Руханият

Жүз жыл бойы жазумен жағаласып…

Қазақ тарихында маңызды орын алатын оқиға – қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне биыл 100 жыл толды.

С ъезде қазақ жа­зуына негіз болатын жүйе; қазақ тіліндегі дыбыс­тардың жіктелуі; «б», «д», «ғ», «г» дыбыстары; «қ» мен «к», «ғ» мен «г» дыбыстарының табиғаты; «у» мен «й» дыбыстарының табиғаты; қазақ тіліндегі ымыра; «х», «ш», «ф», «һ» әріптері; сүйеу таяқ; бітеу буын ережесі; т. б. мәселелер баса талқыланды. Әсіресе «у», «й» дыбыстарының табиғаты талас тудырады. Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров сынды ғалымдар қазақша дыбыстарды дыбыс жүйесінше жіктегенде «у» мен «й» дауысты дыбыстарға жатпай, дауыссыз «р» мен «л»-ға қосылып кететінін, қазақша «тау», «мүйіз» сықылды сөздер бірсыпыра түрік халықтарында «тағ», «мүгіз» түрінде айтылатынын негізге ала отырып, «у» мен «й» дауыссыз екенін дәлелдегенмен, съезге қатысу­шылар арасында бірауыздылық болмағандықтан, бес кісіден (Ахмет Байтұрсынұлы, Телжан Шонанұлы, Елдес Омарұлы, Мұхтар Мырзаұлы, Халел Досмұхамедұлы) құралған комиссия жасақталып, бұл мәселе арнайы талқыланады. Комиссияға Ахмет Байтұрсынұлы төрағалық етеді. А.Байтұрсынұлы аяғы «ұу», «ыу», «ый» болып тынатын сөздерге түрлі қосымша жалғап, оны дауысты дыбыстардың жұрнақ-­жалғауымен салыстырғанда да, қай жағынан тексергенде де «у» мен «й» дыбыстарын дауысты деуге болмайтынын, екеуінің де дауыссыз екенін дәлелдейді. Қазақ тілінде дауысты «у» мен дауысты «й»-дың бар-жоғын дауысқа салған кезде Әлихан Бөкейханұлы, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Нығметжан Шағиұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Ерғали Алдоңғарұлы, Мырза Наурызбайұлы, Молдағали Жолдыбайұлы, Рүстем Ақбарұлы – барлығы 11 кісі қазақ тілінде дауысты «у», «й» дыбыстары жоқ екенін қолдап дауыс береді, 6 адам (Рақым Сүгірұлы, Ишанғали Арабайұлы, Мұқтар Мырзаұлы, Нәзір Төреқұлұлы, Нұғыман Залыұлы, Нұртаза Ералыұлы) қазақ тілінде дауысты «у» мен «и» бар екенін қолдап дауыс береді. Съезде зиялылар «у» мен «й»-дің жазылуы дыбыс жүйесінше болуы керек» деген шешімге келеді.

Білімпаздар съезінің жазу ережелері тақырыпты қаулысы бойынша:

* «х», «ф», «һ» әріптері қазақша әліпбиден шығарылады;

* бұрын «ч» әрпімен жазылып жүрген дыбыстың әрпі «ш» болады; «ч» әрпі қазақша әліпбиден шығарылады;

* сөз басындағы дауысты әріптің алдында сүйеу таяқ жазу ережесі бұзылады; дауысты әріптер сөздің басында да басқа жерлеріндегідей сүйеу таяқсыз жазылады; сөз басындағы «а» мәтсіз «а» болып жазылады;

* «ғ» әрпі нүктесіз «ғ» болып жазылады;

* қазақ тіліндегі дыбыстардың саны 24; олардың әліпбидегі реті а, б, п, т, ж, д, р, з, с, ш, ғ, к, қ, г, ң, л, м, н, о, ү, у, е, ы, ш түрінде болады;

* 24 дыбыс өз ішінен дауысты (а, о, ұ, е, ы); жарты дауысты (р, л, у, и; ұяң: ң, м, н); қатаң (б, п, т, с, ш, қ, к); ымыралы (ж, з); ымырасыз (д, ғ, г) түрінде жіктеледі;

* ымыралы дыбыстарға «д»-мен басталып жалғанатын жалғау, жұрнақтар («дікі», «дағы») қатаң дыбыстарға «т»-мен басталып жалғанады, олардың жазылуы дыбыс жүйесінше болады;

* «ы» бітеу буында жазылмайды» деген ереже бұзылады; «ы» бар жерінде қалмай жазылады («ынтық», «бій», «жазыу»);

* сөз артынан айтылатын демеулер алдындағы сөзден сызықшасыз бөлек жазылады. Ондай демеулер түбір сөз бен жалғаудың арасында айтылса, түбір сөзге сызықшамен жалғанып, жалғаумен бірге жазылады («жақсыма?»; «жақсы ақ ба?»; «жақсы-мысын?»; «жақсы-ақ-­бысын?»);

* үндестік заңына келмейтін «кер», «дікі», «паз» сықылды жұрнақтар түбір сөзге қосылып жазылады. Ондай жұрнақпен жазылған сөздің түбірінде дәйек­ші болса, дәйекші жұрнақ қосылғанда да қалмай жазылады («тұздікі», «түздікі», «сөзіуар», «білімпаз»); т. с. с.

Қазақ білімпаздарының тұң­ғыш съезінің 15 маусымдағы күндізгі мәжілісінде әліпби туралы баяндаманы қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым, қазақ жазуының реформаторы А.Байтұрсынұлы жасайды. Мәжілісте бірінші боп сөз алған ғалым әліпби түзеу түрік жұртында көптен келе жатқан мәселе екенін айта келіп, түрік әліпбиінің түбі арабтан шыққанмен, түрік тіліне икемделіп, өзгеріс кіріп, таза күйінде тұрмағандықтан, оны «араб әліпбиі» демей, «түрік әліпбиі» деп атап тұрғанын ескертеді. Ахмет Байтұрсынұлы түрік жұрттары әліпби түзегенде бәрі қосылып, бір әліпби түзей алмайтынын ескерте келіп, оның өзіндік себептерін: «Өйткені тілдеріндегі дыбыстарының түрлері бірдей емес. Дыбыстары бірдей болмаса, бәріне бірдей жалпылап әліпби жасауға болмайды, өйткені олай жасалған әліпбидің не әріптері түс келмеске тиіс, не әріптерінің дыбыстары тұс келмеске тиіс. Сондықтан «түрік жұрттары үшін бір әліпби түзеу» деген мәселені «бір әліпбиді бәрі негізге алып, түрік жұртының әрқайсысы өз тіліне үйлестіру» деп түсіну керек. Солай болған соң бізге ең әуелі негіз боларлық әліпбій керек; сол әліпбиді қарастырып табуымыз керек» деп нақтылайды.

Ахмет Байтұрсынұлы жақсы әліпбидің 4 түрлі сипатын көрсетеді: «Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер, бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып, тырыстырып тұрған тар киім сияқ­ты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады. Жақсы әліпби жазуға жеңіл болуға тиіс. Әліпбидің әріп сүгіреттері қиын болса, мүшелері көп болса, жазуды ұзақтатып, уақытты көп алады. Әліпбидің жақсысы баспа ісіне қолайлы болуы тиіс, әрпі тізгенде оңай тізілетұн, басқанда орынды аз алатұн әліпби баспа сөзді арзандатады. Жақсы әліпби үйретуге де қолайлы болуы тиіс. Әрпі сара жазуға оңай, баспасы мен жазбасының суреті жақын әліпби үйретуге жеңіл болады. Жақсы әліпбиге лайық бұл төрт сыпатқа келмейтұн әліпбилердің бәрі де кемшілікті әліпби болмақ. Тұтынып жүрген түрік әліпбиін бұлдағанымызда да, басқа әліпбиді бұлдағанымызда да осы төрт сыпат жағынан қарап бұлдауымыз керек».

Ғалым тұтынып жүрген әліпбиді тастап, басқа әліпби алу өте қиын жұмыс екенін, оны істеуге көп күш, көп қаржы керек болатынын, ондай өзгеріс істеуге адамы, құралы сай, жұмсауға қаржысы мол, әлді жұрттардың қолынан келетінін, қазақ сияқты «анасы да, мынасы да жоқ, мешеу жұрттарға бір әліпбиді тастап екінші әліпбиді ала қою оңай жұмыс емес» екенін ескерте келіп, қазақтардың түрік әліпбиін түзеп, тіліне шағындап әліпби жасап алғанына он жылдан асып бара жатқанын айтады: «Қазақ әліпбиі түрік әліпбиін негізге алып, қазақ тілі үшін әліпби жасау оңай екенін көрсетті. Қазақ «басқа әліпби аламыз» десе, «өзгелерді еліктеумен аламыз» демесе, «өз әліпбиі жарамағандықтан, шарасыз болып аламыз» демейді. Қазақ тілінің дыбыстары анықталып, ашылған, ол дыбыстарға әріп арналған. «Әліпби» деген осы болады. Біз: «Әліпби түзейміз» дегенде «түрік әліпбиін тілімізге келмеген соң тастап түзейміз» демейміз, «Әліпбиіміздің түзелмей қалған жағы бар; сонысын ғана түзейміз» дейміз».

Ахмет Байтұрсынұлы жақсы әліпбидің белгілерін негізге ала отырып, латын әліпбиі мен түрік әліпбиін өзара салыстырады. Тілге шақтығы тұрғысынан талдай келіп, ғалым қазақ дыбысына түрік әліпбиінен ережесіз, өзгертусіз 19 әріп сәйкес келсе, латын әліпбиінен 14-ақ дыбыс сәйкес келетінін; түрік әліпбиінде бір дыбысқа екі әріп (диграф) алынбайтынын; латын әліпбиін алғанда ондай болатынын; жазуға жеңілдігі тұрғысынан түрік әліпбиі латын әліпбиінен әлдеқайда озық екенін, түрік әліпбиінде қаламды бір сермеумен жазылатын әріптер көп екенін («қаламның бір сермеуімен жазылатұн әріп екі сермеумен жазылатұн әріптен шапшаңырақ жазылады, қаламның қысқа сермеуімен жазылатұн әріп ұзын сермеумен жазылатұн әріптен шапшаңырақ жазылады»); түрік әліпбиінде қалам сермеуі 33-41 (көбі – нүкте), латында 53 екенін, түрік әліпбиіндегі сермеудің көбі нүкте сияқты қысқа сермеу екенін ескертеді; баспаға қолайлылығы жағынан алғанда да түрік әліпбійінің баспасын дараласақ, тағы да латын әліпбійінен әлдеқайда артық болып шығатынын айтады. Жақсы әліпбидің төртінші қасиеті – үйретуге жеңілдігі екенін ескерте келіп, 1) әріптерінің пішіні сара; 2) баспа түрі мен жазба түрі жақын; 3) суреті жазуға шеберлікті онша керек қылмайтын әліпби үйретуге жеңіл болатынын айта келе «түрік әліпбиінің 14 әрпін жазып үйренген соң былайғы оны үйретусіз жазылатынын» ескертеді. Екі әліпбиді салыстыра келе Ахмет Байтұрсынұлы: «Тексеріп қарасақ, латын әліпбиінің түрік әліпбиінен кемдігі болмаса, артықтығы көрінбейді. Жаманнан жақсыға залалдан пайдаға бой ұру – жөні бар дұрыс іс, оны әркім-ақ қостауы тиіс, жақсыдан жаманға, пайдадан зиянға бой ұрғанда, оны «дұрыс» деп қостауға болмайды. «Латын әліпбиін аламыз» деушілер ол әліпбидің түрік әліпбиінен не артықтығын айқындап ашпай, пайдалы екенін байналап түсіндірмей, «тек пәлен-түлендер алып жатыр; біз де аламыз» дейді. Еліктеу мен лепірту базары көтеріңкі нәрсе екені рас; бірақ «біреу алып жатыр екен» деп латын әліпбиін алуға болмайды. Біреудің істегенін дұрыс, бұрысын тексерместен істеу тек еліктеу болады. Тек еліктеуді «маймылша еліктеу» деп айтады. Тесе қарап тексеріп, «түрік әліпбиінен латын әліпбиінің артықтығы мынау, пайдалылығы мынау» деп көзге көрсеткен ешкімді әлі көргенім жоқ. Көбінікі құр дүбірге қызу, дүрмекке еру сыйақты көрінеді» деп сөзін қорытады.

Ахмет Байтұрсынұлы түрік әліпбиінің тиімділігін жан-жақты дәлелдегенмен, Мәскеу­дің арнайы тапсырмасымен келген Нәзір Төреқұлұлы латын әліпбиіне көшу туралы мәселе көтереді. Н.Төреқұлұлының баяндамасынан кейін күндізгі мәжілісте Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, кешкі мәжілісте Халел Досмұхамедұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Ишанғали Арабаев сынды зиялылар да А.Байтұрсынұлы ұстанымын жақтап сөйлейді. Мәжіліске қатысушылар латын әліпбиін жақтаушылар мен түрік әліпбиін жақтаушылар ретінде екіге бөлінеді. Түрік әліпбиін Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Елдес Омарұлы, Халел Досмұхамедұлы, Манан Тұрғанбайұлы, Ишанғали Арабаев сынды зерттеуші-ғалымдар жақтаса, латын әліпбиін көменес партиясының қазақстандық комитетінің өкілі Ерғали Алдоңғарұлы, Қостанайдың гүбірнелік оқу бөлімінен келген өкіл – Нұртаза Ералыұлы, Қанапия Қазанғапұлы сияқты қайраткерлер жақтайды. Қорытынды сөзге шыққан Ахмет Байтұрсынұлы: «Нәзірдің бар дәлелі – латын әріптері даралығынан баспа жұмыстарына жеңілдік келтіретүндігі ғана. Біз де түрік әрпінің дара түрін тауып отырмыз. Сонымен жазғанда бұрын түрікше таныйтұндар ежелеп болса да оқый алады. Латын әрпімен басылған сөздерді ежелеп оқыуға да жоқ. Латын әрпін еліктеп азырбайжан да алып еді. Аяғында іске асыра алмай, бұл уақытта бұрынғы шығарған декретін өзгертіп, түрікше әріпке қайта айналып келіп отыр» дей келіп, өз жобасында: «қазақ тұтынып отырған түрік әліпбиінің баспа түрінің дара болмауы баспа ісіне де, үйретіу жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылу үшін түрік әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрік әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек. Латын әліпбиінің түрік әліпбиден артықтығы жалғыз-ақ даралық жағынан болмаса, басқа жағынан қолайсыз кемшіліктері көп болғандықтан, ол артықтығы да түрік әліпбиінің баспа түрін дараласақ, жоғалатын болғандықтан, жаңа да латын әліпбиін жүргізу жұмысы өте көп іс, көп күш керек қылатын болғандықтан, «латын әліпбиін алу» деген сөзді ауызға алмасқа керек» деген қарар шығарады. Нәзір Төреқұлов: «Түрік әліпбиінің өзін түзету өзге әліпби алыудан анағұрлым оңай» деген сөздерді шығарып, қалғанын қабылдау, 2-бапты мүлде шығарып тастау туралы ұсыныс жасағанмен, 11 дауыс басымдықпен Байтұрсынұлының жобасы өзгеріссіз қабылданады.

Осы кезде Қостанайдың гүбірнелік оқу бөлімінен келген өкіл – Нұртаза Ералыұлы «Жобаның 2-бабындағы «Латын әліпбиін алу» деген сөзді ауызға алмасқа керек» деген сөздің орнына «Латын әліпбиін алу ертерек» деген сөзді кіргізу туралы ұсыныс жасайды. Осыған байланысты Міржақып Дулатов «Жобаның аяғындағы «ауызға алмасқа керек» деген сөздің орнына «Латын әліпбиін алу» деген сөзді орынсыз деп тану керек» түрінде өзгерту туралы ұсыныс жасайды. Ахмет Байтұрсынұлы бұл ұсынысқа келісетінін білдіреді.

Сөйтіп, Байтұрсынұлының әліпби туралы жобасы «Қазақ тұтынып отырған түрік әліпбиінің баспа түрінің дара болмауы баспа ісіне де, үйрету жағына да қолайсыздық қылатын болғандықтан, ол қолайсыздықтан құтылыу үшін түрік әліпбиінің өзін түзетіу өзге әліпби алудан анағұрлым оңай болғандықтан, түрік әліпбиінің жазба түрін осы күйінде қалдырып, баспасын дара түрінде алу керек. Латын әліпбиінің түрік әліпбиден артықтығы жалғыз-ақ даралық жағынан болмаса, басқа жағынан қолайсыз кемшіліктері көп болғандықтан, ол артықтығы да түрік әліпбиінің баспа түрін дараласақ, жоғалатын болғандықтан, жаңа да латын әліпбиін жүргізу жұмысы өте көп іс, көп күш керек қылатын болғандықтан, «латын әліпбиін алу» деген сөзді орынсыз деп таныу керек» түрінде қабылданады.

Алайда қаулы қабыл алынғаннан кейін Нұртаза Ералыұлы Нұғыман Залыұлы Қазақстан орталық атқару комитетінің мәжілісінде болуына байланыс­ты съездің бұл күнгі мәжілісіне қатыса алмай отырғанын алдыға тартып, қайраткердің әліпби туралы жазып, қол қойып жіберген ұсынысын оқып шығады да, оны дауысқа салуды тілейді. Нұғыман Залыұлының ұсынысы дауысқа салынғанда қолдаушылардың саны да, қарсылардың саны да бірдей (сегіз-сегізден) болып шығады. Сол кезде мәжілісте болмағанмен, ұсынысына қол қойып берген Нұғыманның өз дауысы қосып есептеледі де, қолдаушылардың саны 9, қарсылардың санын 8 дауыс түрінде есептейді. Бұл туралы кейінгі жазбаларында Әлихан Бөкейхан қазақ-қырғыз білімпаздар съезінде латыншылдардың саны аз болғанмен, күн санап көбейіп бара жатқанын айта келіп, саяси астарын меңзейді.

Бүгінгі таңда қазақ білімпаздарының тұңғыш съезіне 100 жыл толғанмен, съезде сөз болған мәселелер әлі де өзекті. Дауысты, дауыссыз ­дыбыстар, «й», «у» дыбыстарының ­статусы, емлесі, қазақ жазуына негіз болатын ұстанымдар, қазақ әліпбиіндегі әріптер, т. с. с. мәселелер зерттеушілер арасында қызу талас тудырып келеді. 1930 жылдардан кейін етек алған еуропоцентристік үстемдіктен түпкілікті ажырау үшін ұлт зиялыларының ұстаным-тұжырымдарын басшылыққа алуымыз керек-ақ! Бұл орайда Әлихан Бөкейхан, Халел Досмұхамедұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы сынды Алаш зиялылары қатысып, ұстанымын айтқан съезд материалын зерттеп, зерделеудің маңызы зор.

Орынай ЖҰБАЙ,

әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының докторы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button