Басты ақпарат

ҚЫТАЙ ҚАЙДА БЕТ АЛДЫ?



Бұрнағы күні Бейжіңде Қытай Коммунистік партиясының XIX съезі өзінің мәресіне жетті. Оған қатысушылар елдің алдағы бес жылдағы даму стратегиясын анықтады. Ал жоспар жобасы барынша орасан зор. Мемлекет басшысы Си Цзиньпиннің партия тарихында болмаған ұзақ уақыт – 3,5 сағатқа созылған есепті баяндамасында Қытай компартиясының бұрынғысынша марксизм-ленинизм ілімін, Мао Цзэдунның идеясы мен Дэн Сяопиннің теориясын басшылыққа ала отырып, жаңа дәуірдегі социализмді дамытатыны жан-жақты дәлел-айғақтармен айтылды.

China’s national flag is raised during the opening ceremony of the Beijing 2008 Olympic Games at the National Stadium in this August 8, 2008 file photo. REUTERS/Jerry Lampen/Files (CHINA – Tags: SPORT TPX IMAGES OF THE DAY)
ATTENTION EDITORS – THIS PICTURE IS PART OF PACKAGE ’30 YEARS OF REUTERS PICTURES’
TO FIND ALL 56 IMAGES SEARCH ’30 YEARS’ – RTR4PFBU

XIX съезд Аспан асты елі үшін тарихтың жаңа парағын ашып берді. Ол «қытай ерекшелігі бар социализмнің жаңа дәуірі» деп аталды. Жаңа дәуірге коммунистер партия төңірегіне бұрын-соңды болмаған топтасқандық жағдайында қадам басуды алға міндет етіп қойып отыр. Компартия жарғысының жаңартылуы да осы мақсатта жасалып жатқанға ұқсайды. Бұл орайда осы өзгерістердің бастамашысы, партия төрағасы Си Цзиньпин бесжылдықтар аумағындағы емес, кемінде онжылдықтар көлеміндегі ауқымды шаруалар жайын ойластырып қойған көрінеді.
Құрылтайға Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан парламентінің делегациясы да қатысты. Спикер съезд соңында Қытайдың жетекші ғалымдары мен сая­саттанушылары алдында «Өзгермелі әлем: Қазақстан көзқарасы» деген тақырыпта қазақ және қытай тілдерінде дәріс оқыды. «Соңғы ширек ғасырдың беделінде, – деп атап көрсетті Тоқаев өзінің сөзінде, – әлем қатты өзгерді. Себебі біз – мемлекеттер мен халықтар өзгере бастадық. Енді 90-шы жылдардың соңы мен 2000-шы жылдардың басындағы бір үстемдікті Pax Americana дәуірінің дәурені бітіп, көп үстемдікті жаһандық тәртіптің орнай бастағаны барынша айқындалып келеді». Спикер бұдан әрі Қытайдың қысқа мерзім ішінде күрт көтеріліп кетуі дүние жүзінің саяси-экономикалық жүйесіне елеулі өзгеріс­тер алып келгеніне тоқталды. Қазір планетада экономикасы жағынан екінші болып отырған Қытай бұл үдерісте мейлінше белсенді позицияда тұр.
Съезд делегаттары партия жарғысына өзгерістер енгізді. Соның ішінде Си Цзиньпин көзі тірісінде бұрынғы көсемдер Мао Цзэдунмен және Дэн Сяопинмен бір қатарға тұрып, осы маңызды құжатқа енгізілді. Мұндай жаңалықтардың орын алатыны съезд қарсаңында-ақ белгілі болған еді. Мәселен, «Партияның жаңа жеңістері жолындағы діңгегі – Си Цзиньпин жолдастың төңірегіне тығыз топтасайық» деген ұран Бейжіңнің орталығында бұдан бірнеше күн бұрын пайда болған екен. Айта кету керек, «діңгек» деген анықтама Дэн Сяопиннің заманынан бері, соңғы 25 жылда ешқандай лидердің атына қосып айтылмапты. Міне, оның Си жолдастың атымен байланыстырылуы да елдегі қазіргі саясат жайынан көп нәрсені аңғартады.
Съезд материалдарына сүйенсек, Қытай алдағы бес жылдың көлемінде ханзуша айт­қанда, «сяо кан», яғни «орта дәулеттілер қоғамын» құрып шығуға ниетті болып отыр. Әйгілі Кон-фу-цзы терминінен алынған бұл ұғымды кезінде Дэн Сяопин енгізген еді. Енді жаңару жолын ұстанған Шың елінің басшылығы сонау ежелгі дәуірдегі ұранын қайта көтерді. Әлбетте, бұл тәсіл жаңарған пішінде жүзеге асырылатын болады.
Бейжіңдегі Халық жиындары үйінде өткен ұлы жиын өзі басталған 18 қазаннан бергі уақытта бүкіл жер жүзінің назарында болды. Себебі күллі әлемнің экономикасында Қытайдың алатын орны орасан зор еді. Демек, көп жағдайда бұл елдің өз проблемасын қалай шешкені басқа мемлекеттерге де тікелей әсер етеді. Сондықтан съезд делегаттары талқылаған басты тақырып экономиканы дамыту мәселесіне арналды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл саладағы қарқынның біртіндеп баяулай бастағаны байқалады. Мысалы, ол биыл өткен жылғы 6,7 пайыздан 6,5 пайызға төмендеп кеткен. Ал бұдан сегіз жыл бұрынғы 10 пайыз келмеске кеткендей болып көрінеді. Бірақ билік осы тұста жаңа нормаға үйренісіңдер, қазір маңыздысы қарқынның өсуі емес, мәселенің бәрі сапаға келіп тіреліп тұр деген қағиданы алға шығара бастады.
Съезде Қытайдың таяу болашақта қазіргідей халық жаппай тұтынатын тауарлар шығарудан гөрі, инновация экономикасына көшуді қолға алатыны ашып айтылды. Онда сондай-ақ ғарышты игеру мен компьютерлі технологияны өркендету жайлары талқыланды. Осыған байланысты Қытай таяу уақыттары бұл салаларда әлемдегі көш бастаушы ел болуды алға қойды. Бірақ билік сонымен бірге, интернетті бұрынғыдан да қаттырақ қолға алып, оны «тазалап тас­тауға» берік байлам жасап отыр. Бұл елде біраздан бері Телеграм, Фейсбук, Твиттер әлеуметтік желілері жауып тасталған болса, жуырда олардың қатарын WhatsApp месенджері де толықтырды. Соған қарамастан, Қытай әлемнің түкпір-түкпіріне шығудан кенде қалып тұрған жоқ. Енді Шың жұрты бұрын жатжерліктер үшін мүлдем жабық сала болып келген экономика секторына шетел инвесторларын көптеп тартуға да бекем бел байлады.
«Біздің еліміздің сыртқы дүние үшін кең ашылған «ашық есіктері» енді қайта жабылмайтын болады – деп мәлімдеді съезде Си Цзиньпин.– Біз инвесторлардың заңды мүдделерін қорғаймыз. Қытай территориясында тіркелген барлық компаниялар әділ де тең жағдайда өз әрекеттерін жүзеге асыра алады».
Съезде жемқорлықпен күрестің өте тиімді жүріп жатқаны атап өтілді. Бұл баяғы «мәдени революция­дан» кейінгі жаппай тазару кезеңіне айналып отыр. Мұның барысында 240 ірі шенеунік өз орындарынан айрылды.
Құрылтайда айрықша қозғалған мәселенің бірі Қытай армиясының жаңғыртыла беретіні болды. Жаңа экономикалық жағдайға қарай бейімделе білетін Шың елі қазіргі заманғы ахуалға сай өзінің әскеріне де барынша күшейте түсуді алға мақсат етіп қойып отыр.
Ал Қытайдың жаңа сая­саты Қазақстанға қалай әсер етеді? Шың елі үшін қазақ жері «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын жүзеге асырудың бірден-бір тиімді жолы. Дәл қазір Аспан асты елі үшін біздің республикадан асқан стратегия­лық серіктес жоқ. Бұған қоса, Қытайдың Қазақстан энергия көздеріне тәуелділігі артып келеді. Бұдан бөлек, қытай тұтынушылары Қазақстанның экологиялық жағынан таза азық-түлігіне қызығып отыр.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button