ДенсаулықСұхбат

Рысгүл ПЕРНЕБЕКОВА, жас терапевт: СЫРҚАТТЫҢ ЕМІ ТАБЫЛҒАН САЙЫН ҚҰЛШЫНЫСЫМ АРТА ТҮСЕДІ



nthg

Адам өмірінің соңына дейін хирургке жолықпауы мүмкін. Алайда, дүние есігін ашқаннан есейгенге дейін ең көп кездесетін педиатр мен терапевт дәрігерлерінің орны бір төбе. Адамның физикалық және психикалық дамуын бақылап, өз жасына сәйкес жетілуін қадағалайтын, аурудың алдын алатын, жұмысы ауыр, көпбейінді бұл мамандыққа енді кіріскен жанға төленетін ақы да аз, бар-жоғы – 50 мың теңге. Астана қаласындағы №9 қалалық емхананың ең жас терапевт-маманы Рысгүл Пернебековамен аз-кем сұхбатымызда бас ауырып, балтырымыз сыздай қалса, алдымен жүгінетін мамандар еңбегіненің қыр-сырына қанықтық.

– Рысгүл, дәрігерлікті таңдауыңызға не себеп болды?

– Бастауыш сыныпта «Кім болғың келеді?» деген тақырыпта шығарма жазғанда, мен ойланбастан «Дәрігер боламын» деуші едім. Себебі, бес жасымда жанұямызбен жол апатына ұшырап, өлім аузынан қалғанбыз. Осыдан кейін өмірімді сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға құрметім артып, дәрігер мамандығын аламын деген шешімге келдім. Сол арманмен 2006 жылы Астана Медицина университетінің «Емдеу ісі» факультетіне оқуға түсіп, терапевт мамандығын игеріп шықтым. Оқуымды бітіргеннен кейін жолдасыммен бірге Астана қаласында қалуға шешім қабылдадық. Жас мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасымен былтыр осы №9 қалалық емханаға учаскелік-терапевт қызметіне орналастым.

– Жұмыс күніңіз қалай өтеді?

– Терапия өзіме қатты ұнайды. Науқастар сырқатына ем табылып, алғыс алған сайын жұмысқа деген құлшынысым артады. Жұмыс күнім әдетте белгіленген кесте бойынша жүреді. Қабылдауға науқастар алдын ала жазылып келеді, бірақ арасында сырқаты ауыр жандарды шұғыл қабылдаймыз. Қабылдау біткен соң, тіркеу бөлімінен үйге шақырғандардың мекенжайын алып, учаскені аралауға шығамыз. Арнайы шақыртудан бөлек, ардагер кісілер мен мүгедектердің хал-жағдайын біліп тұру да – учаскелік дәрігердің міндеті. Тұрғындарды жас деңгейлеріне байланысты скринингке шақырамыз және мейірбикелермен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Науқастарды және сауықтыру іс-шараларын қажет ететін мүгедектерді жоспарлы түрде бірыңғай госпитализация порталына тіркеп, аурухана мен сауықтыру орындарына жолдама береміз. Науқастарға қажетті түрлі анықтамалар мен тексерулерді дайындаймыз. Сырт көзге көрінбеуі мүмкін, алайда учаскелік дәрігер өзіне берілген аумақтағы әрбір сырқаттың, тіпті әрбір тұрғынның денсаулығынан хабардар болып отыруы тиіс.

– Осы мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

– Болған (күліп). Астананың аязды күндері үй-үйді аралау көп қиындық туғызады. Боранда тоңып, тайып жығылып та қаласың. Кейде жоғары қабаттағы пәтерлерге жаяу шығуға тура келеді. Тіпті, әріптестерімнің итке таланған кездері де болған. Осындай жайттар орын алғанда учаскелік дәрігер қызметінен кетіп қалғым келеді. Бірақ, жасаған емнің нәтижесін көргенде, науқастың жағдайы жақсарғанда, барлығын ұмытып кетесің.

– Бүгінгі адамдардың денсаулығы туралы не айтасыз?

– Қазіргі таңда аурулар «жасарып» барады. Бұрындары тек қарт кісілерде кездесетін ауру түрлері қазір жастар арасында да белең алуда. Семіздік, қан қысымының жоғарылауы, ас қорыту жүйесінің бұзылуы көп кездеседі. Себебі де белгілі, күйбең тіршілікпен тыным таппайтын халықтың көпшілігі салауатты өмір салтын ұстанбайды, дұрыс тамақтанбайды.

– Дәрігер мамандығы бойынша еліміздегі ең жақсы оқу орны деп қайсысын айта аласыз?

– Жоғары дәрежелі білім алу оқу орнына емес, адамның өзіне тікелей байланысты. Оқыған жері маңызды емес. Сол себепті, дәрігер боламын деп шешім қабылдаған адам оның біліміне басқа адамның өмірі тікелей байланысты екенін үнемі есте сақтағаны жөн.

Сұхбаттасқан Айнұр РАҚЫШЕВА




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button