Басты ақпарат

Санкция салқыны бізді де соға ма?



Украинада соғыс басталғалы Қазақстанның теңгесі құнсызданып қана қоймай, елде зат бағасы да күрт өрлей бастады. Әсіресе, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында кейбір азық-түлік түрлеріне баға сағат сайын өзгерген жағдай байқалды. Ресейдің қант өнімдерін экспорттауға шектеу қоюына ілесе елордада қант бағасы килосына 600 теңгеге дейін көтерілді. Осыған байланысты Үкімет Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб құрып, шұғыл жұмысқа кірісті. Шығыс Еуропадағы шиеленістен бастау алған бұл дағдарыс бүкіл әлемге ықпал етіп, пандемияның әсерінен әлсіреп қалған әлемдік экономикаға жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Ендеше Украина соғысы әлем экономикасына қандай өзгеріс әкелді? Санкция салдарынан Ресей қандай шығынға батуы мүмкін? Ол Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді деген тақырыпты тарқатып көрейік. 

[smartslider3 slider=2410]

Украина соғысы бастала салысымен, АҚШ бастаған батыс елдері Мәскеуді санкцияның астынан алып, Ресей әп-сәтте әлемде ең көп санкция салынған елге айналып шыға келді. Атап айтқанда, 22 ақпаннан бастап Ресейге 2800-ге жуық шектеу енгізілді. 2014 жылдан бастап есептесек, көрші елге салынған санкциялардың саны 5,5 мыңнан асып түскен. Бұл Иран, Сирия, Солтүстік Корея және Венесуэла елдеріне салынған бұғаудан әлдеқайда көп.

Ресей экономикасы тұралай ма?

2014 жылдан бастап санкция садағына ілінген Ресей экономикасы өткен 8 жылда да біраз қиыншылықты бастан кешірді. Алайда бұл жолғы жазалардың жөні бөлек. Яғни бұған дейін ауырдың үстімен, жеңілдің астымен ептеп күн көрген Ресей бұл жолы дипломатиялық жақтан да, экономикалық жақтан да, сау­да-саттық жағынан да әлемнен оқшауланып қалды. Мәселен, Ресей банктерінің халықаралық SWIFT жүйесінен шығарылуы қазіргідей дамыған дәуірден бір-ақ күнде өткен ғасырдың 80-жылдарына қайтқанмен бірдей. Өйткені қазір ешбір мемлекет әлемдік нарыққа араласпай, жеке дара өмір сүре алмайды. Керісінше әлем елдерінің экономикасы да бір-біріне байлаулы. Халық­аралық SWIFT жүйесі де – осы қажеттіліктен пайда болған төлемдік платформа. 1973 жылдан бастап қолданысқа енген бұл жүйені қазір әлемнің 200-ге жуық елінде 11 мыңнан астам қаржы институтты пайдаланады. Демек, Ресей банктерінің бұл жүйеден шығарылып тасталуы – әлемдік саудаға араласуына тосқауыл қойылды деген сөз. Керек десеңіз, Ресей іргесінде отырған Қазақстан сияқты елдермен де сауда-саттықты электронды түрде рәсімдей алмайды, былайша айт­қанда, көрші ел компаниялары бұдан былай тек қолма-қол ақшамен сауда жасасуға, доллармен есеп айырысуға мәжбүр. Бұл – Ресейдегі компаниялар мен олардың шетелдік клиенттері үшін, әсіресе, олар импорттайтын мұнай мен газ сатып алушылар үшін күтпеген жағдай.

 Әрине, осыдан бұрын SWIFT жүйесінен Иран елі де ажыратылған. Алайда Ресей – Иранға қарағанда экономикасы ірі ел. Әлемнің қаржы қауымдастығында да ойып тұрып орын алған. Сондықтан SWIFT жүйесінен ажырау Иранға қарағанда, Ресейге қатты әсер етеді. Мамандардың SWIFT жүйесінен ажырату Ресей экономикасына күйрете соққы беретін «ядролық бомба» деп бағалауының сыры осында. Соңғы жылдары Ресей SWIFT-тен ажыратылған жағдайда орын алатын қиын кезеңдерден, ауыр соққыдан қалай айналып өтуге болатынын да қарастырған. Оның мысалы ретінде ресейлік SPFS төлем жүйесін атауға болады. Қазір ел ішіндегі аударымдардың 20 пайызы осы жүйе арқылы жүзеге асырылады, бірақ хабарламалардың көлемі шектеулі, транзакциялар тек жұмыс күндері ғана жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, Ресей Орталық банкінің 630 миллиард доллар активінің 56 пайызы бұғатталды. Бұл шектеу аталған банктің рубль бағамын ұстап тұру мүмкіндігінен айырды. Осыдан кейін рубль тарихта болып көрмеген деңгейде құнсызданып, бір долларға шаққандағы бағамы 130 рубльге дейін құлдырады. Зат бағасы шарықтады. Ең қауіпті жері бұл жолғы санкция Ресей билігіне және ел экономикасының тірегі болған негізгі салалармен ғана шектелмей, Ресей басшысы Путиннен бастап олигархтарға дейін экономикалық құрсауға ілінді. Шетелдегі мал-мүлкі бұғатталды. Бұл дегеніңіз, Ресей экономикасының қосалқы қан тамырларын да буып тастағанмен бірдей. Осыдан кейін-ақ шетелдің «Макдональдс», «Адидас» сияқты компаниялары да Ресей нарығынан кете бастады. Машина өндірісімен айналысатын алпауыт компаниялар да Ресейге көлік жеткізуді тоқтатты. Бұл көрші елде жұмыссыз­дықты асқындырып, өндіріс ошақтарының жабылуына әкеліп соқты. Тек «Макдональдстың» жабылуының өзінен 62 мың адам жұмыссыз қалды.

Бастапқыда, Батыс елдері Ресей газын Еуропаға жеткізетін 11 миллиард АҚШ доллары жұмсалған жоба – «Солтүстік ағын – 2» газ құбырын сертификациядан өткізуді тоқтатқаны болмаса, Ресей газы мен мұнайына шектеу қоймаған еді. Алайда соңғы күндері АҚШ Мәскеу газы мен мұнайынан біржола бас тартты, Еуроодақ та Ресей газы мен мұнайына тәуелділіктен құтылудың жолын қарастыра бастады, Ұлыбританияда жыл соңына дейін Ресейден мұнай-газ импорттауды тоқтататынын жеткізді. Осылайша Мәскеу экономикасының қан тамыры болған қара алтын мен көгілдір отынға да қатер төнді. G7 ел тобы Ресейді «жеңілдік жасалатын елдер» қатарынан шығарып тастады. Бұл – Ресейдің импорт-экспорт тауарларына салықтың да артқанының белгісі.Қысқасы, бұл реткі санкциялардың қамтымаған саласы қалмағанын ескерсек, көрші ел экономикасының тағдыры қыл үстінде тұр. Тіпті бұл Ресей экономикасының бүкілдей күйреуіне әкеліп соғуы әбден мүмкін дейді мамандар. Өйткені Ресейдің Қытай нарығынан басқа сенері қалған жоқ, бірақ бұл бағыттағы сауда-саттықтың да болашағы бұлыңғыр. Яғни Қытай әлемдік экономикадан оқшауланып, Ресей үшін өз мүддесін құрбанға шалмауы да мүмкін.

Бұл өз кезегінде Қазақстанда өндірілетін тауарлардың бағасын да қымбаттатады. Былайша айтқанда, Ресей азаматтары енді көп тауарды Қазақстаннан алуы мүмкін. Ал Ресейде жұмыс ақысы да, жалақы да Қазақстаннан жоғары екенін ескерсек, біздегі зат бағасы болашақта Ресей нарығымен теңеседі немесе одан асып түседі

Әлемге қалай әсер етеді?

Қаржы саласынан бастап, киім-кешек, азық-түлік саласына дейін шарпыған бұл санкциялардың Ресей экономикасына ғана емес, бүкіл әлемге соққы болып тиетіні айдан анық. Қос жүзді қанжар секілді санкция салған елдердің экономикалық мүддесі де зиянға ұшырайды. Қазірдің өзінде мамандар бұл текетірестен әлемдік экономикаға 400 миллиард доллар шығын келуі мүмкін деп дабыл қағуда.

Соғыс пен санкцияның әсерінен мұнай мен газ бағасы күрт қымбаттап, мұнайдың бағасы 140 долларға жуықтаса, газ бағасы бір аптаға жетпей 35 пайыз қымбаттады. Бұл – соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Еуропа елдері өзіне қажетті табиғи газдың 40 пайын, 25 пайыз мұнайды Ресейден алады. АҚШ-қа 7 пайыз, Ұлыбританияға 5 пайыз мұнай Ресейден келеді. Демек, мұнай-химия саласына салынған санкциялар Ресейге ғана ауыр тиіп отырған жоқ, бүкіл әлемге әсер етті. Әрине, Иран мен Венесуэлаға салынған санкцияларды жеңілдетілу (қазір қарастырылып жатқан мәселе) мұнай мен газдың қымбаттауының алдын алуға септігін тигізуі мүмкін, бірақ осы бір жылда Ресей газы мен мұнайы­на бағытталған санкцияның әлемге салатын салмағы да жеңіл болмайды.

БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының мәлімдеуінше, Украинадағы соғыстың әсерінен халықаралық нарықтағы азық-түлік пен жем-шөптің бағасы тағы да 22 пайыз қымбаттаған. Соның салдарынан аузы асқа жарымайтын адамдардың саны өседі деп болжап отыр осы ұйымның сарапшылары. Оның үстіне Ресей де, Украина да – әлемге астық экспорттайтын ірі елдер. БҰҰ мәліметі бойынша, Ресей әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы елдің бірі болып табылады. Яғни Ресей мен Украинаның бидай экспортының жалпы көлемі әлемдік экспорттың төрттен бір бөлігін құрайды. Мәселен, Украина бидайы мен жүгерісінің 40 пайыздан астамы Таяу Шығыс пен Африкаға экспортталады. Ал қазір Украина даласында соғыс әлі жүріп жатыр, егін салып, жер жыртатын ер-азаматтардың бәрі соғыста. Демек, биыл шетелге сатпақ түгілі, Украинаның өзінде астық тапшылығы тууы мүмкін. Осыған байланысты Украинадан астық сатып алатын 14 елдің қазірдің өзінде басы қата бастады. Әсіресе, еліне қажетті астықтың 70 пайызын Ресей мен Украинадан сатып алатын Египет пен Түркияға үлкен қиыншылық болғалы тұр. Демек, көлік шығындарының артуы, энергия бағасының күрт өсуі, тыңайтқыштың қымбаттауы, ауа райының қолайсыздығы және жұмыс күшінің жетіспеушілігі бүкіл әлемдегі азық-түлік өндірісін тығырыққа тіреп отыр. Оның үстіне, Астық жөніндегі халықаралық кеңестің деректеріне сәйкес, әлемдік азық-түлік қоры бесінші жыл қатарынан қысқаруда. Ресейдің Украинаға басып кіруі азық-түліктің әлемдік бағасының одан әрі өсуіне әкеледі және аштық мәселесін бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізеді. Осыған байланысты БҰҰ Дүниежүзінде шамамен 45 миллион адам аштық алдында тұр деген болжам жасап отыр.

Қазақстанға қаншалық қауіп бар?

Көрші елге салынған санкция мен әлемдік дағдарыс импорт саудасының 40 пайыздан астамы Ресейге тәуелді, бір экономикалық одақтың ішінде өмір сүретін Қазақстанға да оңай соқпайды. Батыс елдері біздің елге тікелей санкция салмаса да, Қазақстан экономикасы да бұдан ауыр соққы алады. Өйткені мамандардың айтуынша, Кедендік Одақ пен Еуроодақ арқылы біздің тауарымыздың 94%-ы Ресей арқылы келеді. Демек, Ресейде алдағы уақытта тауар тапшылығы тууы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде тұрмыстық керек-жарақтың денін Ресей мен Қытайдан сатып алып отырған біздің елді де айналып өтпейді. Қытайдан кіргізсек те Ресей Кеден одағы арқылы кеден салығына ортақтасатындықтан, тауар бағасы барған сайын қымбаттамаса, арзандамайды. Сол себепті біздің елімізді экономикалық тұрғыдан алда үлкен сынақ күтіп тұр. Тіпті «Ресеймен бірге біздің еліміз де құрдымға кете ме?» деп алаңдап отырған экономистер де жоқ емес. Бір ғана мысал айтайық, автокөлік өндіретін компаниялардың Ресейге көлік жеткізуді тоқтатуы Қазақстанда да көлік бағасын аспандатып жібереді. «Тойота камри» сынды машиналардың бағасы 26-30 миллион теңгеге дейін көтеріліп шыға келгені – соның айғағы.

Дегенмен, Ресей мұнай-газына санкция салынғаннан кейін, Қазақстан мұнайы мен газына сұраныс артуы мүмкін. Алайда біздің бұл өнімдеріміз де Ресей құбырлары арқылы тасымалданады. Ал Ақтау арқылы тасымалданатын мұнайдың мөлшері 3 пайыз ғана. Ақтауға дейін мұнай жеткізетін көлік те жетіспейді, одан әрі тасымалдайтын танкеріміз де жоқ. Атасу-Алатау сағасы (Алашанхай) арқылы тасымалданатын 1 миллион тонна мұнай құбырының әлеуеті де – Ресейдің қолында.

Қазірдің өзінде құнсызданған теңгемізбен бірге зат бағасы да көтеріліп барады. Егер алдағы күндерде Ресейде тауар тапшылығы туындаса, бұл баға тағы да аспандайтыны анық. Осыған байланысты Ресей мен Қазақстанның 7500 шақырымдық ортақ шекарасында көлеңкелі сауда тіпті асқынуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Қазақстанда өндірілетін тауарлардың бағасын да қымбаттатады. Былайша айтқанда, Ресей азаматтары енді көп тауарды Қазақстаннан алуы мүмкін. Ал Ресейде жұмыс ақысы да, жалақы да Қазақстаннан жоғары екенін ескерсек, біздегі зат бағасы болашақта Ресей нарығымен теңеседі немесе одан асып түседі.

Ресейдегі жұмыссыздықтың асқынуы Ресей азаматтары мен Ресейде жұмыс істейтін қырғыз, өзбек елдерінің азаматтарының қайтадан елімізге қарай ағылу мөлшерін арттырып, біздің елдегі жұмыссыздардың санын молайтуы мүмкін. Бірақ мұның бәрі Украинадағы соғысқа байланысты. Егер соғыстың соңғы ұзаққа созылса, онда Ресей ықпалындағы елдерге болған әсері де арта түседі. Осыған байланысты қазір санкияның салдары жөнінде дәп басып айтуға әлі ерте, келетін шығынды мөлшерлеу де қиын. Дегенмен біздің ел үшін жаңа мүмкіндік те жоқ емес. Мәселен, әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдеріне бағытталған транзиттік рейстердің көпшілігі қазір Еуропаның оңтүстік дәліздері арқылы орындалуда. Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына $1,5 млн көлемінде қосымша табыс әкеледі. Сол сияқты біз алдағы 2-3 жылда Ресейдің шетелден тауар таситын маңызды өткел еліне айналуымыз мүмкін. Бірақ Кеден одағы сынды ажырғы мойнымыз­да тұрғанда ел экономикасына бұдан көп кіріс кіреді деп кесіп айту қиын.

 




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button