Басты ақпаратЕл тынысы

Қорғалжын қорығы



Жаздың жаймашуақ күндерінде суға шомылып, теңіз жағалауында тынығып, тарихи жерлерді тамашалағанға не жетсін, шіркін?! Күйкі тірліктен бір сәтке демалып, кім де болсын серпіліп қайтқанды қалайды. Бұл ретте бүгінде барлық мүмкіндік қарастырылған. Ақшасын төлесеңіз болды, жердің қай түкпіріне барып демаламын десеңіз де, туристік фирмалар кез келген бағытқа жол сілтеп, апарып-алып қайту қызметін көрсетуге дайын.

Қорыққа қалай жетуге болады?

Жалпы, қазір жұрттың көбі шетелге шығуға құмар. Дегенмен, өзіміздің елде де көрсең көз тоятын, керемет көрікті, жанға жайлы жерлер көп. Соның бірі – Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы.

Астананың оңтүстік-батысына қарай 130 шақырым жерде орналасқан Қорғалжын қорығы – қазақ даласындағы ғажайып жерлердің бірегейі. Пандемия басталғанға дейін ол жерге қалалық сапаржайдан күн ­сайын­­ 4 рет Астана – Қорғалжын бағытында автобустар қатынайтын. Қазір заман талабына сай олардың орнын жекеменшік такси қызметі алмастырып отыр. Мұндай машиналарды елорданың теміржол вокзалы алдындағы арнайы орындардан таба аласыз.

Өз көлігіңізбен баратын болсаңыз, Ақмола облысының көлік жолдары картасын жүктеп алуыңызға болады. Индрайвер арқылы такси қызметіне жүгінсеңіз, бір бағытқа 2500-3000 теңге төлейсіз. Соңғы үлгідегі салқындатқышы бар жайлы да жап-жаңа көлік иелері бір жарым сағат ішінде діттеген жеріңізге зыр еткізіп алып келеді. Тек, жол тақтайдай теп-тегіс деп айту қиын. 20-25 тонналық жүк көліктері жиі жүретіндіктен, кейбір жерлер езіліп кеткен. Күндіз тайға таңба басқандай ап-анық көрінгенімен, түнде жолда абай болғаныңыз жөн.

Айнала ұшы-қиыры жоқ ­сайын­ дала. Шетсіз-шексіз сызықтар еріксіз ойға жетелейді. Анда-санда қылаң беретін қалың ағаштар, ауыл шетінде жайы­лып жүрген жылқы, сиыр, қой қиялыңызға қанат бітіреді.

Бұл өңірді мекендейтіндер – өңкей қазақ. Өзге ұлт өкілдері мұнда жоқтың қасы. Жол сұрағанға кез келген адам жөнін айтады. Демек, бұл жаққа шықсаңыз, адаспайтыныңыз анық.

Қазақстанның орталық аймағында орналасқан Қорғалжын ауданы өзінің таңғажайып әдемі жануарлар әлемімен, яғни табиғи қорығымен танымал. Осы кереметті көруге ниеттілер алдымен аудан орталығына ат басын бұрып, мемлекеттік қорықтың музейіне соғады. Онда қорық тарихы туралы деректі фильм көріп, саяхат-орталықты аралауға болады. Содан соң қорыққа бару үшін арнайы гидтің көмегіне жүгінесіз.

Қазақ даласының қазынасы

Елу бес жылдық тарихы бар Қорғалжын қорығы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Жалпы ауданы – 543 мың 171 гектар.

1968 жылы 16 сәуірде құ­рылған қорық аумағында 123 үлкенді-кішілі, ащылы-тұщылы көлдер бар. Теңіз көлінің ұзындығы 85 шақырымды құраса, ені 35 шақырымға жетіп жығылады. Көл суы минералды саналады. 2000 жылдан бастап «Тірі көлдер» халықаралық ұйы­мына кірді. Әлемдегі ерекше бақылауды талап ететін Рамсар Конвенциясының «А» тобында тіркелген. Сондай-ақ 2012 жылы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО ұйымының биосфералық резерваттар жүйе­сіне қабылданды.

Еліміздегі 500-ден астам құстардың 80 пайызы Теңіз – Қорғалжын алабын мекендейді. Соның 37-сі Қазақстанның Қызыл кітабына кірген. Оларды көзімен көру үшін жыл сайын көптеген туристік ағым қорықтағы ерекше тіршілік иелерін тамашалауға ағылады.

Қорықта құстың 347 түрі көрсетілген, оның ішінде ұя басатыны – 126. Олардың 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына және 26 түрі Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесінде сулы-батпақты кешенді құстардың 112 түрі кездеседі, ол барлық Қазақстанға танымал 130-дан 87%-ды құрайды. Қорықта сүт қоректілердің 42 түрі, балықтың 14 түрі тіркелген.

Қорғалжын сулы-нулы жерде тұрғандықтан, мұнда өсімдіктің 500-ге жуық түрі бар. Олардың ішінде қызғалдақтың бірнеше түрі өседі. Әсіресе мамыр айының орта тұсында қылтиып шыққан дала гүлдері екі аптадай ғана өмір сүреді. Өкінішке қарай, соңғы кездері олар да сиреп барады.

Мемлекеттік қорықтың басты бренді – қоқиқаздар. Алыс және жақын шетелдерден ағылып жатқан туристер, ең алдымен, осы қоқиқаздарды тамашалауға келеді. Айрықша сұлулығымен ерекшеленетін әдемі құстар үшін Қорғалжын қорығы солтүстікте қоныстанатын соңғы мекен саналады. Олар жыл сайын көктемде Африканың шығыс-батысынан, Иран, Үндістан және Пәкістан елдерінен ұшып келіп, осында ұя басып, балапандарын қанаттандырып, қара күздің салқыны түсе бергенде келген жолдарымен жылы жаққа ұшып кетеді.

Қорғалжын қорығы аңдар мен жабайы жануарлар мекендейтін аймақ ретінде де кеңінен танымал. Мұндағы көлдерде мөңке, аққайран, линь, алабұға, шортан және торта балықтары өте көп. Сайын далада жүйткіген ақбөкендер ерекше қамқорлыққа алынған жануарлар тізімінде. Жыл сайын саны азайып бара жатқан бұл жануарды қорғауға және күтуге айрықша мән беріліп отыр. Теңіз көлінің маңында мекендейтін жабайы қабандар, борсықтар, суырлар, түлкілер, қасқырлар да қорықтың табиғи байлығына баланады. Балықшылар мен аңшылар қорық аумағына рұқсат арқылы ғана кіре алады. Ал олардың балық аулау және аңшылық жасауына тиісті бақылау жүргізіліп келеді.

Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, қасиет пен құт  қонған Қорғалжын жерінің табиғаты көркем, керемет! Ал қорығы – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияда­ғы аң-құсқа мейірлі мекен болып отыр­ған ерекше табиғат қазынасы.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button