Басты ақпарат

«САРЫАРҚА» ЖЕЛІСІ ЕЛОРДАҒА ГАЗ ЖЕТКІЗЕДІ



Астана қаласы қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысында 2018-2020 жылдарға арналған қала бюджеті жобасы талқыланды. Онымен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді таныстырды.

Баяндама оқылғаннан ке­йін бірнеше сұрақты қоғамдық кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев қойды. Соның ең өзектісі Астананы табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі туралы болды. «Бюджет жобасында Елбасының бұл тапсырмасы ескерілмеген. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, олар қала басшылығы тарапынан келіп түскен елорданы газбен қамту жобасын әзірлеу және аталмыш жұмысқа қаланы дайындау ұсынысын құптаған. Бұл жерде сөз газ құбырын тарту туралы емес, жақын жылдары газ таратудың ішкі орамдық желілерін салып, 2018-2020 жылдары қала маңында 5-6 газ жинақтағыш стансаны салу жөнінде болып отыр. Алайда алдағы үш жылға арналған бюджет жобасында бұл туралы ештеңе айтылмаған. Мұны қалай түсінеміз?» деді кеңес мүшесі.
Оған «Қаланы газбен қамтамасыз ету үшін 2012-2013 жыл­дары техникалық-экономикалық негіздемені жасауға 90 млн теңге бөлінді. Ал 2018 жылы Қызылорда-Астана, Астана-Көкшетау, Көкшетау-­Петропавл газ құбырын қосатын «Сарыарқа» атты газ желісі жобасы бойынша республикада жұмыстар басталады» деп жа­уап берді Ерғали Егемберді.
Бұған Энергетика басқармасының өкілі толығырақ тоқталды. Оның айтуынша, бастапқыда газ елордаға солтүстіктен келу керек еді. Тиісті шешім қабылданды да. Бірақ көпке ұзамай, Үкімет бұл шешімнің күшін жойды. Содан ақша игерілмей қалды. Қазіргі таңда «Сарыарқа» газ желісі бойынша оң шешім шығарылды. Енді бұрынғы техникалық-экономикалық негіздемеге түзету енгізу қажет. Бүгіндері Энергетика министрлігі мен аталмыш басқарма бұл мәселені қарап отыр. Газ желісі Астанаға жақындағанда жоба әзірлене бастайды. Қазір техника-
экономикалық негіздемені түзетуге тиісті бюджеттік тапсырыс ұсынылды.
Қалада 13 орта мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Алайда бюджет жобасында бұған қаржы қарастырылмаған. Бұған қалалық мәслихат депутаты Қарақат Әбден назар аударды. «Бұл мәселені былтыр да көтергенбіз. Биыл Білім басқармасы сәйкес ұсынысты енгізді. Проблеманы шешу үшін 3 млрд теңге қажет. Бұл – өте өзекті мәселе. Біз өзге мәселелер бойынша қаржыны үнемдей аламыз. Бірақ балаларды күттіруге болмайды. Алдымен олардың денсаулығын ойлауымыз керек. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы биыл білімді қаржыландыру 5 млрд теңгеге ұлғайды деп есеп беріп отыр. Алайда бұл қаржының 80 пайызы мектепалды даярлық мекемелеріне жұмсалмақ. Ал қалғаны жалақыны көтеруге кетеді» деді депутат.
Бұған жауап берген Ерғали Егемберді мәселені зерттейтінін, қаладағы 85 мектептің көбісі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынғанын және мәселе көтерген депутатпен толықтай келісетінін жеткізді.
Қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов мәселе дұрыс көтерілгенін айтып, көпке созбай шешімін табу керектігін ескертті.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button