Мәдениет

Қос талантқа тағзым концерті



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрі тарихында күйші-композитор, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдаболов пен күйші-­композитор, дирижер, Мәдениет саласының үздігі Мұхаметқали Тіналин есімдері ерек орын алады. Алғашқысы осы оркестрдің негізін қалаушы, алғашқы көркемдік жетекшісі-бас дирижері болса, екіншісі оркестрде дирижер, музыкалық шығармаларды өңдеу­ші болып жұмыс істеді. Жалпы бұл екі азамат ұлттық өнер мен Астана мәдениетінің өрлеуіне өлшеусіз үлес қосып кетті. Жуырда аталмыш оркестр осы өнер иелерінің рухтарына тағзым ретінде «Дарынгер» атты еске алу кешін өткізді.

Қос талант ән-күйге кішкентайынан құштар болды. Мырзағали Айдаболов 8 жасқа толған шағында ұлының музыкалық қабілетін байқаған аңғарымпаз әке өзі қолдан домбыра шауап беріпті. Сол сәттен бастап төл аспабымыз  қолынан түспей, өмірлік жан серігіне айналды. Асқақ арманы жетелеп, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка училищесіне келіп, «домбыра және оркестр дирижері» мамандығы бөліміне оқуға түседі. Одан кейін Құрманғазы атындағы консерваторияға Хабидолла Тастановтың және Фуат Мансуровтың кластарына түсіп, білімін жетілдіреді.

Мырзағали Айдаболов 1997 жылы Астана әкімдігінің шақыруымен елордаға қоныс аударып, қалалық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құруға кіріседі. Өнер ұжымын күндіз-түні дайындап, 1998 жылдың 15 сәуірінде «Жастар» сарайында оркестрдің тұсаукесер концерті өтті. Бұл астаналық филармонияның негізін қалаған алғашқы өнер ұжымы болды. Мырзағали Айдаболов соңғы демі таусылғанша оркестрді басқарып, қалыптастырып кетті.

Мұхаметқали Тіналин балалар музыка мектебінде баян аспабы бойынша білім алды. Құрманғазы консерваториясында Хабидолла Тастановтың сыныбында оқи жүріп, Ғазиза Жұбанова, Кенжебек Күмісбеков, Латиф Хамиди сынды белгілі өнер қайраткерлерінің тәлімін көрді. Студент кезінен  аса жоғары музыкалық қабілетімен көзге түсті. Жоғары курста оқып жүргенде Бішкек қаласында өткен ІІ Бүкілодақтық халық аспаптарында орындаушылар байқауына қатысып, лауреат атанады. Сол кезден бастап  арнайы шақыртумен Құрманғазы атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрімен, «Гүлдер», «Шалқыма» эстрадалық ансамбльдерімен бірнеше елдің сахналарында өнер көрсетті.

Консерваторияны аяқтағаннан кейін өзі туған Целиноград қаласына оралып, өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Тың игерушілер» сарайының «Алтын дән», облыстық филармонияның «Армандастар» эстрадалық ансамбльдерінде жетекшілік етті. Ақмола өңірінде алғашқы халық аспаптары оркестрін құрып,  қазақ оркестріне арналған көркем туындылардың жарыққа шығуына еңбек сіңірді. Қазақ аз қоныстанған  аймақта қазақ халық аспаптары оркестрін құру оңай болмады. Бірақ алдына үлкен мақсат қойған талантты музыкант Сарыарқа төрінде қазақ аспаптарының үнін асқақтатып, елдің рухын оятты. Өмірінің соңына дейін Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс беріп, астаналық филармониямен байланысын үзбеді. 40-тан аса ән-күй, музыкалық туындыларды жазып, 200-ден аса шығарманы оркестрге, ансамбльдерге лайықтап өңдеді.

«Дарынгер» кешінде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі (бас дирижері-көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов), қос музыканттың шәкірттері мен ұрпақтары, филармония солис­тері олардың төл туындылары мен өңдеген шығармаларын, қос тарланға арнауларды орындады. Атап айтқанда, белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, қобызшы Жанар Жүсіпова, Мәдениет саласының үздігі Нұрай Танабаев, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда, Мырзағали Айдаболовтың қызы Гүлжан Айдаболова, Мұхаметқали Тіналиннің перзенті Перизат Тіналина өнер көрсетті. Осы кешке атау берген «Дарынгер» туындысын Мұхаметқали Тіналин майталман музыкант Нұрғиса Тілендиевке арнаған еді. Осы шығарма да орындалды.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button