Басты ақпаратДенсаулықЖаңалықтарҚоғам

САҚТАНДЫРУ ҚОРЫНА ТӨЛЕМДЕР ТҮСЕ БАСТАДЫ



Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру дегеніміз не? МӘМС жүйесіне қалай қатысуға болады? Жаңа жүйенің басты қағидаттары қандай? Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің төрағалығымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөнінде ақпараттық-түсіндірме жұмыстары бойынша кеңейтілген жиналыс өтті.

Халыққа арналған міндетті медициналық сақтандыру туралы әрбір адам білуге тиіс сауалдарды ортаға салған жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, аудан әкімдері, қалалық ведомство басшылары, медициналық мекемелер мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

– Қазақстанда 1 шілдеден бастап ресми түрде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Алғаш болып әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлем жүргізе бастады. Тұрғындар медициналық көмекті 2018 жылдың қаңтарынын бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ала бастайды. Бұл реформаның маңыздылығы сондай, әр Қазақстан азаматын қамтиды. Сол себепті біз осы жиналысқа елорданың бизнес өкілдерін шақырдық, – деді әкім шараға қатысушыларға.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қыз­меттің қолжетімділігі мен сапасын арттыратын елдегі жүргізіліп жатқан бұл реформаның маңыздылығына тоқталды.

– Егер бүгін қазақстандықтардың денсаулығы көрсеткіштерін зерттейтін болсақ, онда біз жақсы динамиканы байқаймыз. Мысалы, өмір сүру жасы ұлғайған, ана мен бала өлімі азайған. Бұған қоса, тұрғындардың егде тартуына байланысты көрсетілетін медициналық қызмет түрлері де артып келеді, – деп атап өтті министр.

Осы күнге дейінгі қолданыстағы бюджеттік модельмен салыстырғанда, жаңа жүйенің көп артықшылығы бар. Яғни, тұрғындардың денсаулығын қадағалау саласында мемлекет жұмыс беруші азамат арасындағы тең жауапкершілік сақталады. Қолжетімділік теңдігі де тартымды. МӘМС пакеті шеңберінде табысы мен жарнаға қарамастан әрбір нау­қасқа тиісті медициналық көмек толық көрсетіледі. Бұл жүйе медициналық қызметтер сапасының көтерілуіне, медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестікті арттырып, тұрғындардың сұраныстарына жауап беретін тиімді денсаулық жүйесін құруға жол ашады.

Жүйені кезеңімен енгізу тұрғындарға жаңа реформаға жеңіл көшуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдың шілдесінен бастап жұмыс берушілер әр қызметкердің жалақысынан 1 пайыз аударып отырады, 2018 жылы аударымдар 1,5 пайызға өседі, 2020 жылдан 2 пайыз аударылса, 2022 жылдан 3 пайыз бөлінетін болады.

Өзін жұмыспен қамтығандар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер, мамандандырылған медиаторлар, азаматтық-құқықтық келісімшарты негізінде қаржы алатын жеке тұлға 1 шілдеден екі төменгі еңбекақыдан 5 па­йы­з бөледі.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқармасының төрайымы Елена Бахмутова талқылау кезінде жиналғандарға жүйенің барлық кезеңі туралы жан-жақты түсіндірді. Қор жетекшісі МӘМС аясында медициналық көмектің қолжетімділігі, міндетті ерікті сақтандыру мен жеңілдік қарастырылған тұрғындар санаты туралы баяндады.

– Егер адам жеңілдік санатында болса, онда оған төлем жасаудың қажеті жоқ, жеке кәсіпкер де АҚК бойынша да төлем жүргізбейді. Мемлекет бұл міндетті өзіне алады, – деп мәлімдеді қор жетекшісі.

Арнайы жеңілдіктер қарастырылғандар қатарында балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, зейнеткерлер мен мүгедектер, студент жастар, жұмыссыздар, 3 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған аналар, жүкті әйелдер мен жазасын өтеуші адамдар бар.

Сондай-ақ, азаматтардың барлық санаттарына әлеуметтік маңызды аурулардан басқа, вакцинация, шұғыл көмек, соның ішінде жедел жәрдем және санитарлық авиацияға кіретін тегін медициналық кепілдік берілген көмек көлемінің пакеті әдеттегідей қолжетімді болады.

Айгүл
УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button