Руханият

Құрманғазы күйлерінің құдіреті



Кеше Ұлттық музейде күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Күй – құдірет» атты күй кеші өтті.

Құрманғазының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, қазақтың баға жетпес мұрасына айналған күйлерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беруіне ықпал ету мақсатында ұйымдас­тырылған кешке Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы №1 өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысып, күй атасының күйлерін төкті. Дәулескер күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, белгілі ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу Құрманғазы және күй тағдыры туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар Ұлттық музей қорында сақталған өте құнды жәдігерлер белгілі музыка зерттеушілері мен өнер иелері Кенен Әзірбаев, Болат Сарыбаев, Жүсіпбек Елебеков, жазушы Әзілхан Нұршайықов ұстаған домбыралар көрермен назарына ұсынылды.

Жиында Құрманғазы сахараның дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болғаны Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алғаны айтылды. «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» сияқты күйлердің шығу тарихы жайында әңгімеленді. Құрманғазы тек күйші, өнерпаз, композитор, домбырашы ғана емес, азаттықтың жаршысы, ұлы даланың еркін баласы, ұлтының бар жақсы қасиетін бойына сіңіріп өскен адам болғанына, күйлерінде сол еркіндікті аңсаудың өрелі өрнегін көретінімізге екпін түсірілді.

Халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының есею кезеңі патша үкіметіне қарсы бас көтерген Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған халық көтерілісімен тұспа-тұс келгені еске алынып, сол көтерілістің кезінде шамамен 15 жаста болған Құрманғазы ең алғашқы туындыларының бірі «Кішкентай» атты күйді осы ұлт-азаттық көтеріліске арнап шығарғаны айтылды.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button