Мәдениет

СӘБИТ ҚҰРМАНБЕКОВ: БӘРІМІЗ ДЕ ОРАЛМАНБЫЗ!



Астанадағы «Сарыарқа» кинотеатрында кейінгі кезде зерделі көрермен жиі айтып жүрген «Оралман» көркем фильмі­нің премьерасы болды. Әдейі барып көрдік. Бір сөзбен айтқанда, ұнады. Көп ойды астармен, емеурінмен жеткізген. Көрерменді өзіне шым-шымдап тартып отырады. Еліміз егемендік алғаннан бері атамекенге сырт жерде жүрген миллионнан астам қандасымыз оралды. Елге ел қосылды. Бірақ содан бері осы ұлы оқиға жайында жазылған сүйекті әдеби шығарма немесе түсірілген көркем фильм жоқтың қасы еді. Міне, осы олқылықты «Оралман» фильмі толтырғандай болды. Өзім солай қабылдадым. Жаңа туынды жарыққа шыққаннан бері ол жайында киносыншылар, журналистер жазды. Мен сол жолды шиырлағым келмей, киноның бас режиссері Сәбит Құрманбеков ағамызды сөйлеткім келді. Әрі-беріден соң фильм туралы одан артық айту да мүмкін емес.

– Аға, фильмді көрдім. Өзіме жылы әсер қалдырды. Жалпы, киноның идеясы қайдан келді?
– Бұл идея жалғыз менде ғана болды демеймін. Саналы әр қазақтың жүрегіңде жүр деп ойлаймын. Былайша айтқанда, өмірдің өзінен келген тақырып. Әрине, «оралман» деген сөз шеттен келген ағайынға ауыр тиеді. Соны киноның тақырыбына алғанда көп қиналдым. Күні-түні ойға батып жүрдім. Басқаша атағым келді. Бірақ фильм ашылмай қалатын секілді көрінді. Содан Дәрежан Өмірбаев деген белгілі режиссерге  ойымды айттым. Ол: «фильмнің тақырыбын неде болса қаттырақ қойған жөн. Жүректі дір еткізетіндей. Ол сөзді біз ойлап тапқан жоқпыз ғой» деген өз пікірін кесіп айтты. Содан осыған тоқтадым.
– Сценарийдің авторы кім?
– Оны Нұрлан Санжар жазды. Елімізге белгілі азамат. «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлді сомдаған актер. Қазір талантты сценарист.Ол былай болды. Біз Теміртауда Елбасы туралы кино түсіріп жүргенбіз. Маған Нұрлан хабарласып: «Менде бір жақсы фильм болатын дүниенің сценарийі бар. Соны қарап көресің бе?» деп өтінішін айтты. Оқысам, дін тақырыбы туралы жазылған. Бас кейіпкердің ата-бабасы ертеде Байқоңыр­дың маңайындағы Төретам деген стансаны жайлаған. Сол жерді мекендеген төрелердің тұқымынан болса керек. Бірақ өзі діннен, дәстүрден ажырап кеткен. Бас кейіпкердің болмысы ұнағанымен, ондағы оқиға ұнамады. Мен оған өзімнің миымда әбден пісіп-жетілген оралмандар туралы фильм­нің идеясын айттым. Нұрлан да оны құп көріп, сценарийді қайтадан жазып шықты. Кинодағы қария атажұртқа келіп, өмірден өткенде үйдің іргесінде орналасқан полигонның аумағында қалған зиратқа қою үшін Сапарқұлдың рұқсат қағазы болмаса да, тікенек сымды бұзып өтетін оқиғасы алғашқы сценарийден алынды.


– Фильмге неге Ауғанстаннан келген ағайынды таңдап алдыңыздар?
– Оның себебі бар. Мәселен, Қытай, Моңғолия және тағы басқа көршілес елдерден қоныс аударған ағайынның бәрі бізге жақын қоғамдық жүйеде өмір сүрді. Оларға ортаға бейімделу жеңілірек тиеді. Ал Ауғанстан мен Ираннан келген бауырлардың көзқарастары да, өмірлік ұстанымдары да, тәрбиесі де басқа. Өзге әлемнен келгендей әсер қалдырады. Содан бас кейіпкерге Ауғанстаннан келген бауырларды таңдадым. Бұған түрткі болған бір оқиға болды. Бір жылдары «Азаттық» радиосының жігіттерімен жақын араластым. Сонда Уәли командир деген азаматпен таныстым. Өзі қазақ. Ауғанстаннан келген. Сол жақта тұрғанда 15 жасынан қолына қару ұстап, Кеңес өкіметінің жауынгерлерімен, талибтермен соғысқан. Бүгінде Алматының іргесіндегі Қаскелеңде тұрады. Сол кісімен жолығып, ұзақ әңгімелестім. Фильмде бас кейіпкердің: «Мен он жасымнан соғысып келемін. Қанды қырғынның не екенін жақсы білемін» дейтін сөзі бар. Сапарқұл атажұртқа келгенде, қоныс тепкен кішкене ауылдың әкімі де кезінде Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген. Сол Сапарқұлға: «Біз бір-бірімізбен соғысып жүріппіз ғой» деп астарлап жеткізеді.


– Кинода жан түршігерлік бір эпизод бар. Талибтер босқын лагерінде жұртшылыққа кино көрсетіп жатқан киномеханикті жазықсыз атып тастайды. Оны қайдан алдыңыз?
– Тоқсаныншы жылдардың басында теледидардан Ауғанстан туралы бір хабар көрдім. Сол елдің Құндыз деп аталған провинциясында «Жұлдыз» деген қазақ, өзбек және түрікмен қауымдастығы бірігіп шығарған журнал бар екен. Соның бас редакторы – қазақ азаматы. Бірде редакцияны талибтер басып алып, барлық қызметкерді аулаға шығарып, солардың көзінше бар кітап пен журналды өртеп жіберген. Оқиға маған қатты әсер етті. Бұдан олардың мәдениетке деген, өркениетке деген өшпенділікті байқадым. Осы көріністі киноға жұқалап енгіздім. Әрине, ол жерде жазушыны емес, қалың қауымға кино көрсеткен киномеханикті жазалайды.


– Көркем фильмде ептеп дін тақырыбы да айтылады.
– Иә. Менің бас кейіпкерім – азаншы. Бірақ ол молда емес. Ертеректе дауысы әуезді, жағымды адамдар азан айтатын болған. Азаншы жамағатты намазға шақырады. Жұртты құлшылыққа ояту үшін. Бірақ кинода басты фонға дінді алған жоқпын. Дінді өте сыйлаймын. Дін арқылы ұмыт қалған ғұрыптармен қайта қауыштық. Біздің де қалғып кеткен санамызды алыстан келген ағайындардың көбі оятты. Ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге, қадірлеуге. Жетпіс жылдан астам кеңестік идеологияның құрсауында болдық. Азаттық алғаннан кейін ғана ұлттық құндылықтарға оралдық. Сондықтан бәріміз де оралманбыз!
– Кино қанша мерзімде түсірілді?


– Көп уақытқа созылған жоқ. Бір ай шамасында ғана. Фильмнің алғашқы бөлігін Тәжікстанға барып түсірдік. Ол жердің табиғаты Ауғанстанға ұқсайды. Тау-тасты өңір. Қалғаны елімізде жалғасты. Алғашында бас кейіпкерге батыр тұлғалы жігітті ойнатамын ба деп ойладым. Содан ол ойдан айныдым. Дулыға Ақмолдаға тоқтадым. Талантты, мінезді актер. Болмысы тұйықтау. Ал оның зайыбын Баян Кажнабиева ойнады. Баянның түрі қазақ қыздарына ұқсамайды. Парсы әйелдеріне келеді. Ол да талантты актриса. Бәрі көзінде тұрады. Дулыға жақында ғана Татарстанда өткен XIII халықаралық мұсылмандар киносы фестивалінде осы фильмдегі бейнесі үшін «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды. Жалпы, «Оралман» фильмі Иранның астанасы – Тегеран қаласында өткен 35-інші «Фиджр» кинофестивалінде және Астанадағы «Еуразия» кинофес­тивалінде бас жүлдені жеңіп алды.


– Аға, бала күнімде сіздің «Қиян» деген фильміңізді көріп едім. Содан кейін көрінбей кеттіңіз.
– Інім, мен режиссер емеспін. Кәсіби суретшімін. Бірақ отыз жылдан бері «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етемін. 2007 жылы белгілі жазушы Нұрғали Ораздың әңгімелерінің желісімен «Әурелең» деген фильм түсірдім. Оны жұртшылық жылы қабылдады. Әлі де жүзеге асыр­сам дегем жоспарларым бар. Енді оны уақыт көрсетеді.

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button