Елорда тынысы

Рақымшылық жасалып, өтемақы беріледі



Осы жылдың 3 қарашасынан бастап «Қаңтар оқиғалары» барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты «Рақымшылық туралы» ҚР заңының ережелері күшіне енгені белгілі. Қазіргі уақытта 1071 адамға рақымшылық жасалды. Бұл туралы Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Килым­жанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарлады. Атап айтқанда, тергеу органдары сотқа дейінгі кезеңде ауырлығы орташа қылмыс жасаған 8 күдіктіге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.

– Сот 9 адамға қатысты істі тоқтатты, үкім шығарылған кезде 77 адамға жаза мерзімі қысқартылды. Сондай-ақ соттар 902 сотталушының жазалау мерзімін қысқартты, оның 827-сі – есеп беретін пробациялар, ал 75-і жазадан босатылды. Өткен ай ішінде рақымшылық актісін қолдана отырып, бас бостандығынан айыру орындарынан 60 адам, ал пробациялық бақылаудан 68 адам босатылды, – деді спикер. Сондай-ақ ол қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының сақталуы және заңдылық қамтамасыз етіліп жатқанын атап өтті. Жаңа мән-жайлар анықталуына қарай олар жұртшылықтың назарына жеткізілетін болады. Прокурор тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды.

Осы жиында қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың отбасыларына материал­дық көмек көрсетілетіні айтылды. Жаппай тәртіпсіздік азаматтар мен қызметкерлер арасында қаза тапқандарға әкеліп соқты. Заңнама мұндай қылмыстардан зардап шеккендерге мемлекеттік бюджет есебінен өтемақы төлеуге кепілдік береді. Қазіргі таңда қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккендерге мемлекет тарапынан 14,6 млрд теңге төленді. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев айтып берді.

– Сонымен қатар құрбан болғандардың, осал топтарға жататындардың отбасыларына, тергеу нәтижелеріне қарамастан, гуманитарлық төлемдерді төлеу туралы шешімі қабылданды. «Қазақстан халқына» қоры 91 қаза тапқандардың отбасыларына 637 млн теңге материалдық көмек көрсетті. Сондай-ақ мемлекет тарапынан күштік құрылымның қаза тапқан барлық қызметкерлерінің отбасыларына материалдық жәрдем берілді, – деді полковник.

Қаңтарда наразылықтар жаппай тәртіпсіздікке ұласты, оның барысында бұзақылар мемлекеттік және жеке нысандарды, банктерді, дүкендерді, сауда үйлерін тонап, көлік құралдарын қиратты. Нәтижесінде мемлекеттік органдарға, кәсіпкерлерге және жеке тұлғаларға миллиардтаған залал келтірілді. Оқиғаның қалай болғаны туралы ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев баяндады.

– Тек Алматы қаласында 7 аңшылық дүкені тоналды, олардан 1440 дана қару, аңшылық жарақтары мен киімдері ұрланған. Тараз қаласында 3 дүкенге шабуыл жасалған, олардан 206 дана қару ұрланған. Күштік құрылымның ғимараттарына шабуыл жасау барысында 1288 дана қару ұрланған. Көрсетілген мәліметтер бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 37,5 млрд теңге залал келтірілген, оның ішінде негізгі бөлігі – Алматы қаласында. Онда кәсіпкерлердің 34,3 млрд теңгелік мүлкі бүлінген, жо­йылған және ұрланған. Сонымен қатар мемлекеттік нысандарға да орасан залал келтірілді. Тек Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарының Полиция департаментінің ғимараттарын қалпына келтіруге Үкіметтен 2,7 млрд теңге қаражат бөлінген, – деді спикер.


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button