Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР КӨРМЕГЕ ДАЙЫН БА?



Жаңадан келетін «Shuttle bus»-тың басқа автобустардан қандай айырмашылығы бар? Көліктегілерге біраз қиындық туғыз­ған Bus Lane жолақтары көбейе ме? ЭКСПО аяқталғаннан кейін кондукторлар бола ма? Астана қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов астаналықтарды мазалаған осы және өзге де сұрақтарға жауап берді

kbb_6022-kopirovat

93 күнге жалғасатын көрме кезінде елордаға өңірлерден шамамен 472 мың адам автобуспен келеді деп күтілуде. Дәлірек айтсақ, Атырау және Маң­ғыс­тау облыстарынан басқа 13 облыс­тан күнделікті жұмыс істеп тұрған «Сапаржай» автовокзалына, «Алай» және «КеңМарт» көлік хабтарына 118 автобус келіп-кетеді. «Сапаржай» автовокзалы облысар­алық рейстерге қызмет көрсетеді. Жолға шығатын 53 рейс 2410 жолаушыны елордаға жеткізеді. «Алай» көлік хабы тәулігіне 37 рейсті қабылдап, Көкшетау, Қостанай, Петропавловск, Талдықорған, Орал, Ақтөбе және Өскемен қалаларынан келетін 1583 туристі күтіп алуға сақадай сай тұр. Жалпы көлік хабында 7 автобустық бағдар жұмыс істейді, бұл, шамамен, 70-ке жуық автобус деген сөз.

«КеңМарт» көлік хабы Алматы қаласынан, Қарағанды және Алматы облысынан келетін рейстерді қабылдап алады. 1254 жолаушы 28 автобуспен келеді. Ал бұл хабқа 7 автобустық бағдар, яғни 50 автобус тартылған.

ӘУЕЖАЙДАН «НҰРЛЫ ЖОЛҒА» ДЕЙІН – 150 ТЕҢГЕ
Арнайы көрмеге деп әкімдік 7 жаңа «Shuttle bus» автобусын енгізді. Қала ішінде №500, №501, №502, №503, №504, №505 және №506 деген сандары бар қоғамдық көлікті көзіңіз шалса, оны шаттл-бас дей беріңіз. Бүгіннен бастап оның үшеуі, атап айтсақ, №503, 504, 506 бағдардағы автобустар жолға шығады. Құны – 150 теңге. Неге дейсіз? Түсіндіре кетейік, бұл автобустар аз ғана аялдап, діттеген жеріңізге жедел жеткізеді. Өзіңіз баға беріп көріңіз, халықаралық әуежайдан жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалына дейінгі аралық үшін 150 теңге төлеу өте тиімді. Жоба аясында «Iveco Urbanway» маркалы 167 автобус тартылған. Бағдарлар күнделікті 83 мың сапарға шыға алады.№500, №502 бағдардағы автобус­тар – 1 маусым күні, ал №501, №505 бағдардағы автобустар 5 маусымда жолға шығады. «Shuttle bus» автобус­тарында кондуктор болмайды, сондықтан жолаушылар алдыңғы есік арқылы өздері кіріп, жолақысын электронды түрде төлей алады» деді Бекмырза Игенбердинов.

ҚОНАҚТАР КӨРМЕГЕ ТЕЗ ЖЕТЕДІ
Бүгінгі таңда ЭКСПО қалашығына 11 бағдардағы автобустар қатынайды. Ал көрмені өткізу барысында сол 11 бағдарға қосымша 103 жаңа автобус қосылады. Осылайша, жолаушылардың аялдамаларда көлікті күту уақыты 10-15 минуттан 5-7 минутқа дейін қысқарады. Ал күнделікті тасымалдап жүрген адамның саны 150 мыңнан 260 мыңға дейін артуы мүмкін.

Астаналықтар мен қала қонақтары үшін тағы бір түнгі экспресс-бағдар іске қосылады. Ол «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан бастап жүретін болады. Еске сала кетейік, биылғы жылдың 8 сәуірінен бастап №200 бағдар күнделікті түнгі 12:00-ден таңғы 6-ға дейін «Астана» теміржол вокзалынан «Астана» халықаралық әуежайы бағытымен жүреді. Желідегі автобустардың саны – 3, сапардың құны – 150 теңге.

Бекмырза Игенбердинов, Астана қаласы Жолау­шылар көлігі басқармасының басшысы:

ЭКСПО және «Mega Silk Way» аумағында 6 мың автотұрақ орны қарас­тырылған. Дегенмен, қарбалас күндері тұрақ орындары жетіспегенде, көлік иелері тегін 14 жолшыбай тұраққа кө­лік­терін қойып, көрме орталығына дейін автобуспен және Shuttle bus бағ­да­рымен оңай жете алады.

BUS LANE ЖОЛАҒЫ КӨБЕЙДІ
3 маусымнан бастап елорданың 13 көшесінде Bus Lane жолағы пайда болады. Осылайша, автобустарға арналған 24 жолақ 79 шақырымға дейін жетеді. Жолаушылардың аялдамада автобус күту уақыты қысқарады. «Бұл жолақтармен қоғамдық көліктен басқа жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция қызметі, сондай-ақ ресми такси қызметіне жүруге рұқсат. Олардың кептелісте тұрмай, керек жерге тез жетуі қала тұрғындарына маңызды деп ойлаймын. Мәселен, жедел жәрдем шақырған жерге 7 минутта жетуі тиіс» деді басқарма басшысы.

– Bus Lane жолақтарына қарсылық білдіріп жатқан тұрғындар көп. Алайда қалада 400-450 мыңға жуық автокөлік бар. Астанаға жазғы уақытта миллиондаған турист келетінін ескере отырып, оларды ЭКСПО кешеніне тасымалдауды дұрыс ұйымдастыруымыз керек. Көлік қозғалысын осылайша реттеуді жөн санап отырмыз. Тамызда жүйелі талдау жасалып, көрме аяқталған соң олардың кейбірі алынып тасталуы мүмкін, –
дейді басқарма басшысы.

Тағы бір жаңалық, 7 маусымнан ЭКСПО көрмесі аяқталғанға дейін салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктеріне таңғы 6-дан 23:00-ге дейін жолда жүруге тыйым салынады. Алайда кәсіпорындардың коммерциялық қыз­метін жүзеге асыру үшін жүк көліктеріне 23:00-ден таңғы 6-ға дейін жүруге рұқсат. Бұл көлік кептелісін азайтып, жолдағы қауіпсіздікті жақсартып, автомобиль жолдарының тез тозуына жол бермей, қала экологиясына кері әсерін азайтады деп отыр басқармадағылар. Ал транзиттік жүк көліктеріне айналма жол қарастырылған.

КОНДУКТОРЛАР ДАЛАДА ҚАЛМАЙДЫ
Қоғамдық көлікте кондукторлар жаз соңына дейін ғана жұмыс істеуі ықтимал. «Shuttle bus»-тан бастап, барлық автобустарда электронды төлем орнатылса, кондукторлардың қызметі қажетсіз болып қалады. Мобильді валидаторлар жүргізушінің жанына орнатылады. Бүкіл әлем баяғыда осы әдіске көшкен. Кондукторларды жұмысқа орналастырумен Жұмыспен қамту орталығы айналысады, сол себепті олардың далада қалуы екіталай» деп түсіндірді Б.Игенбердинов.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button