Әлеумет

САЯБАҚТАР НЕГЕ СҮРЕҢСІЗ?



Елордада тоғыз бірдей ірі саябақ, тоқсанға тарта гүлзар, желекжайлар бар. Алайда осы бақтардың қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналғандары саусақпен санарлықтай. Оның себебі неде?

4354354

Бұрындары саябақтардың белгілі бір міндеті болатын. Олар алдымен мәдени ағартушылық көпшілікті жұмылдыратын орын еді. Аға буынның естерінде болар, ондай орындарда жазғы кинотеатр, аттракциондар, би залдары, тир, балалар алаңдары мен спорт алаңдары болатын. Қысты күндері осында шаңғы теуіп, сырғанақ ойнайтын.

Үлкен саябақтарға көрмелер қойылып, қала мерекелері де осында өтетін. Сонымен бірге түрлі үйір­мелер, саламатты өмір салтын қолдаушыларға арналған спорт алаңдары ала жаздай жұмысын тоқтатпайтын. Содан да болар, саябақтарға ағылып келіп-кетіп жататын адамдардың есебі болмайтын. Біздің саябақтардың көбісінің адам бойынан асатын темір қоршауының ар жағында не болып жатқанын білмейсіз. Алда-жалда жаяу жүгіріп тақымын жазғандар болмаса, алаңсыз сейілдеп жүргендер тым аз.

Жақында елордадағы Президент саябағын араладым. Мұнда да бейсауат жүрген ешкім жоқ. Ағаштардың қураған бұтақтары жиналып болмаған екен. Оны сенбіліктің міндетіне қалдырып, ішкерілей ендік. Қиратылған шамдардың сынған қалпақтары шашылып жатыр. Одан қалды орындықтардың да әдейі өртелгені аңғарылады. Өкінішке қарай, мұнда камера орнатылмаған, қарауылы да жоқ сияқты. Қараусыз қалған дүние деп бұзақылар ойына келгенін істесе керек. Бақтың сүрлеулері тозыңқырап, тас қаланған жолдарының қиюы кете бастапты.

Астаналық саябақтардың тағы міні көркем безендірілмегенінде дер едім. Мысалы, Еуропа елдерінің бірқатарында суретшілер мен мүсіншілер туындыларын ашық аспан астындағы көрмеге қоюы үрдіс болып келеді. Жақсыға жау бұзақылар оларда да бар. Алайда әлі бір рет көркем туындылардың қиратылуы орын алмапты.

Біздің бақтарға тағы бір қажет нәрсе меніңше, тақырыптық мазмұн берілмеуінде. Ал, қазақ елінде тасқа қашап жазатын тарихы аз ба еді. Мысалы, биыл 100 жылдығын тойлап жатқан Алаш қозғалысына қатысты деректерді ұтымды орналастыру арқылы ақпарат қалың бұқараға таралар еді.

Ұлы Отан соғысы шежіресі де бүгінгі ұрпақтың жадынан шығып бара жатыр. Ондағы оқиғалардың бедерін неге бейнелеп бермеске? Саламатты өмір салты дейміз, осы жердің тумасы атақты Қажымұқанмен байланыстырып, бір бақты спорттық үйірмелер жұмыс істеп үлкен-кішінің жиналатын жеріне айналдыру үшін меніңше, жергілікті атқару органдарының құлшынысы мен қаражаты ғана керек деп ойлаймын. Бұл шаралар бір реттік шара түрінде емес, тұрақты өткізіліп тұрса, қалың бұқара кездесетін орнын дәл тауып, жиналар еді…

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button