Елорда тынысы

Қосымша білім беру жайы қалай?



Астана қаласының комму­никациялар қызметі алаңында «Қосымша білім беру саласындағы жаңа жобалар» тақырыбында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан ҚАЙЫРБАЕВА брифинг өткізді.

5 күндік оқуға көшу балалардың бос уақытын қосымша үйірмелермен қамтылуына үлкен мүмкіндік береді. Осы мақсатта әкімдік тұрақты негізде балаларға арналған ұйымдар ашу бойынша жұмыс жүргізуде.

Қазіргі уақытта Астанада 11 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымы, 158 филиал, 10 community-орталық (2 оқушылар сарайы, 3 балалар музыка мектебі, 2 өнер мектебі, 1 балалар көркемсурет мектебі, 1 техникалық шығармашылық орталығы, «Өркен» балалар-жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығы) жұмыс істейді. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан 24 мыңнан астам бала үйірмелер мен секцияларға жеңілдікпен және тегін негізде барады. Мектептен тыс ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде спорт секцияларымен қамтылған білім алушылардың үлесі 44,5 пайызды (88555 бала) құрайды. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында 910 спорт секциясы жұмыс істейді. 92 мектепте ашық ауада көпфункционалды спорт алаңдары (жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары) бар. 88 мектеп футбол алаңы, 71 мектеп баскетбол алаңы, 67 мектеп волейбол алаңымен жабдықталған, сондай-ақ 8 стационарлық хоккей корты, 10 теннис корты бар.

Театрға тегін барады

Қалалық Білім басқармасы бүгінгі таңда Мәдениет басқармасымен бірлесіп, «Балалар және театр» жобасын іске асыруда. Балалар театрға тегін барады. Жыл соңына дейін 50 мыңнан астам бала қамтылады. Жалпы білім беретін мектепте ұлттық спорт түрлері (тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату), ұлттық өнер (домбыра және дәстүрлі ән айту, қазақ биі, қазақ әні) бойынша «Altyn urpaq» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында елорданың 40 мектебінде 10 мыңнан астам баланы қамтуды (оның ішінде ұлттық спортпен 3872 бала, ұлттық өнермен 5378 бала) 170 педагог жүзеге асырып отыр. Жалпы білім беретін мектептерде «Оқушының мәдени нормативі» жобасы, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру платформасы жұмыс істейді. Бұл жоба 86500-ден астам баланы қамтыған 42 мектепте жүзеге асырылды.

Мектептерде «Алтын домбыра» жобасы бойынша 64 домбыра үйір­месі жұмыс істейді, 44 үйірмеде 1656 баланы қамтыса, ақылы негізде 702 оқушыны қамтиды. Мектептерде 1452 оқушыны қамтыған 53 шахмат үйірмесі бар. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында 38269 білім алушыны қамтыған 92 пікірталас клубы құрылды, 557 мектеп турнирі өткізілді. 2022-2023 оқу жылынан бастап Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында мектеп және студенттер парламентінің жедел штабы құрамында 69634 адам бар. Оған 127 ұйым – 94 мектеп және 33 колледж кіреді. «Жасыл мектеп» жобасы аясында демеушілік көмекпен 18 мектепте және колледжде 19 жылыжай ашу жоспарланды.

IT саласын меңгереді

Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында балаларды IT саласына қызықтыру мақсатында 100 орындық Sana креативті білім беру орталығының жұмысы іске асырылды және осы жобадағы балаларды қамтуда ол 3 алаңнан: робототехника кабинеті, «Makerspace» STEM кабинеті және «IT Lab» бағдарламалау алаңынан тұрады. Қазір Sana орталығында 2450 бала оқиды. Қалада Оқушылар сарайының филиалдарын ашу жұмысы оң нәтиже беріп келеді. «Bilim park» қосымша білім беру орталығы жобасының сол жағалаудағы Оқушылар сарайындағы филиалы (робототехника, кеме, авиа, зымыран модельдеу және бейнеграфия) оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін жаңа ақпараттық технологияларды меңгеруге үйретеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button