Басты ақпаратҚала мен СалаСұхбат

Сәрсембек ЖҮНІСОВ, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» директоры: Астана – болашақтың қаласы



Елорданың тыныс-тіршілігіне қолайлы орта туғызып, орнықты дамытуды көздейтін басты құжатта бас қала іскерлік, мәдени, ғылыми орталық ретінде айқындалады. Келешекте Астана қаласының қайталанбас сәулеттік құрылысы қалай өзгереді? Тарихи-мәдени мұралар мен табиғи аймақтарды құру қалай жүзеге аспақ? Осы және өзге де сауалдар туралы «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» директоры Сәрсембек Жүнісовпен әңгімелескен едік.

ҚАЛАНЫҢ ӘРБІР АУДАНЫНДА ЖАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСАДЫ

– Сәрсембек Ендібайұлы, күн сайын кеңейіп келе жатқан қаланың бас жоспарында қандай өзгерістер бар?
– Астананың көркемдік бейнесі осы заманның сәулеттік стиліне сай болу керек. Қала өзінің көркемдік құрылымы бойынша полифонды болуға және Еуразия кеңістігінің мәдениеттер және халықтар симбиозын бейнелеу­ге тиіс. Сондықтан шаһардың бірегей және маңызды объектілерін жобалауға әлемдік сәулетшілерді тартуды көздеп келеміз. Мәселен, қазіргі заманның танымал сәулетшісі Норман Фостердің жобасы бойынша салынған Бейбітшілік және келісім сарайы. Ол біздің дәуіріміздің ең басты құндылығы – жер бетіндегі бейбітшілік пен келісімді сақтап қалуды көздейтін пирамида нысанында бейнеледі.
Ашығын айту керек, қазіргі уақытта елорда жалпақ жұртқа таңырқау мен таңданыс тудыра алады. Инновацияларды батыл енгізіп, дәстүрлерді сақтай отырып және қабылданған жоспарлар мен бағдарламаларға қажетті түзетулер мен өзгерістерді жедел түрде енгізуде. Бір сөзбен айтқанда, болашақтың қаласы салынуда.

Іскерлік, мәдени және ғылыми орталық

– Елорданы дамытудың 2030 жылға дейінгі бас жоспарында Астана Еуразияның іскерлік, мәдени, ғылыми орталығы ретінде позицияланады. Тіпті, осыдан екі жыл бұрын түзету енгізілді. Осы жұмыстардың қарқыны қалай?
– ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін да­йындау аясында 2015 жылы Астана қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарын түзету аяқталды. Әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава әзірлеген бас жоспардың негізгі ойы, тұжырымдамасы, яғни адам мен табиғаттың симбиозы, қалалық ортаның метаболизмі мен үйлесімділігі сақталынды. Астананың бас жоспарының негізгі қағидалары – полиорталықтық, ықшамдылық және аумақтарды дамытудың теңгерімділігі. Бұл ретте көліктік инфрақұрылымды дамыту қаланың тіршілік қызметінің басты құрамдас бөлігі ретінде қаралады.

Мегаполистің полиорталықтығын қалыптастыру жетістігінің кепілі – қаланың әрбір ауданында жақсы тұрғын үй жағдайларын және жұмыс істеу, білім алу, демалу үшін сәйкес мүмкіндіктерді жасау. Бұған қоса, әрқайсысының жеке қоғамдық орталығы болады. Онда адамдардың жұмыс, мәдени демалыс орны, сауда орталықтары, саябақ аумақтары, белсенді демалыс аймақтары және Астананың қалған бөліктерімен көліктік байланысы болады.

Сонымен қатар, елорданың бас жоспарына сәйкес жаңа аудандар бой көтерді. Қайталанбас заманауи сәулеттік келбет беретін нысандардың қатарында жаңа әкімшілік орталық, сол жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендері, Мыңжылдық аллеясы, Орынбор, Тұран даңғылдары, ЭКСПО-2017 көрме кешенінің ауданы, «Жағалау», «Саранда» тұрғын аудандары, Familу Villagе коттедж қалашығы бар.

Тұрғын үй қоры ұлғаяды

– Қала халқының жоғары қарқынмен көбейіп жатқаны ескерілді ме?

– 2020 жылға қарай бас жоспарға сәйкес елорда халқының саны – 1070 мың адам, тұрғын үй қоры – 23,7 млн шаршы метр, орта есеппен 1 адамға тұрғын үймен қамтамасыз ету 22,2 шаршы метрді құрайды. Ал 2030 жылға қарай бас жоспарға сәйкес елорда халқының саны – 1,2 мың адам, тұрғын үй қоры – 37,2 млн шаршы метр, орта есеппен 1 адамға тұрғын үймен қамтамасыз ету 30 шаршы метр болады. Сондай-ақ, көнерген тұрғын үйді бұзу жоспардағы болжам бойынша 2,7 млн шаршы метр бұзылады.

Жасыл желек жайқалады

– Қаланың көгалдандыру құрылысы туралы айтып берсеңіз…
– Астана қаласының бас жоспарында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, Астана қаласының ауданында үздіксіз жасанды жасыл белдеуді құру және оны Щучье-Бурабай шипажай аймағының табиғи белдеулерімен қосу бойынша жобалау шешімдері қабылданған.
Бас қалада жасыл көшеттердің қазіргі алаңы – 15485 га, 2030 жылға дейін осы аумақтар 36335 га құрайды. Бұл елорданың жалпы аумағының 51 пайызы болмақ.
Энергиямен қамтамасыз ету кешені туралы айтсақ, баламалы энергетиканы енгізуге, ТКШ белсенді жаңашаландыруға және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіруге ықпал ететін локомотивтердің бірі ЭКСПО-2017 жобасын іске асыру болып табылады.
Осы көлемді жобаны дайын­дау шеңберінде және бас жоспарға сәйкес қазіргі уақытта «Әбу Даби Плаза» көпбейінді кешені, Мыңжылдық аллеясында құрылыс салу, жаңа теміржол вокзалы, зияткерлік көлік жүйесі секілді ірі жобаларды іске асыру басталды.
Қаланың электронды моделі әзірленді. Оның негізінде «Астана LRT» ЖШС жеке және қоғамдық көлік, сондай-ақ, көліктік инфрақұрылым объектілері, атап айтқанда жолдар, көпірлер, жолайрықтар, көліктік тораптар мәселесін анықтай отырып, кешенді көліктік сызбасын әзірлеу­де.
– ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге байланысты қабылданған шешімдер қаншалықты жүзеге асты?

– Көрме дайындығына байланысты түзетілген бас жоспарға сәйкес, бірінші кезекте LRT ұзындығы – 22,4 км, Астана қаласының әуежайын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесімен, Әбу Даби Плаза көп­бейінді кешенімен және жаңа темір­жол вокзалымен қосады. Жүйе эстакадалық жолды, 18 заманауи станцияны, 19 бірлік жылжымалы құрамды және 1 депоны қамтиды. Жылжымалы құрамдар толығымен авторизацияланған (GoA-4 жүйесі), электронды төлем жүйесімен, дабыл беру, ақпараттандыру, бейнебақылау жүйесімен жаб­дықталған және ауа райы жағдайларына толық бейімделген.

Агломерациялық аумақтар кешені

– Жуық арада ең бірінші кезекте қай жобалар жүзеге асады?
– 2020 жылға дейінгі уақытта Астана агломерациясының өзегі ретінде – елорданы дамыту жөніндегі әзірленген бірінші кезектегі шаралар кешені іске асырылады. Бұл үшін қаланың шет аймақтарын, оларға іргелес агломерациялық аумақтарды инфрақұрылымдық қамтамасыз ету жұмыстарын өзектендіру қажет. Іргелес өңірлермен бірлесіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агломерация аумағында индустриялық аймақтарды құру, құрылыс индустриясын, рекреациялық және туристік қызметтерді дамыту мәселесі шешілетін болады.

Сәулеті мен салтанаты келіскен

– Астана, ең алдымен, сәні мен салтанаты келіскен ғимараттарымен көз тартады. Тағы қандай ғимараттар бой көтермек?
– 2020 жылға дейінгі орта мерзімді келешекте бірегей нысандар, нақты айтқанда 75 қабатты «Әбу Даби Плаза» әкімшілік тұрғын үй кешені, жаңа теміржол вокзалы, 10 мың орынға арналған мұз стадионы, Бірінші Президент кітапханасы және қоры, Ботаникалық бағы бар жаңа қалалық саябақ, I кезектегі ЛРТ (әуежай – жаңа вокзал), Хайуанаттар бағы, Есу арнасы, Ғарыштық зерттеулер орталығы, Әскери академия, Олимпиадаға даярлық көпбейінді орталығы, Этноауыл, Неке қию сарайы, Аквапарк (отбасылық демалыс орталығы), «Жасыл орам», Хан Шатырдың батысына қарай орналасқан аудандағы тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы кешенді құрылыс, Желілік саябақты жобалау және салу жоспарланған.

2025 жылға қарай жаңадан «Жастар» сарайы, Қазақ драма театры, Орыс драма театры, Жекпе-жек сарайы және Ботаникалық бақ бой көтереді.

Сұхбаттасқан:
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button