Басты ақпаратРуханият

Асыл мұра

әл-Фараби ілімі және «Әділетті Қазақстан – адал азамат – озық ойлы ұлт» бейнесін қалыптастыру қағидалары

Халық қолдауының арқасында еліміз жаңа кезеңге қадам басып, әділетті Қазақстанды құруға кірісті. Саяси жаңғырудың экономикалық негіздері жасалып, реформалар кешенді сипатқа ие болып, ол күнде­лікті өмірде түбегейлі өзгерістерге ұласып келеді. Осындай жағдайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің болашақтағы бейнесін «Әділетті Қазақстан – адал азамат – озық ойлы ұлт» деп үштағандық ұлт бағдарламасы арқылы бекемдеді. Бұл бағдарламаға үңіліп қарасақ, қазіргі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат сабақтас­тық пен бірізділік қағидатқа негізделгенін көруге болады.

Сабақтастық пен бірізділік деп отыр­­ғаным, үш­тағандық бағ­дарламадағы әрбір сөз Ұлы дала тұлғалары: әл-Фараби, Абай, Алаш қайраткерлерінің ел туралы идеялары және асқақ мұраларымен тікелей байланысып, толық үндеседі. Шынында да, заманы басқа болса да, бабалардың ел болу туралы рухани мұралары қашанда мәңгілік екені анық.

Ұлы дала тұлғаларының рухани мұраларын сабақтастықпен жалғастырған данышпан Абай отаршылдық жағдайдағы қазақ елінің алдыңғы қатарлы, азат ел болудың жолын саралай отырып: «Адалдық – әрбір дүниенің бастауы. Құдайға, еліңе, ата-анаңа, ұстаздарыңа, махаббатыңа, достыққа, ең бастысы өзіңе «адал» болу – ұрпағыңа қалатын ең үлкен мұра, «қандай тірлік істесең де адал істе, бос жатпа, кәсіп тап, еңбек ет» дегенді насихаттайды. Ендеше Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы бүкіл ұлттық байлықтың ат төбеліндей 162 адамның қолына шоғырлануын, қазіргі азық-түлік бағасының күнде өсіп жатқан жағдайында халықтың жартысының 50 мың теңгемен күн көріп жатқанын ашық айтты. Шынында да, ұлттық байлығымыз халықтың игілігіне айналмай, ат төбеліндей олигархтардың және олармен біте қайнасқан мемлекеттік шенеуніктердің қолында кетті. Экономика да тек шикізатты өндіруге және оның өнімдерін сатуға арналып, оның пайдасын халық көре алмады. Бұл қасірет неден? Бізде материалдық игілік жеткілікті болғанмен, адамдар жаңа өмірге, әділ қоғамды қалыптастыруға дайын болмай шықты. Міне, басты қасірет осында. Осыған қарамастан, біз «алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымында болдық. Сөйтіп барлық күш-жігерімізді материалдық байлықты жасауға жұмсадық. Бірақ оны халыққа әділ бөлетін жауапты тұлғалар дайын емес еді. Олар әуелі өздерінің қамын ойлады. Сондықтан әуелі саяси жолмен адамдардың ұлттық сана-сезімін оятудан бастау, сөйтіп, халықты бақытқа жеткізудің шынайы жолын таңдау керек еді. Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам» ұғымы арнайы қарастырылып, әділетті мемлекет құру үшін оның азаматтары да адал болуы шарт деген қорытынды жасалған. Өйткені арлы адам әділетсіздікке бармайды. Ол солай болғанда ғана қоғам түлеп, жаңарып, әділ болады дегенді аңғартады. Ендеше адал қоғамның билігі де әділетті саясат жүргізуі керек. Адалдыққа бой ұрған қоғам мүшелерінің қатары өскен сайын әділ қоғамның орнау мүмкіндігі арта түседі. Бұл миссияны орындаудағы басшының рөлін анықтауда біз тәжірибені ешқандай аспаннан немесе басқа елдерден іздемей-ақ, тағы да Ұлы дала тұлғаларының ілімдеріне жүгінуіміз қажет. Шығыстың ғұлама-данышпаны Әбунасыр әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасында ортағасыр­лық түркі мемлекеттерінің ішіндегі өркениеттісі – Қарахандар мемлекетін жетілдіріп, демократия мен әділдіктің үлгілі идеяларын ұсынған еді. Мысалы, қоғамдағы басшылар туралы әл-Фарабидің ілімінен үзінділер келтірейік: «Бірінші басшы ғылымы, білімі жетілгені сонша, бұл жөнінде өзіне басшылық ететін басқа адамға мүлдем тәуелді болмайтын дәрежеде шын жетілген адам. …бұл адам бақытқа жеткізетін әрекеттерді белгілеуге және оларға бағыт сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал адамдарға, яғни жандары әрекетшіл-парасатпен бірге біткен адамдарға ғана тән» деп сипаттама берген. Ал осыған керісінше атаққұмар басшылар туралы: «…барлық әдіс-тәсілді қолдана отырып, өзінің және өз балаларының атын мәңгі қалдыруға, өз балаларын өзінің ескерткіші етіп қалдыру, өз балаларына немесе өз руына өкімет билігін қалдыруға тырысуы, …байлықты басып алып, оны басқаға пайдаландырмауы, …дүниені үсті-үстіне жинай беруі… содан кейін ол адамдардан алшақтай түседі» дейді ойшыл. Сонымен қатар бұл «әрекетшіл-парасатты адамның басшылығы – бірінші басшылық, ал қалғандарының бәрінің басшылығы – кейінгі басшылық және сол біріншіден тарайтын басшылық. Бұл – айқын нәрсе» деп тұжырымдайды ойшыл. Айтылып отырған басшылықтың бұл жүйесі қазіргі біздің мемлекетіміздегі президенттік басқару жүйесіне сәйкес келеді. Әрі қарай әл-Фараби «осы әрекетшіл-парасатты, әділетті бірінші басшыға бағынатын адамдар – қайырымды, абзал, және бақытты адамдар. Егер бұл адамдар халық болып құрылса, онда бұл халық – қайырымды халық, ал егер бұл адамдар бәріне ортақ жерге қоныстанып біріксе, онда осындай басшылықпен біріккен бәріне ортақ қоныс – қайырымды қала» деген маңызды қорытындыға келеді (бұл жерде айта кету керек, әл-Фараби заманындағы Қарахандар мемлекеті бірнеше қала-мемлекеттерден құрылған болатын. Сондықтан данышпанның «қайырымды қала» деген сөзін «мемлекет» деп түсінуіміз керек).

Аталған мемлекет Ата заңының негіздерін жасаған әл-Фарабидің замандасы Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білігінде»: «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ретінде «ізгі іс пен әділдікті» атап, бұл арқылы адам шын бақыт табады» дейді. Сөйтіп, түркі дәуіріндегі екі ойшылдың да тұжырымы бойынша елде әділетсіздік жойылып, әділдік орнағанда ғана игілікке қол жетіп, қоғамда бақыт орнайды.

Мемлекет басшысының «озық ойлы ұлт алға қарауы керек» деген идея­сы, біздің ойымыз­ша, болашақтағы жаңашылдық, өсу және әлеуметтік дамуды көздейтін көзқарасты көрсетеді. Өйткені алға қарауға екпін беру инновациялар мен прогреске ұмтылу міндеттемесін танытады. Прогрессивті ұлт өмір сапасын жақсарту және экономикалық дамуды ынталандыру үшін технология, ғылым, білім және басқа салалардағы жетістіктерге басымдық береді

«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет» деп Мемлекет басшысы қағидатты сөзін айтты. Біздіңше, бұл сөзге қазақ елінің әрбір азаматы ерекше мән беруі керек. Өйткені бұл – Ұлы даланың рухани құндылығы ретінде ежелден келе жатқан қасиетті ұғым. Мәселен, Әбу Насыр әл-Фараби адам міндетті түрде адал ниетті болу керек деп есептейді. Өйткені жақсы іс істеп, мұның төлеуін күтсе, адам бұл ісін жамандыққа айналдырады. Сонымен бірге философ ел басқару iсiнде халыққа адал қызмет бiрiншi орында тұруы тиiс деп есептейді. Өйткені әл-Фараби өмір сүрген замандағы Қарахандар мемлекетінің өркениетті болып қалыптасуы үшін қала-мемлекеттерді басқаруда әділеттілік мәселесі өте маңызды еді.

Әл-Фарабидің ел басқару жөніндегі ілімдерін ғалым, мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» шығармасында әрі қарай заң жүзінде қолданысқа енгізудің жолдарын белгілеп берді. Ойшыл 4105 бәйітінде: «Адал болғын, біл, адалдық – киелі, бектер адал, адалдықты сүйеді» деп хан мен уәзір, бектерден бастап, атшы мен емшіге дейін қоғам алдындағы міндеттерін адал орындауға меңзейді. Әсіресе мемлекетте әділ заң орнату және елді мекендерді әділ басқару басшыларға ең басты талап ретінде қойылған. Сол дәуірдегі түркістандық ғұлама Ахмет Ясауи де өз хикметінде бүкіл адам баласын адал еңбекке шақырып, ар тазалығы мен жан тазалығына арнайы көңіл бөлген.

Ұлы дала тұлғаларының ру­хани мұраларын сабақтастықпен жалғастырған данышпан Абай отаршылдық жағдайдағы қазақ елінің алдыңғы қатарлы, азат ел болудың жолын саралай отырып: «Адалдық – әрбір дүниенің бас­тауы. Құдайға, еліңе, ата-анаңа, ұстаздарыңа, ма­хаббатыңа, достыққа, ең бастысы өзіңе «адал» болу – ұрпағыңа қалатын ең үлкен мұра, «қандай тірлік істесең де адал істе, бос жатпа, кәсіп тап, еңбек ет» дегенді насихаттайды. Ендеше Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.

Мемлекет басшысы қазіргі заман талабына сай түрлі ғылымды оқыту, жас ұрпақтың қалауына лайық білім беру кешені арқылы озық ойлы ұлтты қалыптастыру керегін алға қойды.

«Озық ойлы ұлт» – елдің ғасырлар бойы жинақталған құндылығын әлемге паш ете алатын бірегей сапа. Озық ойлы қоғам туралы әл-Фарабидің, Абайдың және Алаш зиялыларының жазған еңбектерін айтуға болады. Әл-Фараби: «адам өзінің барлық ісінде тек көптеген адамның бір қонысқа біріккенде ғана ең жоғары дәрежеде қажетті нәрсеге қолы жетеді» деген. Бұл жерде философтың «адамдардың бір қонысқа бірігуі» деген сөзді халықтың тәуелсіз мемлекетін құруы деп түсінуі керек. Біздің заманымызда озық ойлы ұлт сапасын қалыптастырудың басты кепілі – тәуелсіз ел болу. Бұл – ұлы құндылық. Өйткені тәуелсіздік еркін ойлауға, жауапкершілікке, өз тағдырыңа өзің жауап беруге үйретеді. Құлдық санадан, бағыныштылық пен масылдық психологиядан арылтады. Ұлттың отансүйгіштік санасын, елдік ұстанымын, мемлекетшілдік менталитетін қалыптастырады. Сондықтан бұл – озық ойлы ұлт қалыптасуының қайнар көзі. 130-дан астам ұлт өкілдері бас қосып, бір қоныста – Ұлы дала жерінде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет басшысы «озық ұлт» болудың бүгінгі таңдағы басым бағыттары ретінде: «өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деп белгілеп берді.

Ұлы ойшылдың пікірінше, адамның кемелденуіне ең басты ықпал етуші күш – білім. Ұлы бабамыздың білім мен тәрбиені ұштастыра жүргізу хақындағы ой-тұжырымы ғасырлар бойы өмір шындығынан туған қағидаға айналды. Қазіргі біз алға қойып отырған озық ойлы ұлтты қалыптастырудағы алғышарт та осы данышпан бабамыздың айтқанында жатыр.

Озық ойлы жастарды қалыптастыру үшін олардың ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талаптану жолында болуы шарт. «Ар-ождан алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты» деп әл-Фараби атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туған кезінен басталуы керек.

«Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, соның ішінде «жайлы мектептер» ұлттық жобасы жүзеге асып келеді. Мұндағы «жайлы мектеп» – барлық стандартқа жауап беретін, жаңаша жабдықталған, қолайлы жағдай жасалған мектеп. Алайда бұл мектептер тек материалдық-техникалық базасымен ғана емес, білім беру мазмұнымен де ерекшеленуі қажет. Яғни олар озық ойлы жастарды тәрбиелеуді көздейтін, ұлттық идеологияны дәріптейтін, білімді, білікті, болашақта ел тізгінін ұстар азаматтарды қалыптастыратын білім ошақтары болмақ. Жаңаша ойлайтын өнертапқыш балалар мектеп қабырғасында айқындалып, жоғары мектепте дамып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, инновациялық дамудың алғышарттарын қалыптастыруы қажет.

Мемлекет басшысының «озық ойлы ұлт алға қарауы керек» деген идеясы, біздің ойымызша, болашақтағы жаңашылдық, өсу және әлеуметтік дамуды көздейтін көзқарасты көрсетеді. Өйткені алға қарауға екпін беру инновациялар мен прогреске ұмтылу міндеттемесін танытады. Прогрессивті ұлт өмір сапасын жақсарту және экономикалық дамуды ынталандыру үшін технология, ғылым, білім және басқа салалардағы жетістіктерге басымдық береді.

Мемлекет басшысының осы «озық ойлы ұлт» идеясының тамаша көрінісін ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің іс-қызметінен көреміз. Олар тек өздері ғана озық ойлы тұлғалар болып қана қоймай, қазақ жастарының озық ойлы болуын армандап, оның орындалу жолдарын іздестірді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы бағдарламасының түп негізі және алғашқы жобасы – «Қарқаралы петициясында» (1905 ж.) қазақтар үшін медресе, мектеп ашуды алға қойғаны мәлім. Бұл, шын мәнінде, сол кездегі қазақ елінде озық ойлы ұлтты қалыптастырудың алғышарты болатын. Петиция авторларының басым көпшілігі Ресей университеттерінде білім алып, Еуропаның озық ойлы саяси-құқықтық ой-пікірлері ілімдерінен сусындаған еді. Олар сол идеяларды қазақ халқы өмірінің шындығына сәйкестендіріп, оны ұтымды пайдалану мақсатын көздеді. Өйткені көп жылғы отаршылдық саясаттың салдарынан кезінде сауаттылық, шешендік, даналық сияқты қазақтың хандық дәуірдегі асыл қазыналар мен рухани құндылықтар жойыла бастаған еді. Осы жағдайды дер кезінде байқаған Алаш зиялылары елді алға дамытуда, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда ел бастай алатын білімпаз, ұлтына жан-тәнімен берілген дарынды, озық ойлы жастардың рөліне ерекше мән берді.

Жалпы жоғарыда айтылғандардан біз нені көреміз?! Біріншіден, Мемлекет басшысы атаған үштағанды бағдарламаның бір-бірімен тығыз логикалық тұрғыда байланысты және бірінсіз-бірі сәтті жүзеге аспайтынын көруге болады. Екіншіден, Ұлы дала тұлғаларының ілімдері уақыт озған сайын дәуір талабына сай, тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін әр қырынан өсіп-өркендеп отыратын асыл мұралар ретінде ұлт санасында орын алуы тиіс.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

«Еуразия тарихы мен мәдениетін зерттеу» ­ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button