Мәдениет

«Шаттық» – өнерлі өрендер байқауы

Астана қаласының  Білім басқармасының ұйымдастыруымен Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында балалар мен жасөспірімдер арасындағы XVII  «Шаттық-2024»ашық шығармашылық қалалық байқауының ашылу салтанаты өтті.   

Сәуірдің алғашқы күндерінде елордалық білім беру ұйымдарында дәстүр бойынша он жетінші рет жас таланттарды анықтау, іздеу және  оларға қолдауға көрсету мақсатында кең ауқымды  шығармашылық алаң ашылады. «Шаттық» балалар мен жастар өнерінің бірегей жобасы елорданың жас тұрғындарының өмірінде орын алатын айрықша іс-шара. Бұл шығармашылық сайыс қатысушыларға батыл жоспарларын, арман-мақсаттарын  жүзеге асырып, өнерлі өрендердің кәсіби сахнада өнер көрсетуге, көрермендердің шынайы сүйіспеншілігіне ие болуға мүмкіндік береді.

Алты мыңға жуық қатысушы 11 жанрдың 20 номинациясы бойынша бақ сынайды. Оның ішінде  халық шығармашылығы, эстрадалық және хор әні, халық биі, заманауи хореография, аспаптық орындаушылық, театр және бейнелеу өнері, сондай-ақ фотошығармашылық, 3D-модельдеу секілді қызықты номинациялар бар.  Жас құрақтай өсіп келе жатқан ұрпақ арасында медиа-мәдениетті дамыту, тақырыптық бейнероликтер жасау дағдыларын жетілдіру мақсатында «Tik-tok» номинациясы енгізілгеніне де биыл үшінші жыл.

Байқау күндері 4-26 сәуір аралығында 67 алтын, 89 күміс, 111 қола медальдар иелерін тауып, 375 дипломант марапатталады, жүлдегерлерді дайындаған педагогтарға 267-ден астам сертификат беріледі. Байқауда мәдениет, өнер, білім және қоғамның көрнекті қайраткерлері қазылық етеді. Оқушылар сарайындағы салтанатты ашылу салтанатында «Халық биі» жанрына қатысатын хореографиялық ұжымдар 7 жас пен 18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер сахнада өз өнерлерін паш етіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Қаланың білім беру ұйымдарында өнерлі жастардың өз мүмкіндігін көрсетіп, шеберлігін шыңдаған ерекше кезең басталды. Ол бір ай мерзімге жалғасады. Достық пен шығармашылыққа, бекзат өнерге, биік мақсатқа талпынған елордалық білім алушыларға тек қана сәттілік тілейміз!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button