Ел тынысы

Жүгіру – астаналық тренд

Елордада көктемгі жүгіру іс-шарасы өтті. Триатлон саябағында 500 әуесқой жүгіруші жарыс жолына шықты.

Соңғы жылдары елордада бұқаралық спортқа қатысушылар саны артып келеді. Сондай көпшілікке арналған спорттық іс-шараның бірі «Astana run» жобасы аясында ұйымдастырылған көктемгі жүгіру жарысы болды. Ең бастысы – іс-­шараға қатысқан астаналықтар жүгіру арқылы бір-бірімен танысып қана қоймай, денсаулықтарын шыңдап, бой сергітіп, көңілдерін көтеріп қайтты. Әрбір қатысушыға қаланың сәніне айналған ғимараттары, сәулеттері бейнеленген медаль берілді. Шын мәнінде көктемгі жүгіру елорданың бір трендіне айналып бара жатқанын көрсетті.

«Astana run – 4 кезеңнен тұратын әрі қаланың түрлі жерінде өтетін ерекше сайыс. Кейінгі жылдары Астана көшіп келушілердің саны бойынша көшбасшылардың қатарына кіреді. Сондықтан дәстүрлі бәсекеміздің әр кезеңінде шамамен 30 пайыз қатысушы бірінші рет қатысады. Олар тек жүгіріп қана қоймай, хоббиіне сәйкес адамдармен танысып, қалаға тез сіңісіп кетеді» дейді жарыс ұйымдастырушысы Жанат ­Қожахметов.

«2019 жылдан кейінгі ресми алғашқы жарысым – бұл. Салыс­тырмалы түрде жүгіру соңғы кезде трендке айналды. Алайда осындай үрдіс моноқалаларда да жалғасын тапса екен деймін. Себебі кіші қалаларда жүгіру, велосипед жүргізу әлі салауатты өмірдің бір бөлшегі ретінде толыққанды саналмайды» деді Асыл есімді қатысушы.

Жалпы «Astana run» жүгіру жобасы 4 кезеңде өтеді. Алғашқы көктемгі жүгіруге 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60 жастан жоғары санаттағы адамдар 5 шақырымға жүгірсе, 10-17 жастағы жасөспірімдер 1 шақырымға, ал 3-9 жас аралығындағы балалар 400 метрге жүгірді. Әуесқой жүгірушілер енді жазғы, күзгі және қысқы жүгіру мерекелерін күтеді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button