Басты ақпаратЖаңалықтар

Реновация: тәсіл мен тәжірибе



Ескірген, апатты жағдайдағы үйлерді сүру, орнына жаңа ғимараттар тұрғызып, тұрғын үйлерін қайтадан жаңарту мәселесі – ірі мегаполистердің бәріне ортақ нәрсе. Реновация «жаңарту», «жөндеу» атауын кең мағынада түсінуге болады. Бұл ескі ғимараттардың жаңғыртылуын, орнына жаңасын салып, тарихи құндылығы бар үйлерді қалпына келтіріп, күрделі жөндеуді айтады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл ауқымды инвестициялық жоба ретінде тұрғын үй қорын жаңартуға және оны шешуге бағытталған тұрғын үйді тиімді пайдаланудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін айқындайды.

Қазіргі заманғы мегаполистердің дамуы бағытындағы бұл жұмыс аса күрделі мәселе екені рас. Қаланың да үйлері ескі көйлектей тозады, ол да сәннен шығып, жаңа технологияның дамуына қарай қолданыстан шығып, адам өміріне қолайлы болмай қалады. Десе де көрікті қала тұрғызған жұрттың ескіні жаңғыртып, жақсыны қалпына келтіруде де орасан зор тәжірибесі жоқ емес.

Айталық, Токиода 1923 жылғы жер сілкінісінен кейін қирап қалған үйіндінің үстіне 2,5 мыңдай жаңа үй тұрғызды. Ал 50-жылдары бұл үйлер толығымен қайта тұрғызылып, қазіргі күні бұл қалада ескі үйлерді еске түсіретін шағын ескерткішті ғана қалдырыпты.

Бейжіңде ескі және апаттық жағдайдағы тұрғын үйді жаңарту бағдарламасы 1949 жылдан бастап қолға алынды. 1978 жылы ол жаңа деңгейге көтерілді. Ал 1990 жылы Қытайдың құзыретті органдары тұрғын үйлерді жөндеуді жеделдету туралы қаулы шығарып, бір мезетте 37 қанатқақты жобаны бастап жіберді. Осылайша олар жетпіс жылдан бері жөндеу, жаңғырту жұмыстарымен айналысып келеді. Ашық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы бұл бағытта 30,8 миллиард юань немесе 4,5 миллиард доллар жұмсап, өткен жылдың көрсеткішінен 60 пайызға асып отыр. Бұл елдің бағдарламасының ерекшелігі – энергияны үнемдейтін үйлер салу және энергияны тұтыну тиімділігін арттыру, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, инженерлік жүйелерді жаңарту, көмір пештерін арзан қуат көздеріне ауыстыру, қаланың тарихи бөлігіндегі тар аллеяларда микроциркуляцияны арттыру. Бұл ретте олар өздерінің дәстүрлі тұрғын үйі – хутун үлгісін алып отыр.

Батыста болса Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұрғын үй мәселесін шешу үшін бір типті панельді тұрғын үйлер көптеп салынды. Ел тойынып, халықтың тұрмысы көтеріле бастағанда, қала басшылары асығыс салынған үйлердің уақытпен үйлесім таппай отырғанына көздері жетеді. Мысалы, көп жылдар Кеңес Одағының ықпалында болған Шығыс Германияның шағын кенттерінің бірінде реновация жүргізуді сәулетші Штефан Форстер бюросы қолына алады. Бұл істі жайнатып жіберген сәулетшінің еңбегі бағаланып, халықаралық сыйлықпен марапатталады. Сәулетші белсене кіріскен Галле шағын кентінің тәжірибесінде ескі панельдік үйлер сүрілген жоқ, керісінше, оған қосымша жатқан алаңдарды абаттандырып, кіреберісі дәліздерін, қасбеттерін, сонымен бірге жоғары қабаттардағы пәтерлерді ішінара өзгертіп, оған қоса жаңа қосалқы құрылыстар салып, халыққа қолайлы орта жасау арқылы адам танымастай етіп өзгертіп жіберді.

Реновацияның ендігі бір тәсіліне «джентрификацияны» қосуға болады. Ағылшынның «gentrification» деген сөзінен аударғанда абаттандыру деген мағына береді. Бұл батыста реңсіз сұрғылт, көзге қораш көрінетін ескі тұрғын үй кешендеріне молдап капитал құю арқылы іргесін бекітіп, тұрғындарға қолайлы орта жасау арқылы тиімділігіне мән береді.

Бұл үрдіс елордамызда орын алып, ескі қаланың қоғамдық орындарын абаттандырып, сүрілген үйлердің үстін саябаққа айналдырып, тұрғындарына тартымды еткені белгілі. Осылайша арт-кластер, креативті кеңістіктер пайда болып, көше мәдениетін қалыптастыратын шығармашылық адамдарға мүмкіндік жасалды.

Парижде осы мақсатта 490 квартал мен 4 миллион тұрғынды қамтыған «Үлкен Париж» ұлттық жоспары жүзеге асырылды. Францияның тағы бір қалпына келтірілген жері 1960 жылдары салынған Лиондағы Дюшер кварталы 2001 жылдан бастап неғұрлым тартымды және теңдес­тірілген ашық кеңістікті ұйымдастыруға бағытталған ауқымды жөндеу объекті­сіне айналды. Орамдағы ескі үйлердің орнына әлеуметтік тұрғын үйлері бар жаңа көппәтерлі үйлер салынды. Осы тоқсанның жаңартылуы тұрақты аумақтық жоспарлау қағидаттарына негізделіп, сол арқылы «экоквартал» тұжырымдамасын іске асырды. Француз реновациясының жобалары энергетикалық тиімділікті арттыруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жағдайын жақсартуға, техникалық жабдықтарды ауыстыру мен жаңғыртуға, қоғамдық аймақтарды абаттандыруға және тұрғын үй аумақтарының тартымдылығын арттыруға бағытталды.

Францияда тұрғын үйді жаңғыр­туда пәтерлердің шаршы метрін ұлғайту әдістері қолданылды. Яғни пәтерлердің жалпы санын азайтып, қасбетіндегі қосалқы орындарды пайдаға жаратып, қажет болғанда қосымша жайлар салынды. Бұл ретте тұрғындарды отырған жерінен қозғамастан, құрылыстың оңды бітуіне мүдделі етті. Сол себепті тұрғындар мен муниципалитет құрылыс шығындарын тең бөлісті.

Нидерландыда бұл салада қалалық тұрғын үйді қалпына келтірудің мемлекеттік және муниципалды бағдарламалары қолданылады. Осы мақсатта жыл сайын 500 млн доллар көлемінде мемлекет қаржыландыратын қалаларды жаңарту қоры жұмыс істейді.

Муниципалитеттер сыртқы қабырғаларды жылытуды, шатырларды жөндеуді, екі қабатты терезелерді орнатуды, энергияны үнемдейтін жарықтандыруды, ресурс­тарды үнемдейтін коммуникацияларды және т. б. қамтамасыз ететін ғимараттарды жөндеу және жөндеу бойынша арнайы бағдарламалар жасайды. Скандинавия елдері тұрғын үй қорын молайтудың мемлекеттік бағдарламаларын, оның ішінде ғимараттарды жаңарту арқылы кеңінен қолданады. Мысалы, Швецияда тұрғын үйді жаңарту шығындарын толық өтеу (мемлекеттік және муниципалды қор), тұрғын үй қорын ұстау мен қызмет көрсетумен бірге, пәтер ақысының қосымша бабы есебінен жүзеге асырылады, оның жалпы мөлшері отбасы табысының 15-тен 50 пайызына дейін өзгереді.

Еуропа елдеріндегі ескеретін нәрсе олар көбіне ғимараттарды сүруден гөрі құрылымдық элементтерді ішінара өзгерту, қазіргі заманғы технологияларды пайдалану арқылы жылжымайтын мүлік объектілерін қайта жаңартуды және жаңғыртуды қолайлайды. Бұл өте ертеден іргесі қаланып, тарихи қалыптас­қан тұрғын үй қорының сапасын көтеріп, қазіргі заманға сай безендіріп, тұрғындарға тиімді жағдайда ұстауға мүмкіндік береді

Еуропа елдеріндегі ескеретін нәрсе олар көбіне ғимараттарды сүруден гөрі құрылымдық элементтерді ішінара өзгерту, қазіргі заманғы технологияларды пайдалану арқылы жылжымайтын мүлік объектілерін қайта жаңартуды және жаңғыртуды қолайлайды. Бұл өте ертеден іргесі қаланып, тарихи қалыптасқан тұрғын үй қорының сапасын көтеріп, қазіргі заманға сай безендіріп, тұрғындарға тиімді жағдайда ұстауға мүмкіндік береді.

Тек Еуропа елдерінде емес, бұл мәселе өзіміздің елімізде де маңызды бола түспек. Өйткені «хрущевка» деп аталатын, оның алдында 30-40-жылдары салынған үйлердің жаңғырту, оны тұрғындарға қолайлы, қалаға көрікті ету қажеттілігі бар. Бұл тұрғыда көрші Ресей ұтымды шешім шығарды. 2017 жылы басталған Мәскеудің тұрғын үй қоры реновациясы бүгінде нәтижесін көрсетті. Бұл бағдарлама бойынша 350 мыңнан астам пәтерлі 2175 үйді сүріп, орнына заманауи комфорт санатындағы үйлер тұрғызып, бір миллионға жуық мәскеулік қоныс­тойын тойлайтын болады. Мәскеу реновациясы туралы газетіміздің келесі сандарында арнайы сараптама жасайтын боламыз.

Айгүл Уайсова




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button