Басты ақпаратРуханият

Сәкен мұрасын сақтаған



Бүгін, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осы атаулы күнге орай С.Сейфуллин музейіндегі құнды жәдігерлер туралы мақаланы ұсынып отырмыз. Мұражай Есілдің оң жағалауында, қазіргі Астана қаласының көне қапталында С.Сейфуллин мен М.Әуезов көшелерінің қиылысында, ағаштан салынған ескі үйде орын тепкен.

Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы дүниеге келген тұңғышы Лаура, жұбайы Гүлбаһрам Мәскеуде оқып жүргенде, өкпесінен суық тиіп қайтыс болады. Ал 1936 жылы ұлы Аян дүниеге келеді. Аянның 1 жасқа толу күніне Сәкен мен Гүлбаһрам қатты дайындалады. Сәкен мен Гүлбаһрам қуаныштан қатты толқып, қонақтарды жақсылап күтіп алуы үшін базардан барып арнайы ақ дастархан сатып алады. Осы ақ дастархан сол жолы жайылмады. Сол күні отбасы қуанышын бөлісуге қадірлі достары, жақын-жуықтар келеді деп елегізіп жүрген Сәкенді НКВД адамдары тұтқынға алған.

Кейін өзі де «халық жауының» әйелі болып қуғынға ұшыраса да, Гүлбаһрам апай Сәкеннің жеке заттарын ақ дастарханның ішіне салып беліне орап, тіміскілеушілердің көзінен аман алып қалған. Осы дастархан жайында Ұлы Отан соғысының ардагері, филология ғылымының кандидаты Балтабай Адамбаев­тың Гүлбаһрам Сейфуллинаның үйіне амандасуға Сүйіндік Сапақовты ( «Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын С.Сейфуллиннің серігі) ертіп барғандағы естелігінде былай дейді: «Есікті Гүлбаһрамның өзі ашты. Сәкенмен 18 жасынан жолдас болып, 28 жасында қалған Гүлбаһрам жеңгейдің бетін әжім, шашын қылаң шалған, қаны тасып жүрегі ауруға шалдыққан… Осы кезде «шай дайын» деп бөлмеге Қарлығаш деген қыз бала кірді.

– Тұра тұр, қалқам, Сәкеннің жолдасы мен інісіне Аянның ақ дастарханымен шай берейін, – деді жеңгей, бұрыштағы жағыланды ашып, үстелге үлкен ақ торғын дастархан әкеліп жайды. Шай құя отырып дастарханның тарихын әңгімеледі.

1973 жылы Гүлбаһрам дүниеден өткенде, Сәкен Сейфуллиннің заттары Алматы мұражайына өткізілген. Соның ішінде Сәкен Сейфуллиннің алтын сағаты да бар. С.Сейфуллиннің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына байланысты 1936 жылы кеңінен аталып өтіп, өкімет сыйға тартқан сағат

«Мен Сәкеннен бір ұл, бір қыз тудым. Қызымның аты – Лаура (Сәкен еркелетіп Дәрдана деп те атайтын), 1932 жылы Мәскеуде рабфакта оқып жүргенде жасы екіге толмай қайтыс болды. Сәкен өте балажан еді, Лаураның өліміне қатты қайғырды. Одан кейін 1936 жылы еркек бала тудым. Сәкен оған да қатты қуанды және Мирзоянға ұқсас болсын деп (ұмытпасам, Мұхтардың (Әуезов) ұсынысы бойынша) атын «Аян» қойды. Аян бір жасқа толарда той жасауға әзірлендік. Тойға Қазақстанның басшылары Мирзоян, Сәдуақасов, Сегізбаев және басқа адамдар шақырылды, олар келетін болды. Аянның тойына арнап алдын ала бірсыпыра жаңа зат сатып алдық. Солардың ішінде төргі үстелге  жаюға қол орамалымен осы ақ дастархан алынған еді. Аян 1936 жылы 16 қараша күні туған. Той болмай, жаңа дастархан жазылмай қалды. Тек 1957 жылы Сәкеннің достары Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайлов, Мұхамеджан Қаратаевты үйге шақырып, ақ дастарханды бірінші рет шешіп дәм бердім» дейді. Яғни С.Сейфуллин ардақты есімі ақталғаннан кейін, халқына адалдығы дәлелденгеннен кейін, ақ дастархан алғаш жайылды. Құдды бір ақынның ақтығының дәлелі ретінде.

Ақынның адал жары Гүлбаһрамның арқасында бүгінде Сәкен мұражайында оның көзі тірісінде қолданған, әр кезеңіне қатысты жәдігерлер жинақталып, мұражай төрінде тұр. Адал жар Сәкен ақталғанға дейін аман-­есен оралар деген үмітін үзбей, біраз затты көзінің қарашығындай сақтайды. 1973 жылы Гүлбаһрам дүниеден өткенде, Сәкен Сейфуллиннің заттары Алматы мұражайына өткізілген. Соның ішінде Сәкен Сейфуллиннің алтын сағаты да бар. С.Сейфуллиннің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына байланысты 1936 жылы кеңінен аталып өтіп, өкімет сыйға тартқан сағат. Жұбайы Гүлбаһрам Сейфуллинаның қолында сақталып, 1960 жылдары Целиноград қаласындағы тарихи-өлкетану музейіне тапсырылған. 1988 жылдан бері музей жәдігерлерінің қатарын толтырып тұр.

1998 жылы салынған «Бақыт» атты картина Сәкеннің жары Гүлбаһрам Сейфуллинаның өсиетімен салынған. Авторы Әмен Әбжанұлы Қайдаров – С.Сейфуллин білім алуына септігін жасаған суретші, анимациялық кино режиссері, қазақ мультипликация өнерінің негізін қалаушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (картина С.Сейфуллин музейінің экспозициясында).

Ақынның алтын қалта сағаты Швейцарияның «H.Moser» фирмасында шамамен 1870-1880 жылдардың сәнінде жасалған. Көлемді, жоғарғы пробалы алтын 18 карат/750 проба/салмағы 100 грамм, диаметрі 45 мм, жалпы көлемді, үш қақпақтан тұрады. Сыртқы қақпақта Сәкен Сейфуллин есімі жазылған, ішкі қақпақта «H.Moser&Cie», «Echappemente anche», «Rerres», «Qualitelepaine» фирмасы деген жазу бар.

С.Сейфуллиннің майлы бояумен салынған портретін ерекше бөліп айтуға болады. Бұл портрет кейіннен Астанадағы музейіне тапсырылды. Бірақ сол жылдары Гүлбаһрам апай салдырған портреттің авторы белгісіз. Соңғы жылдары музей қызметкерлері Орталық музейдің әкімшілігімен келісімге келіп, ақын тұтынған мемориалдық заттарының кейбіреулерін алуға қол жеткізді.

Сәкеннің 1920-1930 жылдар аралығында қолданған қылқаламы мен сия сауыты Сәкен тұтқындалғаннан кейін 1937 жылы Гүлбаһрам Сейфуллинаның қолында болды. Сия сауытын туысқандары музей қорына өткізді.

Сәкен Сейфуллиннің қылқаламы «Фабрика «Прометей-Леп» атты фирмадан шыққан. Ағаштан жасалып, жылтыр қара қөк эмальмен боялған. Қылқалам қарапайым оқушылық. Ұзындығы – 145 мм.

Сия сауыт 1916-1917 жылға жатады. Тікбұрышты тұғырмен мрамордан жасалған, екі сия құятын сауыты бар. Сауыты жуан граненнен әйнектен, қақпағы сары металдан жасалған. Жәдігер мұражайда «Әдеби қызметі» залында орналасқан.

Сәкен мұраларын жинауға оның туған-туыстары да көп еңбек сіңірген. Мәселен, інісі Мәжит Сейфуллиннің отбасында сақталып қалған зат бар, ол – С.Сейфуллиннің баспа машинасы. 1936 жылы кеңінен аталып өткен С.Сейфуллиннің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына байланысты мемлекет сыйға тартқан «Ундервуд» маркалы баспа машинасы. Деректер бойынша 1903 жылы Нью-Йорк қаласында жасалған.

1937 жылы Сәкен «халық жауы» боп тұтқындалғанда, жәдігерді кіші інісі Мәжит Сейфуллиннің жертөлесінде жасырын сақтаған екен. Музейге 1994 жылы Сәкеннің туғанына 100 жыл толуына байланысты тапсырылды. Материалы – темір, ағаш, қара, сары және жасыл түспен боялған. Уақыт өте келе машина аяқтары бұзылып, бірнеше жерінде бояуы кетіп, тот басқан. Машина жұмыс істейді, 48 дана баспа тақталары бар.

Ақын пайдаланған ыдыс-­аяқтар, қабырға сағаты, кілемше-төсеніштер, киім ілгіш, кәдесыйлар кейін мұражайға табысталып, келушілеріне үлкен әсер етіп, қимастық сезім ұялатады.

Сәкеннің костюмі 1930 жылдары Мәскеуден сатып алынған екен. Ақынның көптеген суреті – осының айғағы. Репрессия кезінде костюм туысқандарының қолында сақталған. Сәкеннің костюмі сол заманның ағылшын сәнінде, ұсақ жолақты қара қоңыр матадан, ішкі астары қоңыр түсті саржадан тігілген. Пиджак екі жағынан түймеленетін, жанқалтасы бар, біреуі кеуде қалта. Шалбарының балағы қайырылған, кең, жаны арнайы екі қысқа белбеумен әшекейленген. Ақынның жары Гүлбаһрам «халық жауының» әйелі «ретінде қудалауда болып, 1950 жылдары босатылғаннан кейін Сәкеннің көптеген жеке заты жарына тапсырылған. Замандастарының айтуынша, Сәкен тек еуропалық стильдегі киімдерді ұнататын, талғамы жоғары. 1934 жылы өзбек ақындарының Сәкенге 40 жасқа толғанда сыйға тартқан шапаны мен тақиясы. Жақындарының естеліктерінде Сәкен бұл киімді үйде өзінің туындыларын жазғанда кигенді ұнатқан екен. Естелік суреттерінде ақынның Мәскеуде кеңес жазушыларының І-съезі өткенде делегаттардың арасында түскен фотосуреттері бар. Бұл бейнесін 1964 жылы Сәкен жайлы түсірілген деректі бейнефильмнен көреміз.

Шапан мен тақия өзбек шеберлерінің қол туындысы шапан жолақтары бар таза мақта матадан тігілген. Жолақтар жасыл, сұр және қою көк түстерден тұрады. Зерттеу кезінде бірнеше жері тозған. Тақия түркі тілінен аударғанда «жоғарғы» деген мағына береді.

Тақиясы – түрлі түсті жібек жіппен тігілген қол жұмысы. Ол дәстүрлі түрде төртбұрышты, конус бейнесінде жасалған. Астары қара сәтеннен тігілген. Осы жәдігерлердің барлығы Сәкен жүрген Ақмола, қазіргі Астана төріндегі музейдің құнды жәдігерлеріне айналды.

Гүлназия БОЛАТ,

Астана қаласындағы С.Сейфуллин музейінің қызметкері




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button