Имантаразы

Қадір түнінің қадірі

Рамазан айында Ораза тұтқан жандарды оразаға ниет ету, оразаны бұзатын және бұзбайтын жағдайлар, әйелдерге қатысты үкімдер, сәресін ішу, Қадір түнін қарсы алу, тарауық намазы, иғтикәф, ораза тұтпау­ға үзірлі жағдайлар және т.б. туралы сұрақтар толғандырады. Осыған орай, тұрақты айдарымызды жалғастырамыз.

Сұрақ: Қадір түні дегеніміз не және оның артықшылығы қандай?

Жауап: Қадір түні – қасиетті, тағдыр, тарылу деген мағыналарды білдіреді. Қадір түні – Алла Тағала періштелерге әмір етуімен Құран Кәрімді Лаухул Махфуздан (барлық жаратылыстың тағдыры жазылған кітап) Байтул Ғиззаға (дүние аспаны) түсірген қасиетті түн. Ол жайлы Алла Тағала Құранда:  «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік» деп айтқан. Кейін 23 жыл бойы түрлі себептер мен оқиғаларға байланысты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахи етіліп отырған. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді: «Қадір түні мың айдан да  қайырлы». Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):  «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» дейді. Әнас ибн Мәлік (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан: «Рамазан келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сендерге бұл ай келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Сонда кім ол түні бейқамдық танытса, оның барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек нағыз мақрұм адам ғана айырылып қалады». Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, Құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы» десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымның орнын толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!» деген.

Сұрақ: Қадір түнінің қандай белгілері бар?

Жауап: Қадір түнінің белгілері жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінде аспан ашық болады. Ыстық та, суық та болмайды. Күн қызыл болып шығады» деген. Тағы бір риуаятта: «Қадір түні тұнық әрі жарық болып, айдың өзі бейне бір нұрға толы болады. Ол түн, суық та ыстық та емес, тыныш та жайлы болып, таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Бұл түннің тағы бір белгісі, таңертең күн сәулесі, толған ай секілді түзу болып шығады әрі шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді» деп сипаттағаны риуаят етілген. Келесі хадисте: «Бұлт та, жаңбыр да, жел де болмайды…»  делінген.

Сұрақ: Қадір түні не істеу керек?

Жауап: Қадір түні мына төмендегі нәрселерді орындау мустахаб болады:

  1. Намаз оқу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі» дейді. 2. Дұға жасау. Айша анамыздан жеткен риуаятта ол былай дейді: «Уа, Алланың елшісі! Мен қадір түніне сәйкес келіп жатсам не деп дұға етейін?» деп сұрадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сонда былай дейді: «Аллаһуммә иннәкә афуун тухиббул-афуә фағфу әнни» (Аллаһым! Сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің. Менің күнәларымды кеш)» деп айт». Сонымен қатар, Құран оқу, ­Алланы зікір ету, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту, садақа беру т.б. ізгі амалдарды істеген жақсы болады.

Сұрақ: Қадір түні ұйықтамау шарт па?

Жауап: Қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес. Себебі Айша анамыз: «(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес» дейді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button