Басты ақпаратҚоғам

ҚИЫРДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ



Таяуда Байланыс  және  ақпарат күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының дәстүрге айналған «Нұр сұңқар» байқауында «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, белгілі журналист Талғат Батырхан «Сөз шебері» аталымында топ жарып, жеңімпаз атанды. Әріптес ағамызды біз де жүлдесімен құттықтай отырып, ол жайында бір үзік ізгі лебізімізді білдіргіміз келді.

erm_6550-kopirovat

Ақмола Астанаға айналғаннан кейін қалалық газет бір күнде рес­публикалық басылымға айналып шыға келді. Жан-жақтан қаламы жүрдек журналистер жиналды. Бәрі де соқталдай азаматтар. Сол кезде Талдықорғаннан келген Талғат Батырхан ағамен таныстым. Жаңадан жасақталған редакциядағы бас редактордың орынбасары. Бастық деп ойламайсыз. Ауылда жүргенде аудандық газет редакторы орынбасарының есігін қағып кіретінбіз. Талғат ағаның бойынан ондай менмендік байқалмайды. Еркін. Марқұм Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз секілді киінеді. Торғайдың тарихына жетік. Біздің елден шыққан қаламгерлерді жатқа біледі. Құдды сол жерде өскен адам секілді. Бір кезде: «Ақан Нұрманов біздің Ақсуда туған ғой» деді. Рас айтсам, мен оны білмеуші едім. Үнсіз қалдым. Салмақты, сабырлы. Әжем айтатын маңдайы келісті азамат. Адамды бауырына тартып сөйлейді. Жастарға ерекше қамқор. Қазір қарасам, Талғат аға сол шақта бүгінгі менің жасымда екен. Маған таудай көрінді. Басылымға да көрді-барды тізбелеп, төпелей бермейді. Ондыққа дәл тигізетін мергендей дәмдеп, әдемілеп жазады.

Әр сөз шеберінің өз жолы бар. Талғат Батырхан да көркемдік әлемі қалыптасқан журналист. Ол кісі елордалық басылымда 13 жыл табан аудармай еңбек етті, сара жолын қалдырды. Біз осы мақаланы жазарда оның «Көңіл көкжиегі» деген публицистикалық кітабын тағы бір сүзіп шықтық. Сол кезде байқағанымыз, журналист жүрегі қалаған тақырыпқа келгенде қамшы салдырмайды. Әсіресе, шетте жүрген әйгілі қандастарымыз жайында төгілдіріп жазады. Кезінде ағамыздың «Поляр академия­сының ректоры» деген эссесі оқырманды дүр сілкіндірген еді. Кеше ғана бас басылымда жарық көрген «Ресей

Батыры» атағын алған қайсар қазақ Серік Сұлтанғабиевпен сыр-сұхбаты да көптің көңілінен шықты. Белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы досы туралы жазған «11-ші қаламұш»
эссесінде Талғат ағамызды қиырдағы қазақтардың қамқоршысы деп айтыпты.Көрнекті қаламгер Қалихан Ыс­қақтың «Менің ағаларым» деген тамаша повесі бар еді. Менің ағаларым!.. Қандай жып-жылы сөз. Жүректі тебірентіп жібереді. Анадан бірге тумасаңыз да, рухани жағынан рухтас, үндес, алдында ағаң болғанға не жетсін! Талғат Батырхан – менің сондай ағам!

Азамат Есенжол




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button