Басты ақпаратЕл тынысы

Рахымберді ТӘҢІРБЕРГЕНОВ: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін»



Түркістан өңірінде үлкенге де, кішіге де Рахымберді Тәңірбергеновтің есімі жақсы таныс десек, артық айт­қандық емес. Ол – жаны жайсаң жомарт кісі. Ақжүрек азаматтың қайырымдылығына қалың жұрт тәнті. Ол жетім-жесірлерге, қарттар мен мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға қарайласып, көмек беруді өзінің азаматтық парызы санайды.

Тізгінқағар сөз

Жаппай жекешелендіру кезінде шашылуға шақ қалған автошаруашылықтың шаш-етектен келетін қиындықтарынан қаймықпастан белді бекем буып, әрі-сәрі күйде болған ұжымды сенімді сөздерімен демеп, жақсы күндерге жетелеп, республикадағы үлгі боларлық деңгейге жеткізген Тәңірбергеновтің еңбегі ерен.

Тәңірбергеновтің бес мәрте мәслихат депутаттығына сайланып, түркістандықтардың игілігі мен мүддесі, тыныс-тіршілігі ойдағыдай болуы үшін табандап тұрып, киелі өңірдің өркендеуіне қыруар қаржы қарастыруға дәнекер болғанын да жұрттың бәрі жақсы біледі.

Құмды жерге су шығарып, жайнаған жасыл аймақ пен бау­-бақшаға айналдырған Рахымберді Тәңірбергеновтің ерен еңбегі ерлік демеске лажың жоқ.

Қазақ балалары алысқа ұзамай, кіндік қаны тамған өңірде білім алып, кәсіп меңгерсін, еңбек етсін деген жақсы ниетпен жергілікті жерге өте керек мамандар даярлайтын оқу орнын да ашқан Рахымберді Тәңірбергенов.

Таныла алмай жүрген жас таланттарды тап басып, дарындыларды демеп, өнерлі жастардың өрісін ашып жүрген де Рахымберді Тәңірбергенов.

Суырылып шыққан саңлақ спортшылардың арқасынан қағып, жеңіске жетелеп, батасын беріп жүрген де Рахымберді Тәңірбергенов.

Осындай дархан жүректі, кең пейілді, палуан тұлғалы азаматты түркістандықтар ерекше қадір тұтады.

«Жұрттың жағдайын ойлаған жөн»

Рахымберді Тәңірбергеновтің асып-тасып жатқан көл-көсір байлығы жоқ. Егер тапқан-таян­ғанын шашау шығармай, жамбасына баса берсе, әлдеқашан-ақ бай-бағландардың қатарына қосылатыны анық еді. Оған соншалықты ұмтылып отырған да жайы жоқ. Жаратқан иемнің жарылқағаны жетеді. Соны қанағат етеді. Тынымсыз тіршілік етіп, несібесін теріп жүрген ұлағатты жан қалтасын қампайтуды емес, ең алдымен, түркістандықтардың жағдайын ойлайды. Оның айқын бір айғағы – Тәңірбергенов құрылтайшы болып табылатын кәсіпорынның автокөліктерінде жолақы Қазақстан бойынша алғанда ең арзан. Тіпті мереке, Айт кезінде жолаушыларды тегін тасымалдайды.

Қаланың қарапайым тұрғындары үшін қазіргідей қымбатшылық қысып тұрған уақытта әр тиын есепте екені түсінікті. Соны жақсы түсінген Тәңірбергенов, талай жыл болды, тарифті өсірген емес. Түркістан халқы қала ішінде де, қала маңына да ең арзан көлікпен қатынайды. Автобустың жолақысы – 40 теңге, маршруттық таксиде – 50 теңге ғана.

Бір кездері республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында «Түркістанда жолақысы 10 теңге!» деп жарыса жазғанда, жасыратыны жоқ, «Түркістандықтар айта береді екен-ау» деп миығынан күлгендер де болған. Бірақ бұл ақпараттың рас екеніне көп адамның киелі Түркістанға жолы түскенде көзі жеткен еді.

Жыл сайын кәсіпорын тұрмысы төмен адамдар мен студенттерге қаланың қоғамдық көлігінде жеңілдетілген бағамен жол жүруіне рұқсат беретін карточка таратып жатады. Бұл да – қарлығаштың қанатымен су сепкендей игілікті шара.

Рахаң айтқан әңгіме: «Осы қалада жолаушы тасымалы бойынша бізге бәсекелес кәсіпорын жоқ. Неге дейсіз ғой? Себебі ешкім де арзан бағамен жолаушы тасығысы келмейді. Ал біз жиыр­ма жылға жуықтап қалды, бір бағаны тұрақты ұстап отырмыз. Әлемде дағдарыс. Баға шарықтап барады. Жанар-жағар майдың құны бірнеше есе көтерілді. Қосалқы бөлшектер бізде өндірілмейді, шет мемлекеттерден келетінін жақсы білесіздер, оның да құны аспандап кетті. Ал жаңа көліктердің құнын айтпай-ақ қояйын, көзі ашық жұрт оны жақсы біледі. Бірақ біз, осыны сылтауратып жолау­шыларды ескі-құсқы көліктен тасымалдаған емеспіз, мүмкіндігінше автопаркті жаңартып отырамыз. Бізге керегі – жолаушылар діттеген жеріне дер кезінде, аман-сау жетуі керек. Егер жаңағы айтып өткен проблемалардың барлығын алға тартып, жолақыны көтеретін болсақ, онсыз да титықтап отырған тұрғындардың жағдайы одан бетер мүшкіл болмай ма? Мен ойлаймын, ең дұрыс баға – халықтың қалтасына салмақ салмайтын баға. Осыны ұжым мүшелеріне ұдайы айтып отырамын. Күніне жүз теңге пайда түссе де тәубе деу керек, берекесін берсін! Мен дүние қуған адам емеспін. Жаратқан әрбір жанды абыройынан айырмасын деп тілеуіміз керек.

Депутат – үлкен жауапкершілік

Мен қатардағы қарапайым көлік жүргізушісі болдым. Соның өзінде жұмысымда қателік жібермеуге тырыстым. Жас та болсам еңбегім бағаланды, маған деген сенім артты. Соның нәтижесінде механик, диспетчер, жол қауіпсіздігі инженері, орталық автовокзалдың бастығы қызметтеріне жоғарыладым. Одан кейін үш жылдай бас инженер болдым. 1989 жылы автобус паркінің басшысы қызметі сеніп тапсырылды. Бұл уақыт өте қысылтаяң шақ еді. Елдің де, мекеменің де жағдайы аса мәз емес еді. Оңай болмасын білдік. Бірақ қиындықтан ат-тонымыз­ды ала қашпай, ұжым болып білек сыбана еңбек еттік. Кейін мекеме жекешелендірілді. Содан бері қайнаған тіршілік жақсы жалғасып келе жатыр. Кейбіреулер мақтанды дейтін шығар, дегенмен ауыз толтырып айтуыма болады, біздің мекеме – өңірдегі базасы қалыптасқан, алдыңғы қатардағы үлкен ұжым. Тіпті бүгінгі таңда «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы саладағы мекемелер арасында республикадағы алғашқы ондықтың қатарынан орын алады. Мекемеде бес жүзге тарта адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Біздің қолданыстағы көліктердің қазіргі күні тоқсан пайызы жаңа.

Облыстық мәслихаттың бес шақырылымында депутат болып, Түркістанның түрленіп, тұрғындардың талай түйінді мәселелерін шешуге атсалысты. Түркістандықтар мектеп, ауыз су немесе өзге де әлеуметтік мәселелерін айтып алдымен Рахаңа келетін. Өйткені өздері сайлаған Рахымберді Көлбайұлы уәдесіне берік, істің адамы екенін олар біледі. Елдің мәселесін билік өкілдеріне бүкпесіз, жеріне жеткізіп айтатын, айтып қана қоймай күрделі мәселенің күрмеуін шешуге барын салып, істі соңына дейін жеткізгенше тыным таппайтынын жұрт жақсы біледі. Сол себепті қалың ел мәселеге Рахымберді араласса істің бітетініне бек сенімді болатын.

Рахаң айтқан әңгіме: «1999 жылдан бастап 2022 жылға дейін депутат ретінде Түркістанның дамуына 20 миллиард теңгеден астам қаржының бөлінуіне ықпал жасадым. Түркістанда бой көтерген негізгі нысандардың салынуына тікелей араластым десем қателеспеймін. Көпқабатты үй тұрғындары өз пәтерлерінде жеке пеш орнатып, жиырма жыл көлемінде жылудың тақсыретін тартқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде орталық жылу қазандығы мен сарқынды су жүйелерінің стансасын салуға ықпал еттім. Бұл – қаламыздағы ең үлкен жобалар. Мектеп, балабақша, аурухана, спорт орындары секілді әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне де ықпал етіп, осы мәселелердің басы-қасында жүрдім. Бірақ бір байқағаным, жұрттың жағдайын ойлап, күндіз-түні тыным таппай, жарғақ құлағым жастыққа тимей, табанымнан таусылып жүрсем де өзімді ойлауға мұршам болмаған екен-ау, үй алмадым, тендерге қатысқаным жоқ».

Колледжде оқып жүр талай қазақ баласы…

Түркістанда жастардың авто-механикалық кәсіпті терең меңгеруі үшін Ерқанат Тәңірбергенов атындағы индустриал­ды-педагогикалық колледж ашып, ауыл балаларының техникалық білім алуына қамқор болып отыр­ған да Рахымберді Көлбайұлы. Бұл, әсіресе, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін үлкен демеу. Олар оқу-білім іздеп, алысқа бара алмайды, қол қысқа. Білім алғысы келеді, бірақ қалта тесік. «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі». Осындай шарасыз күйге түскен отбасылардың балаларын оқытуға тағы да қол ұшын беріп отырған – ­Рахымберді Тәңірбергенов.

Рахаң айтқан әңгіме: «Қазір екінің бірі жоғары білім алғысы келеді, колледжге ұмтылып жатқан жастар аз. Соған қарамастан, өндірісімізге ауадай қажет автомеханик, диспетчер, автослесарь, дәнекерлеуші сияқ­ты мамандықтарды игеруге жастарды тарту үшін колледж аштық. Онда білім алуға ниет еткен жастарға барлық жағдай жасалды. Қазір он жыл болды, алғашқы түлектеріміз қазірдің өзінде ел игілігі үшін қызмет етіп жүр. Тіпті директор қызметіне көтерілгендері де бар. Колледжде оқу ақысы да басқа білім ордаларымен салыстыр­ғанда өте төмен, қарапайым халықтың қалтасы көтереді. Мемлекет тарапынан алатын грантымыз да бар».

«Жасыл белдеу», бау-бақша және «Баянауыл» бассейні

Түркістан қаласынан шыға беріс бөлігінде құмды тоғыз гектар аумаққа 6000 түп ағаш отырғызған да Рахымберді Тәңірбергенов. Алғашында бұған күмәнмен қарағандар болды. «Өзі құмды жер, оның үстіне су жоқ, арамтер болудың қажеті қанша?» деп қысыр сөзді көпірткендерге ләм-лим деп жауап қатқан жоқ, қолға алған тірліктің нәтижелі болатынын ісімен дәлелдегісі келді.

Алқап дөңес болғандықтан, онда ағын су шығару мүмкін емес. Оның үстіне ағын суды беріп жатқан кім бар дейсіз?! Мақта өсіретіндерден артылмайды. Оны берген күннің өзінде тұрақты болуы екіталай. Бірде бар, бірде жоқ. Бұл жас көшеттердің қанып су ішуіне мүмкіндік бермесі хақ. Ал аңқаны кептіретін аптап ыстығы басым Түркістанда шілденің шіліңгірінде жаңбырдан үміттену бос қиял. Сондықтан басқа оңтайлы жолын қарастыру керек екенін түсінген Рахымберді Көлбайұлы суландыру ісімен айналысатын мамандардың көмегіне жүгінеді. Қанша метр тереңдіктен су шығады, қоры қанша, сапасы қандай – бәрін мамандармен кеңесе отырып, түгел зерттейді. Бірнеше құдық қаздырады. Тіршілік нәрі келгеннен кейін құмды жер адам таң қалатындай жайқалған жасыл алқапқа айналады. Күні ертең осы бір аумақ орманды алқап болатынына еш күмән жоқ.

«Жасыл белдеуден» басқа жемісі төгілген бау бар. Алма, алмұрт, шие, өрік дейсіз бе, бәрі өседі. Игілігін көріп отырған тағы да түркістандықтар. Тек жеміс ағаштарын сындырмаса болғаны, жинап ала бер. Тегін.

Рахаң айтқан әңгіме: «Жасыл белдеу» – өңір басшылығының Түркістанды дамыту мақсатындағы басым бағыттың бірі. Басқасын қайдам, қалталы кәсіпкерлердің осыған атсалысуына болады ғой. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» демей ме? Көп болып жұмылса, Түркістанды жасыл желекке көмкеруге болады. Оған ынта керек».

Бау-бақшаға жақын маңда еңселі ғимараттың шеке тұсындағы «Баянауыл» деген жазу көзге бірден түседі. «Баянауылдың Түркістанға қаншалықты қатысы бар?» деп сұрадым. Бақсам, бұл бассейн екен. Оған «Баянауыл» деген атауды таңдаған тағы да Рахаң болып шықты.

Рахаң айтқан әңгіме: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтей ғұлама, ғажап адам шыққан Баянауыл – қасиетті, құтты мекен. Мен ерекше қадір тұтамын. Сол себепті Баянауыл атауын таңдадым».

Отан отбасынан басталады

Тәңірбергенов – тау тұлғалы, кең жауырынды, еңселі адам. Спортты серік еткен жан екені түр-келбетінен көрініп тұр. Еркін күрестен спорт шебері.

Рахаң айтқан әңгіме: «1971 жылы отау құрдым. Төрт ұл, бір қыздың әкесімін. Бүгінде ­перзенттерім әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. ­­Соның ішінде үшінші ұлым Ерқанатымның орны бөлек еді. Әттең, сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Ғұмыры қысқа болса да, артында өшпестей із қалдырды. Елдің ұлына айнала білді. Соған шүкіршілік деймін. Одан кейінгі Дәуренім де ел үшін ерінбей еңбек етіп жүр. Мен үшін өмірдегі басты ұстанымның бірі – бала тәрбиесі. Осы бағытта ұл-қыздарымның жаман атын сырттан естімеуге барымды салдым. Оларды көппен бірге болуға, санасуға, кішіпейілдік танытуға баулыдым. Аллаға шүкір, еңбегім еш кетпеді деп ойлаймын».

Ерқанат та әкесі секілді спортқа жақын болған. Шәкірт тәрбиелеген. Кезекті бір спорт сайысына бара жатқан кезде, қаһарлы қыс айы болса керек, жол апатына түсіп, қапияда қаза тапқан. Рахаңның өмірлік жары, ұл-қыздарының ардақты анасы Баян Жақсылыққызы да осыдан бір жыл бұрын бұл фәнимен қоштасқан. Жетпістің төртеуіне қадам басқан асқар тау әкенің бүгінгі жұбанышы мен көз қуанышы – немерелері.

«Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үлкен бөлмесінде музей ашуға дәнекер болған да Рахымберді Тәңірбергенов. Музейге кіре бергенде сол жақ қабырғада Рахым Көлбайұлының жас кезінен бастап осы күнге дейінгі жүріп келе жатқан даңғыл жолы жайлы сыр шертетін фотосуреттер мен ресми құжаттар, марапаттар топтастырылған. Ал музейдің оң жақ бөлігінде – асыл перзенті Ерқанат Рахымбердіұлының өмірдеректері.

Ата-анасының да жарқын бейнелері – осы музейде. Анасының суретіне қарадым да, Рахаңа қарадым. Ойымды түсіне қойды да: «Иә, менің түр-түсім де, мінезім де анама тартқан» деді.

Рахаң айтқан әңгіме: Анам мақта теруде озат еді ғой, ақ ұлпаны қолы қолына жұқпай жинайтын. Бала болсақ та, Аманкелді, мен, Сара шешемнен қалмай жүйекке түсеміз де, бірімізден біріміз қалыспай мақта тереміз. Аракідік басыңды көтерсең «Әй, еңкей!» деп шешем зекіп тастайтын. Ал аурушаңдау әкем жарықтық, «Еңбекке ерінбеңдер,бейнет түбі – зейнет» деп ұдайы айтып отырушы еді».

Тізгінтартар сөз

Рахымберді Тәңірбергенов­тің елге сіңірген еңбегін, қайырымды істері мен жақсы қасиеттерін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Ол Түркістанның футбол федерациясын да бірнеше жыл басқарды. Бір кездері Жарылқапов атындағы стадионда қала біріншілігі әлем чемпионатынан кем емес деңгейде, өте тартыс­ты өткенін тамсана айтады түркістандықтар. Түркістанның «Монтажник», кейін «Яссы» деп аталған командасының ел біріншілігінде мерейі үнемі үстем болған екен. Футболшыларды жеңіске жігерлендіріп, демеушілік көрсеткен тағы да Рахымберді Тәңірбергенов.

Түркістандық кәсіпкер екі миллион теңгеге «EXPO-2017» көрмесінің бес жүз билетін сатып алғанын да білеміз. Оны еңбек майталмандарына таратқан. Сонымен бірге өз есебінен түркістандықтардың көрмеге баруы үшін арнайы автобустар ұйымдастырған.

Айта берсек, қолы ашық, жүрегі кең, жаны жомарт кәсіпкердің игі істері өте көп. Алдағы уақытта да шапағаты мол жақсы істерінің жалғаса беретініне күмәніміз жоқ. ­­­Тек «Тәңірбергеновтің тынымсыз тірлігі тоқтамасын!» деп шынайы тілек айтқымыз келеді.

 Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button