Қала мен Сала

Қысқы жылыту маусымына дайын



Бас қалада жылыту маусымы басталды. Бұл – аязды, суық күндері бес-алты айға созылатын шаһар үшін үлкен оқиға. Астана қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері жылу электр орталықтарына (ЖЭО) арнайы барып, қысқы жылытуға дайындығын білді.

Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов жол бастаса, Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Гаипов және мүшелері Рамзия Өмербаева, Юсуп Келигов, Анатолий Лян, Төлеген Күнәділов стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты.

Делегация мүшелерінің бірінші объектісі 3-ЖЭО болды. Елорданың әкімшілік-территориялық ауқымы кеңейіп, көпқабатты тұрғын үйлер көптеп бой көтеруіне байланысты 1-ЖЭО, 2-ЖЭО-ға қосымша жылу электр орталығы қажет болды. Соған байланысты 2011 жылы жылыту кешенінің құрылысы басталған-ды. Биыл орталықтың ыстық су қазандығы, бірінші көтергіштің сор­ғысы, 110 киловольттық сыртқы тарату құрылғысы, су тазарту қондырғысы, электрофильтрлер және тағы басқасы қысқы науқанға дайын.

Қоғамдық кеңес мүшелері кадрлар жеткілікті ме, жұмысшыларға қандай жағдай жасалғаны туралы сұрады. 3-ЖЭО директоры Константин Селезнев жалпы 127 штат қаралғанын, қазір 93 адам жұмыс істеп жатқанын, сыртқы жұмыс толық аяқталғанын, жұмысшылар күнделікті және вахталы әдіспен жұмыс істейтінін айтты.

Одан кейін делегация 2-ЖЭО-ға барып, кезекті жылыту маусымы сәтті басталғанын сөз етті. Ал жылыту кешенінің директоры Уәлихан Асқарбеков елордаға жылыту энергиясын беруді бастағанын, 1083 адам ауысым бойынша 24 сағат үздіксіз жұмыс істейтінін жеткізді.

– Астана қаласының жылу-энергетика кешендерінің жұмысымен таныстық. Бізді 3-ЖЭО-ның пайдалануға берілгені қуантып отыр. Бұл станцияның іске қосылғаны келешекте жылу энергиясына деген тапшылықты шешеді. Орталықтарда қандай мәселе бар, қандай бағытта көмек керек, біздің мақсатымыз – осыны анықтап, шешілуіне ықпал ету, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Гаипов.


Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button