Құқық

Қылмыстың алдын алу маңызды



Қоғамның бейбіт тіршілік етуі – әрқашан тәртіпке негізделеді. Белгілі бір қағидаға бағынған жүйе болмаса, ол мемлекеттің келешегі күмәнді болып, құлдырауы тез болады. Мұны адамдар ежелден-ақ жақсы түсінген. Сондықтан да әрқашан заң үстемдігін орнатудың жолдарын қарастырған. Жасыратыны жоқ, бізде бұған мойынсұнғысы келмейтін азаматтар да аз емес.

Құқық бұзушылық, қылмыс жасау – қоғамға жат құбылыс. Алайда адам өмір сүрген ортада ол әрқашан орын алады. Құқық бұзушылық – заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Ол адамдардың іс-әрекеті, қылығы арқылы басқа адамдармен, қоғаммен, мемлекетпен қарым-қатынасқа түседі. Бірақ, ол шартты құбылыс екен деп оны әдетке айналдыруға, қабылдауға да болмайды.

Қылмысқа тосқауыл қою жолы – жаза. Тура жолдан тайып, айналасына қиянат жасағандарды түзеудің, шектен шыққан тәртіп бұзушылықты ауыздықтаудың жазадан басқа тиімді жолын адам баласы әлі ойлап тапқан жоқ.

Ағаттықпен қылмыс жасаған кейбір адамдарға жеңілдікпен қарап, кешірім жасауға болатын шығар. Бірақ, қоғам игілігіне қол салып, өз мемлекетін тонаған жемқорларға жеңілдік болмауы тиіс. Олар мемлекеттен саналы түрде жымқыру арқылы оның экономикалық іргетасын шайқалтып, тәуелсіз елдің ертеңіне балта шауып отыр. Сондықтан оларды ауыздықтау үшін жазаны күшейту керек. Әйтпесе, бұған дейін болып келген және биліктің барлық тармағын жайлап алған сыбайлас жемқорлық түптің түбінде жарға жығады.

Адамды қылмыс жасағаны үшін жазаға тартқаннан гөрі «заңды сыйлаған, еркін жүредіні» ұғындырып, алдын алған әлдеқайда тиімді. Бұл жұмыстың нәтижелі болуы алғаш жасалған теріс қадамның дер кезінде анықталуынан ғана емес, сонымен бірге кәмелетке толмағандардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін ескеруге, тәрбиені тал бесіктен бастауға байланысты. Мектеп жасындағы балалардың құқықтық санасының төмендігі олардың қылмысты көп жасауынан, заң талаптарына өз талаптарын қарсы қоюына әкеліп соғады. Сондықтан, оқушылар қылмысының алдын алып, құқықтық тәрбие беру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Құқықтық тәрбие кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жасөспірімдерді қажетті заңдылық біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарды заңның негізгі ұстанымдарын біліп қана қоймай оны меңгере білуіне, түсіне алуына үйрету қажет. Жас ұрпақтың адамгершілік, ұлтына деген жанашырлық сезімін дамытып, Отан алдындағы міндеті мен борышын адал атқаруға деген оң көзқарасын қалыптастыруды мақсат етсек, сол миссияны әр ересек адам орындай алса, мәңгілік ел бола аларымыз хақ.

Аристотель: «Қылмысқа сылтау ғана керек» депті. Сондықтан баланы мектепке сабақ оқысын деп беріп қана қоймай, шаңырақтағы әңгіме мен отбасындағы тәрбиені түзеп, тыйылу керек тұстарын қайталап отыру маңызды. Бала естігенін айтады, көргенін істейді.

Гүлсина АШЫҚБАЕВА, Астана қаласының

 азаматтық істер жөніндегі

ауданаралық сотының бас маманы-сот отырысының хатшысы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button