Имантаразы

Діни ахуалың қалай, елорда?

Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында елордадағы діни ахуал талқыланды. Тиісті баяндаманы қалалық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев жасады.

Оның айтуынша, жалпы алғанда, Астанадағы діни ахуал­ды тұрақты деп сипаттауға болады. Бірақ ерекше бақылауды қажет ететін жайттар да бар. Осы күні елорда аумағында 14 конфессиядан 56 діни бірлестік тіркелген. Соның ішінде ислам дініндегі 16 бірлестік (1 – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ), 15 – ҚМДБ филиалдары), Орыс православ шіркеуі – 6, Рим-католик шіркеуі – 4, протестанттық – 28, иудаистік – 1, бахаи – 1, кришна – 1.

Қазіргі уақытта бас қала аумағында 33 ғибадат ғимараты қызмет көрсетеді (ислам діні – 15, православтық – 4, католиктік – 3, протестанттық – 10, иудаизм – 1). Ал ғибадат ғимаратының сыртында діни рәсімдерді жасауға рұқсат етілген 19 ғимарат тіркелген. Соның біреуі – жетінші күн адвентистерінің жергілікті шіркеуінің ғимараты және 18 намазхана. Намазханалар «Rixos Prezident Astana» қонақүйінде, «Хан Шатыр» сауда-ойын-­сауық орталығында, «Редиссон» қонақ­үйінде, «Керуен», «MEGA Silk Way», «Абу-Даби Плаза» сауда-­ойын-сауық орталықтарында, «Таңдау» ЖШС-те, «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында, «Нұрлы жол» теміржол вокзалында, «Амара инвест» ЖШС-те (хоспис), «Болашақ» бизнес орталығында, Халық­аралық қаржы орталығы ғимаратында, «Дара-2006» ЖШС-те, «Қазмедиа орталығы» ғимаратында, «Automart» ЖШС-те, «Сарыарқа» сауда-ойын-сауық орталығында, «Sauran» сауда орталығында, «Гловал Деволопмент» ЖШС-те ашылған.

Елорда аумағында ресми тіркелген 43 миссионер жұмыс істейді. Соның ішінде Польша азаматтары – 6, Үндістан – 3, Украина – 2, Германия – 6, Ресей Федерациясы – 12, АҚШ – 3, Словения – 1, Беларусь – 1, Қырғыз Республикасы – 1, Өзбекстан – 2, Қазақстан – 5, Ұлыбритания – 1.

«Қазақстан халқының құндылықтарын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және өскелең ұрпақ арасында дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыру мақсатында биыл 5 наурыз­да Достық үйінде елорданың діни бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен «Саған шексіз алғыс, туған жер» дөңгелек үстел мәжілісі өтті» деді Қайролла Көшқалиев.

Елордадағы діни-ағарту жұмысына тоқталған баяндамашы бас қала аумағында «Астана медресе» колледжі жұмыс істейтінін жеткізді. Онда қазір 166 студент (97-сі – ер бала, 69-ы – қыз бала) оқып жатыр. 2020 жылдан қала әкімдігі тарапынан имам-хатыб мамандығына 200 грант бөлінді.

Астана аумағында жамағатқа тиесілі 6 қайырымдылық мекеме қызметін жүзеге асырады. Бұл – «Отырар» қайырымдылық мекемесі, «Ақмола» қайырымдылық мекемесі, «Астана» қа­йырымдылық мекемесі, «Ескендір» қайырымдылық мекемесі, «Бурабай» қайырымдылық мекемесі және «Ақ қорған» қа­йырымдылық мекемесі. Мұнда 143 бала оқып жатыр.

«Қазіргі уақытта ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Астана қаласы басқармасының шешімімен қайырымдылық мекемелері қызметін тексеру жүріп жатыр. Осы жылдың басынан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзғаны үшін, сондай-ақ қоғамда діни алауыздық тудырғаны үшін 36 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Астана қаласының арнайы ауданаралық әкімшілік соты 11 құқық бұзушыға 1916000 сомасында айыппұл салды. Құқық бұзушылығы ұсақ болып саналғандықтан, 25 адамға ескерту беріліп, аталмыш заң талаптарын түсіндіру бойынша профилактикалық жұмыс жүргізілді» деді Қайролла Көшқалиев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button