Имантаразы

Оразаның берекесі

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін және осы айда ораза ұстаудың абзалдығын көптеген хадисінде жан-жақты түсіндіреді. Біз олардың кейбірін ғана келтіргенді жөн санадық.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айы туралы:

«Бұл айда аспанның есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, әрбір қарсы шығушы шайтан кісенделеді. Шақырушы әр түні: «Уа, жақсылықты қалаушы! Кәнекей! Ей, жамандықты қалаушы! Тыйыл!» деп жар салады» деген.

Сахаба Әбу Сағид (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): ­«Кімде-кім Рамазанда ораза тұтса, шектеулерін білсе, сақтану керек нәрселерден сақтанса, өткен күнәларын кешіреді» деп айтқанын естігенін ­риуаят етіп жеткізген.

Алла елшісі (с.ғ.с.): «(Тұтқан) ораза және қа­сиетті Құран оқыған иесіне қиямет күні шапағат жасайды. Ораза: «Уа, Раббым! Оны тамақтан және шақуаттан күндіз мен тыйдым. Мені оған шапағатшы ете гөр» десе, қасиетті Құран: «Оны түнде ұйқыдан мен тыйдым. Мені оған шапағатшы ете гөр» дей келе, Алла елшісі: «Ол екеуі шапағатшы болады» деп айтқанын Абдулла ибн Амр риуаят етіп жеткізген.

Сахаба Сәһи (р.а.) пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Расында, жәннатта «Раййан» деп аталатын бір қақпа (есік) бар. Ол есіктен жұмаққа тек ораза тұтқандар ғана кіреді. Қиямет күні: «Ораза ұстағандар қайда?» деп жар салынады. Сонда ораза ұстағандар дереу тұрып, сол қақпадан кіреді. Олар кіріп болған соң ол жабылады, одан олардан басқа ешкім кірмейді» дегенін риуаят еткен.

Бір сөзбен айтқанда, біз осы Рамазан айын рухани тұрғыдан ерекше өзгертетін, ұстамдылық, мейірім мен қайырымдылық сияқты жақсы қасиеттердің өз бойымызда бұрынғыдан да арта түсуіне зор мүмкіндік беретін, сондай-ақ осы айда ораза ұстау арқылы өз нәпсі қалауларымызды тыйып, жамандық атаулыдан мейлінше аулақ тұрып, о дүние­лік тозақ отынан қорғануға, күнәларымыздың кешірілуіне мүмкіндік беретін ең маңызды сәт екенін білгеніміз абзал. Сондықтан Рамазан айының қадір-қасиетіне әрі осы айда ораза ұстауға ниеттеніп, ауыз бекітуге селқос қарамайық!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button