Денсаулық

Қызылша неге асқынып тұр?



Елорда секілді ірі қалаларда эпидемио­логия ахуалы қашанда өзекті. Тұрғындар санының өсуімен қатар, түрлі жұқпалы аурудың өршу қаупі бар. Астанада күз айларында қызылшамен сырқаттанудың жоғары деңгейі байқалды деп мәлімдейді мамандар. Ол балабақша, мектеп, жоғары оқу орны, медицина ұйымдары мен әскери бөлімдерді қоса алғанда, ұйымдасқан ұжымдарда тіркеліп отыр.

Қанша адам сырқатқа шалдықты?

Қызылша – адамнан-­адамға ауа-тамшы жолымен берілетін жұқпалы ауру. Вирус әңгіме­лескенде, жөтелгенде, түшкіргенде өте тез жұғады. Оның белгілері: дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітуі, жөтел, тамақтың ісінуі, көздің қызаруы, денеге бөртпе шығуы. Осы симптомдар пайда болған жағдайда, дереу медицина көмегіне жүгінген жөн. Өйткені дәрігерге кеш қаралған жағдайда ауру асқынса, ақыры өліммен аяқталуы әбден мүмкін. Қызылшамен ауырмаған және оған қарсы вакцина алмаған адам кез келген жаста вирусты жұқтырып алуы мүмкін.

Биыл ең алғашқы жағдай Астанада наурыз айында байқалса, қазір күдікті 1119 жағдай тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 848 жағдай, яғни 75,8 пайыз. 1 қарашадағы көрсеткішке сәйкес, қызылша ауруы 511 науқаста расталса, оның ішінде ересектер арасында 17,4 пайыз, яғни 89 жағдай. 15-19 жастағы жасөспірімдер арасында 14 жағдай, яғни 2,7 пайыз. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 408 жағдай тіркелді, яғни 79,8 пайызды құрайды. Оның ішінде ең көбі – 325 жағдай немесе 63,6 пайыз 4 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Бүгінде елордада қызылшадан стационарлық емделуде 242 пациент бар, оның 174-і – балалар. Ал қызылшаны жұқтырудың 96 пайызы вакцина алмаған балалар мен вакцинация мәртебесі белгісіз ересектер арасында тіркелген.

Қызылшамен ауыратын балалар санының өсуіне байланысты №3 балалар ауруханасының төсек қоры 500 төсекке дейін, оның ішінде реанимациялық төсек 20-ға дейін ұлғайды. Жұқпалы ауру анықталған жоғары оқу орындарының немесе орта білім беру, мектепке дейінгі ұйымдарда топтар, сыныптар оқытудың онлайн режиміне көшті.

Екпе алуға енжар қарамайық!

Мамандардың айтуынша, қызылшаны емдеудің арнайы емі жоқ, одан қорғанудың жалғыз жолы – вакцинация. Ол қауіпсіз әрі 1 жастағы және 6 жасқа толған балаларға тегін жасалады. Өкінішке қарай, қызылшамен ауырғандар арасында екпе алмағандар көп. Науқастардың ішінде қызылшаға қарсы екпе алғандар тек 4,5 пайызды құрады. Вакцина алмағандардың үлес салмағы – 82,2 пайыз, оның ішінде вакцинадан өз еркімен бас тарту себебі бойынша – 43 пайыз, медициналық қарсы көрсетілімі бойынша – 21 пайыз, ал ересектердің 18,2 пайызы вакцинация туралы деректен хабары жоқ.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемованың айтуына қарағанда, наурыз айынан бастап бүгінге дейін 1496 науқас стационар­лық ем қабылдады. Оның ішіндегі 1227 науқас – 18 жасқа де­йінгі балалар. 3 қарашадағы жағдай бойынша 261 пациент стационарлық емделуде, оның ішінде 183-і – бала. Елордада қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы жоспарлы вакцинациямен қамту 77,5 пайызды құрайды, барлығы 22 мыңнан астам бала екпе алды. 6-7 жастағы балаларды ревакцинациямен қамту – 78,8 пайыз деңгейінде.

Қазақстанда қызылша дерті асқынып, эпидахуал әсіресе Шымкент, Алматы қаласы мен Алматы, Жамбыл облыстарында ушығып тұр. Вирустың өршуін денсаулық сақтау бірінші ­вице-министрі азаматтардың екпе алмауынан деп түсіндірген еді. Оның айтуынша, ауырып жатқандардың басым бөлігі – мектеп жасындағы балалар. Аурудың алдын алу үшін ақ халаттылар жоспардан тыс екпе салу науқанын қолға алды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2022 жылы әлемде 155 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Биыл бұл дерт Қырғызстан, Ресей, Украина елдерінде жиі тіркеле бастады. Қазақстанда соңғы жылдары қызылшамен ауыратындар саны азайған болатын, тіпті кей жылдары ешқандай жұқтыру дерегі тіркелмеген еді. Алайда көктемде Түркиядан Ақтөбеге ұшып келген 6 жасар баладан қызылша вирусы анықталды. Сондықтан эпидемиологтар инфекцияның қауіпті екенін ескертеді.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button