Басты ақпаратҚұқық

Қорқаулар



Сот залындағы айыпкерлер орындығында үш жігіт пен бір қыз отыр. Жүздері сынық. Істеген істерінің енді ғана байыбына барып, өздеріне шығарылар үкімді үрейлене күтіп отырғандай. Әсіресе, өмірге әлі нық қадам баспай жатып, адам аузы бармайтын қылмыс жасап үлгірген жап-жас қыздың әрекеті естіген жанның төбе шашын тік тұрғызды.

Асқан қатыгездікпен адам өлтіріп, мүрдені бөлшектеп, цементпен араластырып, құйып тастаған бұлардың ең үлкені жиырма екі жаста болса, ең кішісі он сегізге жаңа толған екен.

Алғашқы шалыс қадам

Алена Норова мектеп қабырғасында жүріп-ақ қылмыс әлемінің есігінен сығалап үлгерді. Он екі жасында өзі оқитын білім ордасының дәлізінде өзі қатарлас қыздармен төбелесіп, біреуіне ауыр дене жарақатын салғаны үшін еңбекпен түзеу колониясына жіберілген. Одан босап шыққаннан кейін әкесін өмірі көрмеген, анасының қайда жүргенінен тіпті бейхабар ол «еркін өмір сүруге» бет алған.
Темір тордан босаған бойда барар жері, басар тауы болмағасын біраз жыл нағашы әжесін паналады. Бірақ бұл үйде де онша маңдытпады. «Төрімнен көрім жақын, әлдеқандай күн болады» деп зейнетақысынан тірнектеп жинап жүрген кемпірдің сандықтың түбіндегі ақшасын бір түнде қолды қылып, қайтып ол есікті ашпапты.
Ағайынға «әйкәпір» атанып, өмірден қағажу көріп жүрсе де, Аленаның жігіттерге келгенде жолы болғыш болып шықты. Он жеті жасында Юрий Паценко деген бизнесменмен көңіл қосып, бірге тұрыпты. Алты айдан кейін кәсіпкер қымбат бұйымдары мен ақшасының құпия жағдайда жоғалатынын сезіп, үйіне астыртын бейнекамера қойып, сұғанақ қолды келіншектің қылмысы бір күнде ашылып қалады. Сөйтіп, ол бұл үйден аман-есен шыққанына қуанған болуы керек, екінші қайтып ол жерге жоламапты. Бір таңғаларлығы, шала сауатты, еш жерде тұрақтап жұмыс істеп көрмеген бұл келіншек өзіне үнемі қалталы адамдардың назарын аудара білген.

Кәсіпкердің желігі

«Кәсіпкер Жарылқас Бекшин ұшты-күйлі жоғалып кетті» деген тосын хабар оны білетіндерді бейжай қалдырған жоқ. Иә, шаруасы қоңданып, айналасына кеңінен таныла бастаған шақта аяқ астынан ғайып болды. Әйелінің айтуынша, сол күні үйден келіп, түстік ішіп, «бүгін бір маңызды шаруам бар, кештеу келемін мені кешкі тамаққа күтпей-ақ қой» депті.
Із кесушілер бірнеше күн бойы күн демей, түн демей шарқ ұрып іздеді. Өзі де, машинасы да жер жұтқандай табылмады.
Суыт хабар бүкіл қалаға тез тарады. Тапа-тал түсте адам жоғалғасын «ол кім еді?» деп бір-бірінен сұрас­тырушылар көбейді.
Ал шындығында, Жарылқас Бекшин осыдан тура он бес жыл бұрын жоғары оқу орнын жаңа ғана бітіріп, Астанаға шалғай өңірден арман қуып келген қиялшыл жастардың бірі еді. Көз майын тауысып, бес жыл оқыған мамандығы да заман талабына сай болмай Арқа төсінде біраз әбігерге түскені бар.
Ауылда болса бірсәрі, қалада ветеринар – мал дәрігері мамандығы кімге керек? Жұмыс іздеп, біраз сандалды. Дегенмен, айы оңынан туған жігіт екен, автобус аялдамасында болашақ қайын атасымен танысып қалып, оның жекеменшік фирмасына жұмысқа тұрды. Алғашында «барып кел, алып кел» жұмыстармен жүрген қағылез жас жігіт бара-бара кәсіпкердің қызымен танысып, екі жас бірін-бірі ұнатты.
Қайын атасы кәсіпкер Елемес Сейітов те осы аймаққа кеңінен танымал, шаруасы дөңгеленіп тұрған, аты дардай адам еді. Жиһаз жасайтын, басқа да шаруашылыққа қажетті тауарлар өндіретін бірнеше цехы болды. Соның біріне болашақ күйеу баласын басшы етіп тағайындады.
Енді, міне, сөйткен күйеу баласы арада бірнеше жыл өткенде жұмбақ жағдайда жоғалып кетіп отыр.
Тергеушілерге берген жауабында әйелі Айдана кейінгі кезде оның суыт жүрісі өзіне ұнамағанын, алайда шаруасы жаңа ғана ілгерілеп келе жатқан кәсіпкерге кейістік білдіріп, кінә таға алмағанын айтты.
Дегенмен түнгі сағат 3-4-ке дейін үйге келмеу күннен-күнге әдетіне айнала бастапты.
«Кей күндері ащы суға сылқия тойғанынан тілі күрмелеп, сөйлей алмай төсегіне әрең жететін болды. Таңертең оянып өзіне-өзі келгесін:
«Кеше есің кіресілі-шығасылы, үйге әрең келдің ғой. Осыншама кештетіп қайда жүрсің? Оның үстіне ішімдікке де үйір бола бастадың» дегенімде:
«Бір маңызды адамдармен мәселе шешіп, дастарқан басында ұзақ отырып қалдық. Тың жоба бастадым. Соны ойдағыдай аяқтасам, барлығы да орнына келеді. Маған бола қам жеме, біраз шыда» деп жауап берді» деді.

Көз арбаған сұрқия

…Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде «Керуен» сауда, ойын-сауық орталығында отандық жиһаздар көрмесі ұйымдастырылды. Осы көрмеге сол күні Жарылқас Бекшин де келе қалды. Өйткені осындағы павильондардың біріне оның да шығаратын жиһаздары қойылған болатын.
Кәсіпкерді есіктен енген бойда көзі тұздай, зипа бойлы, ажарлы бойжеткен қарсы алды. Үстіндегі аспан түстес көгілдір көйлегі денесіне құйып қойғандай жарасып, іші-бауырына кіре жылы-жылы сөйлеген мұндай нәзік жанды қамал бұзар жастағы бизнесмен бұрын кездес­тірді ме, кездестірмеді ме, есінде жоқ. Тек жыланға арбалған торғайдай жетегіне ілесіп, жымиып күле берді.
Ал өзін «мен осы жердегі гид-жолбастаушымын» деп таныстырған бикеш құдды бір ескі танысын кездестіргендей өзін еркін ұстап, онымен емен-жарқын сөйлесті.
Көрмедегі нөпір топтан бөлектеп, шыр айналып қасынан шықпады. Тілегенге – сұраған. Көген көз татар қызының тамсана сөйлеген тәтті-тәтті сөздері мен қылымсыған құйтырқы қылығына еріксіз елітіп, қалталы азамат тіпті, оны сол жерде мейрамханаға да шақырып үлгерді.
Сөйтіп, ол алдын ала айлакерлікпен құрылған тұзаққа оп-оңай шырмалды да қалды.
Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай сапырып, бірді-бірге соғып, алаяқтықпен талайды қан қақсатып жүрген адам бейнелі әзәзілдің бір саусағы ішке бүгулі екенін ол сезген де жоқ.
Сол күні мейрамханада армансыз сауық-сайран құрды. Араға күндер салып қымбат-қымбат сыйлықтар тарту етті. Соңғы үлгідегі шетелдік «джип» машинасымен табиғаттың аясында қыдырт­ты.
Осының барлығы аздық еткен болуы керек сайқал әйел «ухажерін» қаланың сыртындағы жақын құрбысының коттеджіне барып, демалуға шақырды.
Жарылқас Бекшин бұл кездесуге үлкен бір салтанатты тойға бара жатқандай, ең қымбат костюмін киіп, барынша сәнденді. «Нақсүйерін» қуантқысы келіп, жолай дүкеннен лағыл алқа сатып алды. Сөйтіп, ешкімге айтпастан кештетіп асығыс жолға аттанды.
Ал шындығында, ол бұл жолы тура ажалына асығып бара жатқан еді.
Бұл ой Аленаның басына аяқ астынан келе қалған жоқ. Бұған дейін де сыбайластары Александр Романюк, Николай Паршин және Ламзур Курматовтармен бірге қылмыстық әрекеттерін оп-оңай іске асырып, дәнігіп алған болатын.
Сол күні де келісілгендей, олар қаланың адам аяғы саябырлау тұсынан ауласы ат шаптырым екі қабатты коттеджді жалға алып қойып, оңтайлы сәтті күтіп жатты.
Ал келіншек болса, ертіп келген «жемтігін» ішімдікпен әбден елтіген соң, есін жоғалта бастағанда сыбайластарын шақырып, буындырып өлтірген. Сосын пайдаға асатын заттарын сыпырып алып, мүрдені бөлшектеген де, алдын ала дайындалған шұңқырға тастап, үстін цементпен құйып тастаған.
Ал машинасын гаражға апарып бөлшектеген.

Көп асқанға – бір тосқан

Биыл көктемде Күйші Дина көшесінің бойындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласынан «лексус» маркалы қымбат көлік қолды болды. Иесі көлігін жоғалардан он күн бұрын ғана сатып алған екен. Із кесушілер екі көше қиылысындағы бейнебақылау камерасынан екі адамның сұлбасын көреді. Бірақ нақты кім екенін тайға таңба басқандай айтуға дәлел жеткіліксіз болады. Алайда көлік жоғалтқан адам қалталы болса керек, қандайда болса ақпарат берген адамға қомақты сыйақысы бар екенін жариялайды.
Сол сол-ақ екен, арада шамамен бір апта уақыт өткенде ұялы телефонға бейтаныс адам телефон шалып, бейсауыт жас жігіттердің гараждарына әлсін-әлсін түрлі маркалы машина айдап келетінін айтады.
Міне, сөйтіп жіптің бір ұшы із кесушілердің қолына ілігеді.
Полиция Александр Романюк пен Николай Паршинді жалға алған гараждарында қолға бірден түсіреді. Ал Ламзур Курматов пен Алена Норованың қолдарына кісен екі күннен кейін салынды.
Жазықсыз талай жанның қанын жүктеген қорқаулар өлердей қорқақ болып шықты. Кінәні бір-біріне артып, бүкіл қылмыстарының бетін әп-сәтте ашып берді.

(Белгілі себептерге байланысты кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілді)




Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button