кезде тойға барған халықпыз. Қазақтың тойы тоқтамасын дегеннің біріміз. Демек, осы жағдайды біле тұра, халықты былтырдан, індет басталғаннан бері тоқтата алмайтынымызға көз жеткен соң неге той өткізудің тиімді форматын қалыптастырмасқа? Бес жүздеп, екі жүздеп жиылсын деуден аулақпыз. Бірақ шақырылатын адамдардың санына шектеу қойып, тойды неге Ashyq-пен өткізбеске?! Жақсылықты қылмыс жасағандай етіп, тойхананың артқы есігінен бұқпантайлап кіріп, кісіге білдірмей шығып берекеміз кетті ғой. Одан қалды, қазақтың жалғыз қуанышының шырқын бұзу кімге керек? Оны өткізудің жолын қиындатпай неге жөнін, дұрыс жолын көрсетпейді?

Бұл сұрақты қойып отырған себебіміз, бүгінде барлық қоғамдық орындар түнгі 10-ға дейін жұмыс істеп тұр. «Ashyq көшбасшысы» мәртебесі бар нысандарға сағат 00.00-ге дейін, Ashyq жүйесіндегі басқа нысандарға сағат 22.00-ге дейін жұмыс жасауға рұқсат берілді. Қалалық моншаларда адамдар жеткілікті, кинотеатрлар іске қосылды. Базардан басқа, сауда, ойын-сауық орындары әдеттегі режимде жұмыс істеуде. Демалыс орындарына барсаңыз ығы-жығы халық. Қоғамдық көліктер сірескен жолаушыға толы. Халықтың қамын ойлап ешкім қоғамдық көліктердің санын көбейткен жоқ, қан базарды тарқатқан жоқ, айналып келгенде қазақтың тойына ғана «әлімжеттік» жасап отырған жоқ па деген сұрақ ойға келеді.

Рас, тек елімізде емес, бүкіл әлемде ахуал жақсы емес. Бірақ тірлік тоқтаған жоқ. Лайым тоқтамасын. Жиын-той қонағының санын жоғарыда айттық. Қатерлі топқа жататын жасы алпыстан асқандарды шақырмай, бұрынғыдай үзіліспен екі ыстық тамақ ұсынбай, оған кететін уақытты қысқартып, ықшамдап неге өткізбеске?! Сабылтып, ет жақыны
болса да басқа өңірлерден келетін қонақтарға шектеу қою керек. Өйткені тойда емес, емін-еркін ұшып жүрген ұшақтар мен пойыздарда да вирус жұқтырудың қаупі басымырақ. Осылайша көптен күткен тойды ұрлық жасағандай тығылып емес, үйренген ортада кішігірім
топпен атап өтуге ресми орындардан рұқсат болуы тиіс. Сонда тойханалар да жұмысын бастап,
оның айналасында нәпақасын тауып жүргендердің есесі түгенделер еді. Мәселе індетке қарсы
шараларды сақтап, тұрмыстық салтын жанашырлықпен реттеп, елдің қуанышының шырқын бұзбай, қазақтың күнделікті әдетінен де қалдырмаудың амалын табу керек.

Бірі дүние есігін ашса, енді бірі келместің кемесіне мініп кетіп жатса, енді бір ержетіп отау тігіп, игіліктерге жетіп қуанышын жанашырларымен бөліскісі келсе – оның атын өмір дейді. Өмір бір індетпен тоқтамайтынын өзіңіз де білесіз!

 


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button