Басты ақпарат

ҚЫС ҚЫР АСТЫНДА. ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?



Аптаның сәрсенбісі сәресінен бастап ұшқындаған қар ақшамға дейін басылмады. Бейсенбіде де беймезгіл қыпылықтаған қазанның қары қытымыр қыстың қол серпім жерде ғана тұрғанын көрсеткендей. Көпшілікті әбігерге салған күн райының осындай тосын мінезіне жұртшылықтың алаңдамауы да мүмкін емес. Бұл тұрғыда бас қаланың қысқа қаншалықты дайын екенін анықтап көрдік.

Жылу берушілер мен тазалықшылар сақадай сай

Астана қаласы Энергетика басқармасының мәліметіне сүйенсек, елордадағы жылу беру мекемелері 2017-2018 жылдардағы жылу маусымына толығымен дайын. Қысқа дайындық барысында Астанадағы энергокешендердің жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізілуде. 2 қазандағы көрсеткіш бо­йынша «Астана-Энергия» АҚ-тың да­йындығы 95 пайызды құраса, «Астана-Теплотранзит» пен «Астана-РЭК» компаниялары қысқы маусымға 100 пайыз дайын екен. Қазіргі уақытта «Астана-Энергия» АҚ-тың отын қорында 350536 тонна көмір, 4902 тонна мазут бар екенін айтады мамандар. Көмірдің 60615 тоннасы, ал мазуттың 3881 тоннасы – ЖЭО-1-дің, қалған 289921 тонна көмір мен 1021 тонна мазут – ЖЭО-2-нің еншісінде. Сол сияқты аталмыш басқарма мамандарының сөзінше, бас қаладағы бір орталықтан жылыту жүйесіне қосылған 2502 әлеуметтік нысан, яғни 2310 тұрғын үй қоры, 35 денсаулық сақтау нысаны мен 157 білім беру нысанының барлығы да қысқа 100 пайыз дайын көрінеді.
Алғашқы қар жауған кезде көшедегі көліктердің жүрісі біраз баяулап, кептелісте күн­дегіден сәл бөгелген жолау­шылар да аздап абдырап қал­ды. Алайда қауырт қар жа­уып, қыс басталып кетсе де, ас­таналықтардың алаңдауына еш қорқыныш жоқ. Себебі «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, негізгі көшелерді тазалаумен айналысатын «Астана Тазалық» ЖШС 2017-2018 жылғы қысқы маусымға қамданып та үлгерген. Аталмыш кәсіпорын бас директорының санитарлық тазалау жөніндегі орынбасары Марат Сүлейменовтің сөзіне сүйенсек, жол тазалауға арналған техникалар сақадай сай болса, жұмысшылар да қыстық қалың киімдермен қамтамасыз етілген.
– Қысқы маусымға сыпыру бойынша 14 бағдар құрылды. Көктайғаққа қарсы құм-тұз қоспасынан реагент дайындалды. Қар тазалау үшін 350 жол жұмысшы, 500-ге жуық техника бірлігін жұмылдыру көзделіп отыр. Соның 102-сі сыпыру техникасы болса, жүк көлігі – 234, табанды артқыш – 38, фронтальді артқыш – 37, автогрейдер – 21, құм шашқыш – 24, ротор – 10, жиектеме жинау техникасы 32-ні құрайды, – дейді М.Сүлейменов.

Жекеменшік секторға көмір жеткілікті ме?

Алайда қаладағы жекемен­шік секторларға көмір жеткілікті ме? Бұл тұрғыда Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтындағы деректерге сүйен­сек, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қалада көмір тап­­­­шы­лығының жоқ екенін мәлім­деген. «Қазір кейбір БАҚ пен әлеуметтік желілерде бас қалада көмір тапшылығы сезілуде деген ақпарат тарап жатыр және ол қатты отынның қымбаттауына себеп болуда. Айта кетейік, қазіргі таңда қала бойынша көмір тапшылығы жоқ және олай болуы да мүм­­кін емес. Кәсіп­орындардағы отын қоры апта сайын толықтырылып отырады» деп хабарлаған Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тұрғындарға отынды қайдан сатып алуға болатынын да нақты көрсетіпті. Атап айтсақ, «Жылу НС 2030» ЖШС (Герцен көшесі, 6/1), «Астана инвест» ЖШС (Придорожная-1 көшесі, Герцен көшесі, 6/2), «Жылы Алем kz» ЖШС (Абай-Жұбанов көшелерінің қиылысында, яғни Мясокомбинат аумағы), «Север энерго» угольснаб» ЖШС (Литей­ная-1 көшесі), «Ұмар кз» ЖШС (Дулатов көшесі, 182). Бұл кәсіпорындарға көмір Шығыс Қазақстан облысындағы «Қаражыра», Павлодар облысындағы «Богатырь», Қарағанды облысындағы «Майкөбе» және «Шұбаркөл» кен орындарынан жеткізіледі. Ресми деректерге сүйенсек, «Богатырь» көмірінің бір тоннасы 7500 теңге тұрса, «Майкөбенікі» – 10500, «Қаражыраныкі» – 11500, «Шұбаркөлдікі» 13500 теңгені құрайды екен. Дегенмен жекеменшік секторларда мекен ететін тұрғындар мен аталмыш кәсіпорындардың өздеріне хабарласып, мән-жайды сұрастырған болатынбыз. Ильинка кентінің қалаға қарайтын аумағында тұратын Мейір Қалыбек есімді тұрғын былай дейді:
– Біз қыс бойы 5-6 тонна көмір жағамыз. Үнемі осы Ильинкадағы көмір тасымал­дайтын жүк көліктерінен сатып аламын. «Қаражыра» көмірінің тоннасы былтыр 14000 теңге болған, биыл 16500 теңгеге қымбаттап кетіпті. Ал «Шұбаркөл» көмірінің бір мөшегі былтырғы 700 теңгеден биыл 1200-ге бір-ақ көтеріліпті.
Герцен көшесі, 6/2 мекенжайындағы «Астана инвест» ЖШС-іне хабарласқанымызда «Майкөбе» көмірінің 11000 теңге тұратынын, алайда бір­неше күннен бері
көмір жоқ екенін кесіп айтты.
Бұл кәсіп­орынның маңында орналасқан, яғни Герцен көшесі, 6/1 мекенжайын­дағы «Жылу НС 2030» ЖШС-те дәл қазіргі уақытта «Богатырь» көмірі 7500 теңгеден,
«Майкөбе» көмірі 10500 тең­геден сатылып жатыр екен. «Қаражыра» кө­мірін мүлде сатпайтындық­тарын айтқан мамандар «Шұ­­­бар­көл» көмірі тек келесі айда ғана болатынын жеткізді. Абай-Жұбанов көшеле­рінің қиылысындағы «Жылы Алем kz» ЖШС кәсіпорнына жолымыз түскенімен, ондағы жұмыс күні аяқталған екен. Ішке қарай кіргізбеді. Есесіне сырттағы жүк көліктерінің жүргізушілерімен әңгімелес­тік.
– «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» кен орындары көмірінің бағасы – 14000 теңгеден. Ал «Майкөбенікі» 10800 теңге болса, «Богатырьдікі» – 6800 теңге. Былтыр «Шұбаркөл» көмірі – 11500, «Қаражыра» көмірі 10500 теңге болған еді. Тұрғындардың көпшілігі осы кен орындарының көмірін сұрайды. Жалпы, жылдан-
жылға көмірдің бағасы 1000-2000 теңгеге қымбаттап келеді. Көмір тасумен айналысып жүргеніме он шақты жыл болды. Бірақ неге екені белгісіз, биыл отын тапшылығы болып тұр. Бұрынғы жылдары қыркүйек-қазан айларында бұлай болмайтын. Мысалы, былтыр «Шұбаркөл» көмірі тамыздың басында, ал «Қаражыра» көмірі қыркүйекте артығымен болған. Қазіргі уақытта көмірге сұраныс жоғары. Күніне мұнда 100 шақты адам көмірге келіп, құр қол қайтады. Осы жағ­дай­ды пайдаланып, Қараған­дыдағы «Шұбаркөл» кен ор­­­нынан отынды жүк көліктерімен бірден Астанаға жеткізіп, сатып жүргендер де бар. Бірақ олардың бағасы 17-18 мың теңгені құрайды, – дейді аталмыш кәсіпорынның маңындағы көмір тасымалдайтын 12 жүк көлігінің бірінің жүргізушісі.
Дегенмен ҚР Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, карьерден немесе шахтадан жіберілетін кө­мір­­­дің бағасы тым жоғары емес көрінеді. Түпкілікті тұ­­тыну­шылар үшін отын баға­сының өсуіне теміржол та­риф­тері мен делдалдық ұйым­дардың үстемелері айтарлықтай әсер етеді деседі.

Нұрдәулет Кәкішев




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button