Елорда тынысы

Құрметті азаматтар белгілі болды



Астана күні қарсаңында қалалық мәслихат депутаттары үш азаматқа «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім шығарды.

– Астана шағын қаладан ірі мегаполиске айналды. Елорданың өсіп-­өркендеуі азаматтардың ерен еңбегімен жүзеге асуда. Сондай тұлғалардың қатарына Серік Ақшолақов, Қайсар Омаров, Николай Тихонюкті жатқызуға әбден болады. Бас қаланың қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосқан тұлғаларға «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беруге ұсынамын, – деді мәслихат отырысына қатысқан елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.

Ұсынылған азаматтар болмыс-­бітімімен танылып, қабілет-қасиетімен ерекшеленеді. Серік Ақшолақов ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында қызмет атқарып, Ұлттық нейрохирургия орталығының жұмысын жүйелеуге еңбек сіңірді. Парламент Сенатында депутат ретінде ұзақ жылдар қызмет еткен Қайсар Омаров заңнамалық базаны жетілдіруге үлес қосты. Ол құрылыс, үлестік қатысу және тағы басқа мәселелер бойынша заңнамалық базаны жақсарта түсті. Ал Николай Тихонюктің басшылығымен Астананың символы – «Бәйтерек» кешені, әлемдегі ең биік шатырлы ғимарат – «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, теңізден ең алыс орналасқан «Думан» океанариумы, «Астана Опера» опера және балет театры, «Сарыарқа» вело­трегі және тағы басқа жобалар бой көтерді. Яғни елорда құрылысында өзіндік ізі бар құрылысшы маман әрі менеджер.

Мәслихат депутаттары қала әкімінің ұсынысын қолдап, бірауыздан дауыс берді.

Айта кететіні, Астана қаласы мәслихатының 2009 жылғы 6 қарашадағы шешімімен «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын беру ережесі бекітілді. Содан бері «Құрметті азамат» атағы беріліп келеді. Бұл қатарда Грекия мен Молдованың бұрынғы Президенті Константинос Стефанопулос пен Петру Лучински, Францияның мемлекет қайраткері Жак Аттали, Түркияның іскер азаматы Феттах Таминджені атауға болады. Ғылым, өнер, әдебиет, мәдениет саласында еңбек сіңірген Әзербайжан Мәмбетов, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Төлеген Мұхамеджанов, Бибігүл Төлегенова бар. Әр жылдары Астана қаласын басқарған Әділбек Жақсыбеков, Темірхан Досмұхамбетов, Өмірзақ Шөкеев, Асқар Маминді де құрметтілер тізімінен табуға болады.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button