Басты ақпаратСараптама

Қытайдағы туризм жылының берері не?

Ерекше табиғаты, бай мәдени мұрасы және баға қолжетімділігі сияқты көрсеткіштері қазақ жерінің туристік әлеуетін биіктете түседі.  Ел астанасының өзіне былтыр 1,3 млн турист келіп, алдыңғы жылға қарағанда 12 пайызға артқан. Оның ішінде ресейліктер мен қытайлықтардың үлесі басым. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылды Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы деп жариялады. Бұл қадам еліміздің туристік әлеуетін ілгерілетіп қана қоймай, мәдени тәжірибе алмасу, екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға септік етеді деп күтіліп отыр. 

Астана несімен қызықтырады?

Елордаға былтыр туристердің көбі Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Өзбекстан және АҚШ елдерінен келген. Олардың елімізге ұшақпен жетуі үшін халықаралық рейстерді 23 әуе компаниясы 13 елге 30 бағыт бойынша жүзеге асырады. 79 елмен визасыз режим орнатылған.

– Бас қалада 9283 орындық 229 қонақ үй жұмыс істеп тұр. Театрлар, музейлер, парктер мен сауда орталықтарын қосқанда 70 ірі туристік нысан, 2100-ден астам қоғамдық тағамтану орындары, екі ақпараттық туристік дүңгіршек, жаяу жүргіншілерге арналған бағдарлаудың бірыңғай жүйесінің 262 элементі бар. Сонымен қатар izi.TRAVEL. халықаралық платформасында Астана қаласының 168 көрнекті нысаны бойынша 6 аудио тур еркін қолжетімді. Сондай-ақ CityPASS бірыңғай туристік картасы іске асырылуда. Астанада туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет – елорданың туристік полициясы құрылған, – деді Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев. Іскерлік туризм елордада басым бағыт болып белгіленген. Оған қоса  оқиғалық туризм де дамуда. Елордалық туризмді дамытудың тағы бір басым бағыты – медициналық туризм саласы.

Қытайдан турист тарту тиімділігі неде?

Атаулы жылдағы іс-шаралар туризм саласындағы ынтымақтас­тықты арттыра түсіп, мемлекетаралық қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге көтереді. Ол үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар. Сондықтан мамандар жыл сайын 150 млн-нан аса азаматы шет елдерде қыдырып, 250 млрд доллар жұмсайтын қытайлықтардың Қазақстанға көптеп саяхаттауына мүмкіндік беру отандық туризмнің дамуына зор ықпал етеді деп санайды. Тек саяхатшыларды елге тарту үшін инфрақұрылымның сапасын жақсартып, әуе рейстерінің санын көбейту керек. Қазір екі ел арасында 32 тікелей әуе рейсі бар. Рейстер саны биыл өсуі мүмкін. Меже – туристер ағымын 300 мыңға жеткізу.

Қазақстанның Қытайдағы туризмі жылының Бейжіңде ашылу салтанаты кезінде ҚР Туризм және спорт министрлігінің бастамасымен туризм және инвестицияларды дамыту бойынша Қазақстан – Қытай форумы, Қазақстан облыстарының көрмесі, этноауылдағы мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Визасыз режим туризмді дамыта ма?

Былтыр 10 қарашада екі ел Үкіметтері арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады. Осылайша, екі елдің азаматтары шекарадан өткеннен кейін көрші елде 30 күн сапарлай алады. Жалпы, 6 ай ішінде (180 күн) күнтізбелік 90 күн визасыз режимсіз жүруге рұқсат етіледі. Ал азаматтарға 30 күннен артық болу қажеттілігі туындаса, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Сондай-ақ визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді. Екі ел арасындағы визасыз режимге қатысты қоғамда кереғар пікірлер айтылғанымен, мұның туризм саласына тиімді екенін алға тартатындар да бар.

– Экономикалық тұрғыдан айтқанда, бұл жылдың қазақ еліне пайдалы тұстары да бар. Біріншіден, теңге мен юаньның арасында біраз айырмашылық бар, яғни юань – құнды валюта. Мысалы, біздің елдің азаматтары Қытайға көптеген себеппен, яғни оқу, саяхаттау, емделу, сауда-саттық және туысқандарына баратындар кездеседі. Олар Қытайдың визасын алуға біраз шығындалады. Ал экономикасы өскен Қытай азаматтарына Қазақстан визасын алу қиын емес. Екі елдің де бір-біріне мүдделі тұстары көп. Біздің шикізат оларға қажет, ал біздің олардан алатын затымыз одан да көп. Сондықтан мұны да байқап көрген дұрыс, – дейді экономист Досбол Нұрахмет.

Ел туризмінің өзекті мәселесі

«Сын түзелмей, мін түзелмейді». Елге туристерді көптеп тартар болсақ, туризм саласындағы кемшіліктерді түзетпей болмайды. Осы орайда жақында Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев төменгі палатаның жалпы отырысында отандық туризмнің олқылықтарын сынға алды. Ол әсіресе жол сапасына баса көңіл бөлді. Оның айтуынша, еліміздің туризмі тұрпайы, жолдары жұпыны, жарығы мен байланысы, сервистік қызметі жоқтың қасы.

– Соның салдарынан табиғаты тамаша аумақтардың игілігін көре алмай келеміз. Өзге елдерде екі қабатты автобус, комфорт такси, лайнермен круиз жасатып жатқанда, бізде дала тұрмақ, қалалар жаңа автобустарға жарымай отыр. Ескірген автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе?! Бұл көрініс еліміздің беделіне нұқсан келтіретіні белгілі. Біз келген қонақтарға ең жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашып, шетелдіктерді тарта аламыз, – деді ол Премьер-министрдің бірінші орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында.

Өңірлер қалай дамиды?

Бұл жылдың өңірлердің дамуы үшін де тиімділігі зор. Өйткені қытайлықтар ең көп саяхаттайтын халық қатарына жатады. Қытай елі 2020 жылға дейін әлем бойынша туризм нарығындағы ең ірі ел саналған. Сырт елдерге шығатындар саны бойынша Қытай әлемдік рекорд орнатып қана қоймай, сапар барысында ең көп қаржы жұмсайтын турис­тердің санатына кіреді. Ресми статистикаға жүгінсек, қытай жұрты саяхаттап барған елінде кем дегенде 500 доллар жұмсайды екен. Осылайша Қытай саяхатшылары әлем туризмінің тренді саналады. Бұл жергілікті орта және шағын бизнестің дамуына септік етеді.

– Шекара жақтан Қытайдың Алтай жағынан Қанас өзені бар. Ол Қанас өзеніне жыл сайын 10 млн турист келеді. Қытайдың ішкі туризмі. Біз сол жағынан Марқакөл, Тарбағатай, Катон-
Қарағай жаққа 500 мың турисін алып алсақ деген ойдамыз, – дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев осы жыл аясында өткен жиында.

Қытайдағы «Қазақстан туризм жылы», ең алдымен, Қазақстанның танымалдылығын арттыруға, елімізді тартымды туристік дестинация ретінде ілгерілетуге көмектеседі. Демек, бұл елдер арасындағы туристік ағынның ұлғаюына, Қазақстанның туристік бағыттарының қонақ үй кешенін толтыруға және отандық туристік пакеттер мен қызметтерге сұраныстың артуына әкеледі. Нәтижесінде мұның бәрі туризм саласында жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.

Қазақстан несімен тартымды?

Деректерге сүйенсек, қытайлық туристер арасында қысқы туризм, гастротуризм және экотуризм сұранысқа ие. Қытайдан келетін туристер үшін  Алматы қаласы мен Алматы облысы – ең танымал дестинациялар. Көп жағдайда олардың маршруты Орталық Азияның бірнеше елдерін, соның ішінде Қазақстанды қамтиды, сондықтан турлар кезінде олар Астана немесе Алматы және оның төңірегінде болып, одан кейін көрші елдерге саяхаттайды.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма  төрағасы Қайрат  Сәдуақасовтың айтуынша, Қазақстан – қытайлық туристер үшін ең тартымды бағыттардың бірі. Қытай – визасыз режимді қолдайтын көршілес ел ғана емес, сонымен қатар «Бір белдеу, бір жол» бастамасының стратегия­лық серіктесі. Қазақстан халықаралық туристік картада өзінің экобағыты бойынша ерекшеленеді, яғни туристердің назарына эко, этнотуризм, ойын-сауық және ресми іс-шараларды қамтитын «Еco-Ethnic-Entertainment-Events» концепциясын ұсынады. Елімізде 14 ұлттық парк бар, ал жалпы ерекше қорғалатын аймақтардың аумағы Ұлыбритания аумағымен тең.

– Қазақстан – кез келген саяхатшыны өзінің көшпелі мәдениетімен, ғасырларға жалғасқан тарихымен және бірегей табиғатымен қызықтырады. Еліміздің туристік әлеуеті зор. Біздің мақсатымыз – сол байлықты барлығына қолжетімді ету. Қытай 2023 жылы Қазақстанға келген туристер саны көп топ 3 елдің қатарына енді. Туризм жылының күн тәртібін бизнес режимде және тікелей әуе рейстерінің артқанын ескерсек, осы жылы туристік ағымның көбеюіне сенеміз, – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Мәдениет пен экономикаға әсері

Туризм жылы аясында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастық нығая түседі. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы сондай-ақ инвестициялық мүмкіндіктерді ашуға мүмкіндік берді. Туризм және инвестиция­лық форум барысында кәсіпкерлер мен инвесторлар Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойылған, туризмнен басқа, бұл оқиға Қазақстанның басқа салаларын дамытуға да серпін беруі мүмкін. Мысалы, мәдени алмасу, экспорт-импорт операциялары және кәсіпкерлік байланыстардың кеңеюі сияқты экономикалық әріптестіктер қарқын ала алады. Өзара саяси қарым-қатынастардың жақсаруына да ықпал ететін болады, бұл болашақта екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.

Саны қаншаға артады?

Қытайдан келетін топтық туризм пандемияға байланысты 2020 жылдың басында тоқтатылған болатын. 2023 жылғы 8 қаңтардан бастап туристер үшін Қытай шекараларының ашылуына және Қытай азаматтары үшін визасыз режимнің қолданылуына байланысты 2022 жылғы шілдеден бастап Қазақстанға кіру үшін 14 күнге дейін (және 2023 жылғы мамырдан бастап 30 күнге дейін) Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай аудиториясына ілгерілету қалпына келтірілді. Мысалы, 2023 жылдың 9 айында Қазақстанның орналасу орындары 75,1 мың қытайлық туристке қызмет көрсетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе жоғары (37,2 мың адам). Ал «eQonaq» электрондық жүйесінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылдың 12 айында Қазақстанға 103 мың қытай азаматы келді, бұл алдыңғы 2022 жылмен салыстырғанда 104% өсімді көрсетіп отыр. Айта кету керек, 2023 жылы 9 айда (қаңтардан қыркүйекке дейін) Қытайға барған қазақстандықтардың саны 200 мыңнан астам адамды құрады. Осылайша, Қытайдан келетіндерге қарағанда, ол жаққа баратын қазақстандықтар саны басымырақ. Биыл Қытайда қазақстандық туризм жылы шеңберінде Қазақстанды Қытай аудиториясы үшін туристік дестинация ретінде ілгерілету жоспарланып отырғанын ескере отырып, 2024 жылы елімізге 500 мыңнан астам туристтер келеді деп күтілсе, одан кейінгі жылдары Қытайдан келетін туристер саны едәуір артады деп болжануда.

Жыл аясындағы жоспар

Биыл осы салаға жауапты министрлік Қытайдағы Бейжің, Шанхай, Сиань, Үрімші, Чэнду және тағы басқа ірі қалаларда 25-ке жуық іс-шаралар өткізуді жоспарлауда. Соның біріншісі наурыз айында Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ашылу салтанаты болды. Үшінші және төртінші тоқсанға Ұлы Жібек жолы мұрасын ілгерілету шеңберінде мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, қолөнершілер фестивалін, жергілікті өндірушілердің жәрмеңкелерін, қазақ тағамдарының гастрофес­тивальдерін өткізу, Қытайдың ірі қалаларында Қазақстанның ұлттық парктерінің туристік әлеуетін паш ету, Алматы және Астана туризм күндерін өткізу және т.б. іс-шаралар көзделуде. Сонымен қатар,  Қытайдың жетекші туроператорлары, блогерлері мен журналистері үшін ақпараттық және блог турлар өткізіледі.

Ал Астанада 6 маусымда Қазақстан – Қытай туризм конгресі өтеді. Сонымен қатар қала әкімдігі Бейжіңде Астана қаласының Бизнес форумын өткізеді. Елорданың медициналық ұйымдармен таныстыру, оларға тур ұйымдастыру, Қытайда бас қаланың туризм және мәдениет күндерін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бас қаланың театр және музыкалық ұжымдары Қытайға гастрольдік сапармен аттанбақ.

Осы жыл аясындағы тағы бір жағымды жаңалық – Қытайдан Алматыға туристік пойыз­дың жолға шығуы. Оны іске қосу бойынша келіссөзді ҚТЖ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері және Сиань үкіметінің делегациясы жүргізді. Тараптар Үрімжі – Алматы-2 бағытындағы №103/104 жолаушылар пойызының жүру кестесіне сәйкес пойыз Қорғас – Алтынкөл шекара өткелі арқылы өтеді деп келісті. Пойыз Алматы-2 станциясында бірнеше күн тұрады. Осы уақыт ішінде қазақстандық тарап жолаушылар үшін теміржол вокзалында қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға жәрдемдесетін болады.

Қазақстанның жылына 4 млн турист қабылдауға қауқары жетеді. Алайда елдегі қонақүйлер жыл бойына жартылай бос тұрады. Сондықтан мамандар осы саланы жақсылап қолға алатын уақыт келгенін айтады. Әзірге Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумы Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің туризм рейтингісінде 117 елдің ішінен 66-орында тұр.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button