Мәдениет

Сәкеннің сан қыры сараланды



Бас қаладағы Сәкен Сейфуллин музейінің 35 жылдығы аясында «Сыр сандық» сериясының ІХ томы «Сәкен Сейфуллин және фольклор» кітабының тұсаукесері өтті. Белгілі ғалымдар, ұстаздар, өнерпаздар, зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын рухани кешке ұласты.

Аталған кітап Астана қаласы Бірлескен мұражайлар дирекциясының қолдауымен жарық көрді. Еңбек авторы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Анарбай Бұлдыбай. Бұл монография еңбегінде қазақ әдебиеті тарихын қалыптас­тыруға үлес қосқан Сәкен Сейфуллиннің қазақ фольклорын жинау, зерттеу және жариялау саласына сіңірген еңбектері сараланған.

Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллин 1935 жылы «Ақан серінің таңдамалы өлеңдері» кітабын құрастырып, баспаға дайындады. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметін атқарғанында өнер зерттеу­ші, этнограф Александр Затаевичке «Қазақтың 1000 әні» жинағын шығару үшін 2480 рубль қаражат бөлгізді. Өзі де А.Затаевичке 2 күй, 4 ән орындап беріп, жаздырды. Бұдан кейін Сәкеннің нұсқауымен өзге де өнерпаздар өнер зерттеушінің қоржынын толтырды. Бұл Сәкеннің қазақ фольклорын халыққа жеткізудегі істердің бір-екі мысалы ғана.

Кітаптың тұсаукесерінде әдебиет­танушы ғалымдар Серік Негимов, Балтабай Әбдіғазиұлы, Рақымжан Тұрысбек, Сағымбай Жұмағұлов, ұлағатты ұстаз Оспан Сүлейменұлы жылы пікірін білдірді. Сәкен Сейфуллиннің әндері шырқалды.

Жалпы Сәкен Сейфуллин музейінің 35 жылдығына орай апталық ұйымдас­тырылды. Соның аясында мұражай директоры, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов «Сәкен Совнарком председателі», музей маманы Гүлназия Ыбыраева «Сәкен Сейфуллин және мемлекеттік тіл мәселелері» тақырыбында дәріс оқыды.

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button