Елорда тынысы

Рухани кітап таныстырылды



Астана қаласында ресми тіркелген діни бірлестіктердің шығу тарихы, олардың қызметі, мешіттер мен ғибадат ғимараттары жайында жазылған «Елорданың діни нысандары» атты энциклопедиясының таныстырылымы өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайындағы жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен, қалалық  діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметшілері қатысты.

Жаңа кітаптың тұсаукесерінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қатысып, туындының елорда тұрғындары мен қонақтарына дін туралы таптырмас нұсқаулық болатынын атап өтті.

«Дін – халқымыздың әлеуметтік және рухани өмірінің бір бөлігі. Қазақ халқында салт-дәстүр мен әдет-ғұрып дінмен ұштас­тырылған. Салиқалы өмір сүру, дұрыс ұрпақ тәрбиелеу, келер ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, құрметтеу, ізет көрсету қасиеттерін қалыптастыру дін мен дәстүріміздің ерекшелігі деп айтуға болады. Бұл еңбек елордалықтарға, қала қонақтарына және дін саласының зерттеушілеріне нұсқаулық болады деп ойлаймын» деді мәслихат төрағасы.

Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкен діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы жазылған туындыны Астананың ширек ғасырдағы жетістігі  дей келе, бұл шараның Астананың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

– Үш жылда бір өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамызды әлемдік және рухани диалог орталығына айналдырды. Елордадағы 14 діни конфессия мен 57 діни бірлестіктің еңбегінің арқасында 25 жылда  елордадағы дін саласы өзіндік дара жолын қалыптастырды. Осы жетістіктерді жарыққа шыққан кітаптарда көрсетуге тырыстық, – деді қала әкімінің орынбасары. Жаңа басылым Астана қаласындағы діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы баяндалған ең алғашқы бірегей еңбек болып табылады.


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button