Елорда тынысы

Спорттық іс-шаралар шақырады

Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында елордада сәуір-мамыр айларына жоспарланған спорттық іс-шаралар туралы мәлімет берілді. Баспасөз мәслихатына қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов, Астана қаласы әкімдігі спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Рауан Сақыпов қатысты.

 15-19 сәуір аралығында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Астана қаласының зейнет­керлері арасында шахмат турнирін ұйымдастыру жоспарланған. 17 сәуір күні «Триатлон» саябағында «Олимпиада ойындарына 100 күн» атты 5 шақырым қашықтыққа жүгіру жарысы өтеді. 27 сәуірде «Senat Open» І ашық кубогының іріктеу кезеңі өтеді. Жарысқа қалалық мәслихат депутаттары, қалалық Қоғамдық кеңестің мүшелері және ЭЛО рейтингі 2000-ға дейінгі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.

1 мамыр күні елорданың бес ауданында Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. 9 мамыр­да «Триатлон» саябағында Ұлы Жеңіс күніне арналған жеңілатлетикалық эстафета елорда мектептерінің 8, 9, 10-сынып оқушылары және ЖОО студенттері арасында өтеді. 10-12 мамыр аралығында дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam-2024 рейтингтік турнир өткізу жоспарланған. Бұл сайыс – Париж Олимпиадасына рейтингтік ұпай беретін соңғы Grand Slam турнирі. 18 мамырда «Триатлон» саябағында «Run for Autism» қайырымдылық жарысы ұйымдастырылады. Бұл – аутизмге қарсы күреске бағытталған 1 км, 2,5 км, 5 км, 10 км қашықтықтағы қалалық ауқымды спорттық іс-шара.

«Аstana Half Marathon» биыл үшінші жыл өткізілмек. Бұл – спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушыларға арналған жүгіруден ең ірі және көрнекті жарыстың бірі. Оған 16 жастан бастап қатысуға болады. Мамыр айында «Aspan» спорт кешенінде ересектер арасында қазақ күресінен «Астана Барысы» іріктеу турнирі ұйымдастырылады. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында бокстан «Elorda cup» турнирі өтеді. Бұқаралық веложарыс маусымының ашылуы мамыр айына жоспарланған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button