Білім

Жаңа жоба – жаңа мазмұн

Білім беру мекемелерінде креативті жаңа жобаларды енгізу және көптеген әдісті қолдана отырып, жаңа мазмұнды білім беру жүйесі құрылуда. Жаңашылдықты енгізуде оқушылардың бойында жеке тұлға ретінде қалыптасуына тікелей септігін тигізетіндей меңгертуге тиіс жобалардың болғаны дұрыс.

Мектебімізде бірнеше жылдан бері «Lesson Study» зерттеуге бағытталған жоба өз жолын тапқан болатын. Жобаның басты мақсаты – сабақты зерттеу үдерісінде ненің тиімді болғанын және алдағы уақытта нені өзгерту қажеттігін талқылай отырып, анықталған қиындықтарды бірлесе отырып шешу. Бастауыш сынып оқушыларының қабілетін дамытуда баланың мүмкіндігін ескеріп отыру абзал. Оқушылардың жас ерекшелігіне сай оқу үдерісінде қолайлы тәсілдер жетістікке жетуге мүмкіндік туғызады. Жобаны іске асыру мақсатында оқу жылының басында мектепте зерттеу топтары құрылды. Зерттеу топтарында кездесу кестесі жасалып, сабақты зерттеу тобының жұмыс жоспары белгіленді. Зерттейтін сыныпты таңдау себебі – сынып жетекші Әсия Аманжолованың сыныптағы оқушылардың қазақ тілінде еркін өз ойын айта алмауы және орыс тілді оқушылардың басымдылығы. Сыныпты бақылауға ала отырып зерттеу сұрағы анықталды. Бұл «әдебиет сабағында оқушылардың айтылым дағдысын қалай дамытуға болады?» деп қойылды. Сұрақ аясында проблемаларды шешудегі басты құрал – сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануды өзара ақылдасып отыру болды. Сабақ үдерісіндегі проблемаларды шешу үшін сабақты зерттеуді қолға алып, жекелеген оқушыларға да назар аударылып отырды. Сабақты зерттеуде ортақ проблема бойынша нұсқаулықтар құрылды. Ең маңызды əрі күрделі кезеңдердің бірі болған сабақты бірлесе жоспарлау. Себебі белгілі бір жүйемен бірлесе жұмыс істеген өте тиімді және ұтымды екеніне көзіміз жетті. Оқушылармен мақал-мәтелдер жарысын, жұмбақ айтқызу арқылы қызықтырып, тіл байлығын одан әрі дамыту жолдары жалғасуда. Сабақта қолшатыр, жұмыртқа аршу, еркін микрофон, т. б. əдістер оқушылардың тілін дамытуға, еркін сөйлеуге жиі қолданған тиімді әдістің бірі болды. Фокусқа сүйене отыра, бұл жерде анықталған зерттеу сұрағының ең маңызды тұсын ескеріп отыруды жөн көрдік. Мысалға айтқанда, оқушы үнін ескеру деген – сабақты жоспарлауда оқушылардан алынған сауалнамалар мен сұхбатқа назар аудару. Сабақтан кейін оқушылармен сұхбат жүргізу сұрақтарын әзірлеу. Оқушыларға сабақ барысында қызықтырған және жеңіл орындалатын тап­сырмаларды түрлендіру. Топтық және жеке жұмыстарда осындай жұмыстардың жоспарын құрумен қатар талдауын жасап отыру. Әр сабақтың хаттамасы негізінде келесі зерттеу сабақтардың талдауы да жоғарыда айтылған негізі бойынша жоспарланып отыруы болды. Зерттеу сабағында тиімді әдіс-тәсілдерді оңтайлы қолдана білу, мұғалімдердің өзара ақыл­дасу арқылы жүзеге асып отырды. Сынып жетекшісінің әрбір сөзін түртіп алып, оқушылардың бо­йындағы өзгерістер туралы айтып отырғаны айтарлықтай қуантты. Тіпті көзге көрінбейтін кішкентай болсын жақсы жағынан өзгерістер зерттеудің нәтижесін көрсетті. Қорытынды немесе нəтижелерді бақылау парағына жазып, ашық зерттеу жүргізіп отыру жұмыс­тың тура жолға қойылғанына көзімізді жеткізді. Әдебиет пәнінде оқушылардың айтылым дағдысын жетілдірдерді қолдануда мәтіннен алған жаңа ақпаратты сұрыптай алатындай, тапсырмаларды қолданған соң рефлексия жасалып отырды. Қаншалықты тапсырмалардың жеңіл және күрделілігі, мәтін бойынша жеңіл және күрделі сұрақтар құрастыра алуы, мәтін идеясын өмірмен байланыстыра алуы деген сияқты талаптар ескеріліп отырды. Баланың білімді әрқайсысы қабілетіне қарай әртүрлі қабылдайтынын ескере отырып, «зерттеу арқылы оқыту» тапсырмалары құрастырылды. Оқушылар өз бетінше немесе өзге оқушылармен топтасып, бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Зерттеу барысында топтасып жұмыс істегенде жекелеген оқушылардың мінез-құлқында оңтайлы өзгерістерді байқадық. Топта өз ойын ашық айту, жанындағы балалармен қарым-қатынасы және топтық тапсырманы бірлесе орындауы берілген тапсырмалардың тиімділігін көрсетті. Оқушылардың құзыретін бақылауда олардың берілген ақпаратты қабылдауы және дағдысын қалыптастыруда еркін белсенділік танытқаны алдыңғы сабақтардан одан әрі байқала түсті. Олардың шығармашылыққа деген қызығушылығы артып, берілген тапсырмаларды нәтижелі орындауға мүмкіндік берді. Гүлнұр Дүйсенқызының сабағында тақырыпты ашуға әртүрлі топтық ойындар, жеке жұмыс түрлері және дәптермен жұмыс жүргізілді. Оқушылар сурет бойынша сөйлем құрастырып, өз ойын айтты. Әсия Аманжолова өз сабағында ашық микрофон әдісін қолдана отырып, оқушыларды сөйлете білді. Бейнежазба көрсету арқылы қосымша ақпараттар берді. «Жұмыртқа аршу» әдісінде оқушылар сөздерден сөз тіркесін құрастырып шықты. Берілген сөздердің мағынасын ашып, дұрыс мағыналы сөйлемдер құрастыра білді. Зерттеуші мұғалімдердің зерттеу барысында қарапайым тапсырмаларды тәжірибе арқылы, мәтінмен жұмыс, сызбамен, суретпен жұмыс жүргізіп отыруы жобамызды нәтижелі ететініне жетелеп келеді. Демек, оқушыларды жеке тұлға етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен олардың қабілетін дамытудың мәні зор.

Қорытындылай келе, «Lesson Study» зерттеуге бағытталған жобасының қазіргі заман талабына сай туындап отырған өзекті мәселелерді шешудің бір түрі екеніне сеніміміз арта түсті. Зерттеумен қатар мұғалімдердің ойында жүрген сұрақтарға жауап алдық. Осы жоба төңірегінде педагогтар бір-біріне аянбай әдістемелік көмек көрсетті. Оқушылардың сабаққа деген белсенділігі, қызығушылығы арта түсті. Ең басты мәселе – тілдік құзыреті дамып, өз ойын ашық айта бастады. Сондықтан алғашқы мақсатымыз – қызығушылық танытып отырған саланы тарылту, мейлінше қолайлы әрі нақты зерттеу нысанын анықтап алу. Зерттеу тақырыбынан зерттеу нысанына ауысудың бірнеше кезеңі арқылы таңдалған әдебиеттерден қосымша мәліметтер жинау арқылы тәжірибеге көшу. Жас зерттеушілер бұл үдерісті оңай деп тапқанмен, оны кең ауқымды бірнеше жылдық жоба деп қабылдау қажет. Зерттеу арқылы нақтылы нәтиже бере алатын мақсатқа жете алу үшін осы жобаға байланысты ақпаратпен танысып, көздеген мақсатқа, тәжірибе мен теорияны ұштастыра отырып, белгілі бір нәтижеге келе аламыз. Әрқашан ізденіске дайын болайық!

Бақыт УРАЗБАКОВА,

Астана қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы

№76 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button