Басты ақпаратМәдениет

Құнды көрме



Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің «Алаш аманаты» атты көрмесі ашылды. Оған Ертіс-Баян өңірінде Алаш ардақтыларына қатысты соңғы жылдары табылған тың деректер, қолжазбалар, көне кітаптар және сол аймақтан шыққан көрнекті тұлғалардың өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер қойылды.

Мәдениет және спорт ми­нистр­лігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш көрменің мән-маңызына тоқталып, небір дүлдүлдер мен бұлбұлдарды қазаққа берген Кереку өңірінде тарихымыздың қалың беттері жатқанын атап өтті. Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы күні кеше ғана туған күніне орай Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды қалаларында шығыстан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевты еске алу шаралары өткенін айтып, ұлы ғалымның қазақ тарихына қосқан үлесіне тоқталды.

– Қаныш Имантайұлы Ұлттық ғылым академиясын басқарып отырған кезде 1959 жылы сирек қолжазбалар қоры туралы осы саладағы алғашқы бұйрықты шығарған екен. Яғни сол заманда сирек қолжазбалар қорының құрылуына, болашаққа ұлттық құндылықтардың жетуіне алғышарт жасады. Соның арқасында бүгінде Ұлттық ғылым академиясында осындай қор жұмыс істеп тұр, – деді сенатор.

Алтынбек Нухұлы әлі қаншама құнды қолжазба ашылмай жатқанын, бұл салада атқарылар жұмыс өте көп екенін айта келе, сол Ұлттық ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында жатқан араб-парсы тілдеріндегі, қадим жазуындағы көптеген жазбалар кириллицаға аударылмағанын айтты.

– Ұлттық құндылықтарымыздың кейбіреуін әлі білмей жатқан жағдайымыз бар. Сирек қолжазбалар арқылы ұлттық құндылықтарымыз байып, ақсап жатқан ұлттық идеологиямызға қан жүгіреді. Мәселен, бір ғана Мәшһүр Жүсіпті алатын болсақ, оның жиырма томдығы шықты. Алайда кадим жазуындағы тағы да он томдық еңбегі әлі жарық көрмей жатыр. Бұл – қаншама дүние, – деді Парламент Сенатының депутаты.

Астана қаласы мәслихатының депутаты Бахаргүл Төлеген бұл ұлттық құндылықтарымызды көрсететін, тамыры терең тарихымыздың барынан хабар беретін ерекше көрме екенін айтты. Павлодар облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан көрмеге әкелінген қолжазбалар мен жәдігерлерді таныстырды. Оның айтуынша, қазір ұлы Абайдың 1909 жылы Санкт-Петербургте шыққан тұңғыш жинағының бес-ақ данасы бар. Соның бірі – көрмеге қойылған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіндегі кітап.

Сонымен қатар, көрмеден Мәшһүр Жүсіптің жәдігерлерін, соның ішінде бойтұмарын, Ахмет Байтұрсынұлының араб қарпімен жарық көрген «Маса» және «Қырық мысал» жинақтарын, Нәзір Төреқұлов осыдан тура жүз жыл бұрын шығарған «Темірқазық» журналын, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы сынды Алаш қайраткерлеріне қатысты жәдігерлерді, күрескер ақын, халық композиторы Мәди Бәпиұлының «Құранын», халық композиторы Естай Беркімбайұлына қатысты, биылғы мерейтойлар иелері – актер, Қаз КСР Халық әртісі Шахан Мусин, ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев, басқа да көрнекті тұлғаларға қатысты жәдігерлерді тамашалауға болады. Бұқар жыраудың туғанына 155 жыл толуына арналған көрме 26 сәуірге дейін жалғасады.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button