ЖаңалықтарМәдениет

«Шабыт» үздіктері үкіленді



20151108212343

Елордада бір аптаға жуық уақыт дүрілдеген «Шабыт» ХVІІІ шығармашыл жастардың халықаралық фестивалінің қорытындысы шығарылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен және әлемнің Ресей, Қытай, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан секілді  мемлекеттерінен келген 388 үміткердің арасында дара шыққан дарындылар  Конгресс-холда өткен гала-концерт барысында үкіленді.

Биылғы фестиваль бағдарламасына бес аталым енгізілді. Солардың ішінде «Мүсін» және «Сәндік-қолданбалы өнер» атты екі бөлімнен тұратын «Бейнелеу өнері» аталымында бәсеке күшті болды. Оған 150 талапкер қатысуға ниет танытты. Қорытындысында мүсіншілердің арасында керекулік Данияр Сарбасов топ жарса, қолөнершілер бәсекесінде атыраулық Алтынбек Есенғазиев қарсыластарынан қара оздырды.
Осы жылы алғаш рет өткен «Спорттық бал биі» аталымына 14 жұп қатысты. Қазақстанға қарағанда бұл өнер түрі өзге елдерде жақсырақ дамыған сияқты. Бал билері бойынша халықаралық дәрежедегі төреші литвалық Юозас Александравичюс бас бәйгені Ресейдің Красноярск қаласынан келген Роман Зотов пен Анна Позднякованың жұбына байлап берді.
«Цирк өнері» аталымында әртүрлі шығармашылық ұжымдары сайысқа түсті. Мұнда 45 жылдық тарихы бар Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің Серік Борашев жетекшілік ететін акробаттар тобы бас жүлдені иеленді. Бұл аталымда кезінде талай қазақты сиқыршылық өнерімен баураған Балтабек Жұмағұлов атындағы арнайы дипломның тағайындалғаны жанымызға жылы тиді. Балтабек марқұм бас қалада цирк өнерінің негізін қалаған еді. Бірнеше жыл бұрын «Астаналық циркті» соның атына беру туралы мәселе де қозғалған. Алайда, ол сол қалпында тұр. Әзірге елордалық өнер ұжымының оның атындағы дипломды иеленгенін көңілге медеу тұтамыз.
Ұлтымыздың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі соңында қанатты сөзге айналған талай жыр тармақтарын қалдырды. Соның бірі – «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Бұл сөз «Халықтық музыка» аталымына қатысушылардың ұраны іспеттес болып естілді. Аталмыш аталым екі бөлімге бөлінді. «Домбырамен ән айту» бөлімінде сан додада топты жарып шыққан дәстүрлі әнші, елордалық Жақсыгелді Маясаровтың бабы мен бағы келіскенінің куәсі болдық. Сондай-ақ, бұл бөлімде қазақ ән өнерінде шашасына шаң жұқтырмаған Дәнеш Рақышев атындағы атаулы диплом мен биыл туғанына 90 жыл толған атақты күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы арнайы сыйлық пен диплом өз иегерлерін тапты.
«Домбыра» бөліміне қатысқан өнерпаздар да мол олжаға кенелді. Мұнда бас жүлде астаналық Сәкен Бекжановқа бұйырса, бірінші, екінші, үшінші орындардан бөлек домбырашылар Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Байжігіт, Әшімтай, Нұрғиса Тілендиев сынды күй өнерінің майталмандары атындағы жүлдені қанжығаларына басты.
«Классикалық музыка» аталымы да бірнешеге бөлінді. «Академиялық ән айту» бөлімінде астаналық Шаһризада Тыныштық топ жарды. Мұнда Ермек Серкебаев пен Күләш Байсейітова атындағы арнайы дипломдар да табыс­талды. «Фортепиано» бөлімі бойынша алматылық Рабиға Дүйсенбаева бас жүлдені иеленді. «Альт, виолончель, контрабас» бөлімдерін бір арнаға тоғыстырған сайыста Павел Романенко жеңімпаз болып танылды. Сондай-ақ, Евгений Брусиловскийдің «Бозайғыр» шығармасын және Жан-Батист Себас­тьян Бревальдің сонаталарын үздік орындағандар дипломмен марапатталды. Ғазиза Жұбанова атындағы атаулы диплом иегері де анықталды.
Биылғы фестивальде өзге үміткерлерге қарағанда «Скрипка» бөліміне қатысқан Мақсат Жүсіповтің есімі дараланды. Ол осы бөлімде озып шығуымен қатар фестивальдің ең үлкен жүлдесі – ҚР Президентінің кубогын иеленді. Кубокты оған Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев табыстады.
Фестивальдің жабылуына байланысты өткен гала-концертте оның жеңімпаздарымен қатар «Тurkvizyon – 2015» халықаралық байқауында еліміздің намысын қорғайтын «Орда» тобы мен эстрада әншісі Маржан Арапбаева жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button