Мәдениет

Құлақ құрышын қандырды



Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы елордадағы әртүрлі сахнада ұлттық және классикалық музыкадан үш бірдей концерт ұсынды. Қазақ оркестрі, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті және «Forte Trio» мемлекеттік триосы қала тұрғындары мен қонақтарының құлақ құрышын қандырып, жан сарайын ашты.

Қазақ оркестрінің XXVII концерт маусымы елорданың ширек ғасырлық мерейтойына арналған «Астана – өнер ордасы» бағдарламасымен ашылды. Ұлттық әскери-патриот­тық орталығының концерт залында өткен кеште қазақ және әлем композиторларының таңдаулы шығармалары орындалды.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов пен оркестр дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекеновтің жетекшілігімен өнер ұжымы Түркештің «Көңілашар», Тәттімбеттің «Саржайлау», Дина Нұрпейі­сованың «Әсемқоңыр», Құрманғазының «Сарыарқа» және «Серпер», Жанар Жүсіпованың «Тұран», Айтбай Мұздахановтың «Аманкелді дүбірі», Нұрлан Бекеновтің «Мұқағали» шығармаларының оркестрлік өңдеулерін ұсынды. Сонымен қатар Жорж Бизенің «Кармен» және Вольфганг Амадей Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операларынан ұлттық аспаптар оркестріне арналған увертюралар әуеледі.

Оркестр мүшелері – Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін шертсе, қобызшы-композитор Жанар Жүсіпова «Ықылас» күйін сарнатты. Оркестрмен бірге мәдениет саласының үздігі Ботагөз Тәшімова Еділ Құсайыновтың «Қыпшақ жыры» шығармасын, Айтқали Жайымовтың «Отпан тау» күйін халықаралық байқаулардың лауреаты Қайрат Жұмағалиев орындады.

Филармонияның академиялық вокал бөлімінің әншілері Талғат Аллабиринов оркестрдің сүйемелдеуімен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» және Ди Капуаның «O, sole mio» әндерін шыр­қады. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреа­ты Алтынбек Әбілда Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы мен Еркеғали Рахмадиевтің «Бала ғашық» туындысымен өнер көрсетті. Халықаралық байқаулардың лауреаты Фируза Рахметова Луиджи Ардитидің «Сүйейік» және Латиф Хамидидің «Бұлбұл» шығармаларын орындады. Концерт шымылдығы Арман Жайымның «Қазақ елі» және Ермұрат Үсеновтің «Астана» әндерімен жабылды.

Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті «Музыка мәңгілік: XIX, XX, XXI…» атты концертін «Астана Опера» театрында өткізді. Атауы айтып тұрғандай, кеш бағдарламасында үш дәуірдің шығармалары орындалды. Атап айтқанда, неміс композиторы Людвиг ван Бетховеннің, Дмитрий Шостаковичтің және Төлеген Мұхамеджановтың ұстазы Ғазиза Жұбанованың рухына арналған №1 ішекті квартеті ойналды. Квартет құрамы: Ернар Мыңтаев (виолончель) – ұжымның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айдар Тоқталиев (бірінші скрипка), Алексей Лебедев (екінші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт).

Ал «Forte Trio» мемлекеттік триосы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «Еуропаның ұлы композиторлары» циклынан «Музыкалық саяхат. Чехия» концертін ұсынды. Онда Антонин Дворяк пен Берджих Сметананың шығармалары орындалды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button