Имантаразы

Құрбан малының құны қанша?

Иә, Құрбан айт жақындаған кезде құрбан шалуға ниет еткен жандардың бәрін осындай сауал алаңдататыны анық. Жыл сайын құрбандыққа шалынатын малдың құны өсіп отыратынын да жақсы білеміз. Осы орайда көпшіліктің көкейіндегі сауалды Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы Жұманазар Садырхановқа қойдық.

«Астана қаласы бойынша барлық базарлардағы, құрбандық шалатын жерлердегі 1 қойдың құны – 75 000 теңге. Бұл – мүфтиятпен, базар басшыларымен және кәсіпкерлермен келісіп жасалған ортақ баға. Ал ірі қараның елорда бойынша орташа бағасы – 490 000 теңге. Құрбан айт күні қалада 70 мың теңгеге де, 80 мың теңгеге де қойлар сатылуы мүмкін. Ең басты шарты – құрбандыққа шалынатын малдың жасы 1 жастан асуы керек. Ал ірі қараға келетін болсақ, оны 7 адам бірігіп сатып алып, құрбандыққа шалуына болады. Малдың жасы 2-ге толуы немесе 2 жастан асуы шарт. Бұл жерде «Жетеудің бірі бол!» деп аталатын құрбан шалу акциясы өтетінін ұмытпаңыздар. Әдетте ірі қараға түйе я болмаса сиыр таңдалады. Түйе көбінесе ыстық өңірлерде өсірілетіндіктен, Астанада жоқ болғандықтан, құрбандыққа сиыр шалынады. Сол себептен 7 адам 70 мың теңгеден шығарғанда 490 мың теңге болады. Басқа өңірлерде ірі қараның құны әртүрлі: 430 мың, 450 мың, 550 мың және 350 мың теңгеге сатылады» деп түсіндіріп берді мәселенің жауабын Әзірет Сұлтан мешітінің наиб-имамы.

Ол сондай-ақ құрбандыққа шалынатын малды таңдаған кезде ең жақсысына тоқталу қажеттігін айтады. «Ең бастысы, құрбан малының дені сау, семіз, құрбан шалатын жерге өз аяғымен жүріп келген мал болуы шарт. Бір құлағы толық түсіп қалған, бір көзі ағып кеткен, ақсақ-тоқсақ қойлар құрбандыққа жарамайды. Пайғамбарларымыз да құрбан шалғанын білеміз. Мысалы, Ибраһим пайғамбардың, Адам Атаның екі баласы Абыл мен Қабылдың да құрбандықтары болған. Өз пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. да кезінде арнайы құрбан шалған. Демек ең жақсы малды таңдап, шынайы ниетпен құрбан шалыңыздар. Алла Тағала құрбандықтарыңызды қабыл етсін!» дейді Жұманазар Садырханов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button