ӘлеуметБасты ақпарат

СЕЛФИ ӨМІРДІҢ «СӘНІ» МЕ?



Бірде теледидарды қосып қалып едім, бір әзіл-сықақ театрының қойылымын қайталап беріп жатыр екен. Кемпір образындағы жәркелеш әртіс көпшіліктің арасынан жер ортасынан асқан әйелді шақырып алды. Амандық-саулық сұрасқан болып, сценарий солай болса керек, «суретке түсейік» деп соткасымен қолын алға созды. Халық алдына шыққан әйел «ұят болар» дегендей именіп еді, «қазір селфи сән ғой» деп әртіс «кемпір» бет бақтырмады. 

2343

Әрине, осыдан жиырма шақты жыл бұрын ғана пайда болған «селфи» қазіргі заманның мәдениетінің бір түрі, күнделікті тірлігіміздің бір бөлшегі екенін мойындамасқа болмас. Бүгінде фото ісі мен әлеуметтік желілердің жетістігі адамдардың бәрін бір алаңға жинап, бәріне тең мүмкіндік бергендей. Мұнда тағылымды өнегесі үлгі болатын тұлғалардың да, сонымен бірге жүрдім-бардым түсіре салған ешқандай эстетикалық та, тұлғалық та ізі жоқ суреттер өріп жүр. Жалпы адамзат жаратылысында әркімнің ойына келгенін жасау, ортақ игіліктерді мағынасыз дүниелермен толтыру жат нәрсе болып есептелуші еді. Енді нақты өмір мен виртуалды өмірдің арасы шайылып кеткендей. Көптің алдына шығудың жауапкершілігін түсінуден қалған секілдіміз.

Осы уақыттың ішінде селфиге түспесе, ішкен асы бойы­на сіңбейтіндер де шықты. Жөнді-жосықсыз «көптің алдында көлбеңдеу» ненің белгісі, ол кімге керек деген сұрақтардың жауабын мамандар айтып беріпті.

Олар «селфисіз» тұра алмайтындардың жайын нау­қаспен байланыстырады. Сағат сайын суреті шығып тұратындардың аккаунттағы өмірі нақты тірлігіне айналып, өзінің күнделікті жағдайы, тыныс-тірлігі қалтарыста қалып қояды. Тек фейсбук, инстаграм, контакт пен твиттерді толтыратын құралға айналғанын өздері де аңғармай қалады. Мұны адамның тірлігінің мән-мақсатынан айырып, өмірлік ұстанымынан адастыратын, адамның мінез-құлқының қалыптан ауытқушылығы деп психологтар дабыл қағуда.

Мамандар селфи ауруының асқыну деңгейін де анықтапты. Алғашқы кезеңде өзін-өзі күніне 2-3 рет суретке түсіріп, кескін-келбетіне көңілі толып масаттанып жүреді. Одан ке­йін батылдығы жетіп, оны әлеу­меттік желілерде таратуға асығады. Рас-өтірігін қайдам, психологтар селфиге құмар жандарды өмірінде шуақ қалмаған, аралас-құралас достары жоқ, қоғамнан оқшау жүргендер деп атапты. Селфидің «сұмдығы» мұнымен бітпейді. Әр суретке «лайк» басқан сайын одан бетер құныға кіріседі. Адамның сел­фиге тәуелділігінің белгісі – сол. Осы суреттер арқылы өзін қоғамның бір бөлшегіндей сезіну, қоғамдағы орнын нақтылау секілді мәнге ие болып бара жатқанға ұқсайды. Мұның ар жағында кім кіммен табақтас болды, кім қай тойда жүр, тағысын тағыдай мақтанышқа құрылған тек жеке басына қатысты дүниелерден көзіңіз тұнады. Әлеуметтік желінің жақсы жағын іздеген адамның уақытын алғаннан басқа, жақсылығы аз екеніне көбіңіз келісесіздер.

Әрине, селфисіз де жүргендер жоқ емес. Өкініштісі, кейде осы дертке шалдыққандардың шылауында кеткеніңізді білмей қаласыз. Тосыннан түскен суретіңіз сүт пісірімдей уақыт өткенде әлеуметтік желілерде жылт ете қалса не дейсіз?!

Соңғы кездері қажылық парызын өтегісі келіп, Меккеге аттанғандардың дені де осы іске әуес келетін болды. Егер адамның руханияты селфидің алдында әлсіз болса, адам жанының ең түкпіріндегі қасиеттен не қалды деп алаңдайсыз. Әлеуметтік желіні тек жанымызды жалаңаштап жұртқа жайып салатындай салсақ, онда бағасы тым қымбатқа түскелі тұрған жоқ па?!

Одан басқа жақсы селфи үшін басын қатерге тігіп жат­қандарды да көріп, жанымыз түршігеді. Естеріңізде болса, осыдан біраз жыл бұрын отта жанып жатқан жанның бейнесін селфиге салып еді. Оны да көрдік. Өткен жылдары жол апатына ұшыраған ағайындарымызды селфиден танып, есімізден танып қала жаздағанбыз.

Содан бері, селфиге селт етпейтін болдық. Міне, ең қор­қы­­­ныштысы селфиге селт ет­­­пеуден басталады. Көбіміз қо­­ғамда болып жатқан түрлі оқи­­ға­­ларға түрлі-түсті суреттер се­кілді жайбарақат қараймыз. Адамның бойындағы жанашырлық, жамандыққа жүрегі ауырып, жақсылықпен бөлісе білу секілді адами қасиеттерімізді селфидің тасқыны басып, тұншықтырып бара жатқандай.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button