Мәдениет

Қорқыттан ықыласқа дейін



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға қарасты қазақ оркестрінің ХХVІ концерттік маусымы қобызшы Ықылас Дүкенұлының 180 жылдығына арналған «Жезкиік» атты рухани өнер кешімен жабылды. Концерт Ұлттық әскери патриоттық орталықта өтті.

Қобыз дегенде алдымен Қорқыт еске түседі. Оркестрдің орындауында Қорқыттың күйімен ашылған кеште қобыз атасы мен Ықыластың күйлері қатар салтанат құрды. Сондай-ақ Ықыласқа арналған қазіргі күйшілер мен композиторлардың шығармалары орындалды. Ықыластың өмірі мен шығармашылығынан деректер, күйлерінің шығу тарихы айтылды.

Ықылас Дүкенұлы қобызшылар әулетінен шықты. Оның атасы Алтын да, әкесі Дүкен де қобыз тартқан. Оның үстіне Ықылас туып, өскен ортада сол заманда күйшілік қатты дамыды. Тәттімбет, Сайдалы Сары Тоқа, Дайрабай, Итаяқ, Қыздарбек, Итаяқ, Әбди сынды күйшілердің күйлерін бала кезінен естіп, күйлерін құлағына құйып өсті. Осы аталған кейбір күйшілердің көзін көріп, сыйлас та болған. Сөйтіп Ықылас күйшілік дәстүрді әрі қарай дамытып алып кетіп, қобыз күйлерінің негізін салушы адамға айналды. Күйлерінің шығу тарихы да әртүрлі. Мәселен, «Ерден» күйімен ұлынан айырылып, қаралы болып отырған аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының қайғысын сейілтті.

Кеште Қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі – бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов бір дерек айтты. Ертеде қобызбен күй ғана тартылмай, жыр да айтылатын болған. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов өз заманында жазып кеткен. Осы дәстүр қазір қайта оралып келе жатыр. Атыраудан келіп, осы кешке арнайы қатысқан қобызшы, өнер зерттеу­ші, мәдениет саласының үздігі Ақнар Шәріпбаева көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің өлеңіне жазылған «Елдің Ықыласы» әні және «Атаға арнау» атты өзінің туындысын ұсынды. Осы кештің өтуіне үлкен үлес қосқан қобызшы Жанар Жүсіпова «Ықылас ата ізімен» атты авторлық шығармасын орындады. Айдос Оңғарбай қобызбен жыр айтты. Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісовтің «Атаға сыр» әні шырқалды. Филармонияның «Сарыарқа» және «Қорқыт» ансамбльдерінің қобызшылары өнер көрсетті.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button