Денсаулық

ШӘКӘРІМГЕ СҮЙЕНЕТІН ШИПАГЕР



hires

А.Л.Чижевский атындағы Биофизика және адам өмірінің қауіпсіздігі академиясының корреспондент-мүшесі, философия докторы (Phd) Вера Лукьянец Целиноград қаласындағы №1 емханада 20 жылдан астам  уақыт қызмет етіп, одан кейін Астана қалалық мәслихатының  депутаты ретінде де  елорда медицинасының дамуына өз үлесін қосқан дәрігер. Ол алғашқылардың бірі болып дәстүрлі және халық медицинасы орталығын ашып, жиырма бес жылдан бері осы мекеменің бас дәрігері міндетін атқарып келеді.

– «Адам баласы шамасына қарай бақыт іздейді» деп Шәкәрім ақын бекер айтқан жоқ. Біз науқастардың жаны мен тәнін қатар емдейміз. «Бiлiп жаратушы – тәңiрi, өлiмнен соң бiр түрлi тiршiлiк бар. Екi өмiрге де керектiсi – ұждан. Ұждан дегенiмiз – нысап, әдiлет, мейiрiм. Осы қасиет жоғалған кезде адамның жанына жара түседі, ол тәнді деңдеп, дертке айналады, – деді дәрігер қазақтың ойшылы Шәкәрімнің шығармаларын жатқа білетінін білдіріп.
Әрине, таң қалдырды. Жетпістен асса да елуді еңсеріп қалған біздерден жас көрінетін Вера Григорьевнаның емдеу тәсілі де ерекше. «Бәрі де тәжірибемен келеді. Науқастардың дертіне шипа іздей жүріп, өздігімнен көп ізденуге тура келді. Қазіргі заманғы медицинаның мүмкіндіктерін ескере отырып, шығыстың, яғни, қытай, корей және тибет медицинасын зерттедім. 90-жылдардан бастап гомеопатия, рефлексодиагностика, рефлексотерапияға қатысты түрлі курстарға қатысып, дәстүрлі діндердің тарихына да үңілдім. Осыншама жыл адам денсаулығының сақшысы бола жүріп, бір аныққа толық көзім жетті. Ол – адамның барлық дерті күнәларымыздың кесірінен келетіндігі. Бізге дейін әлемнің барлық ғұламалары таратып берген ұлы ой санамызға жеткенге дейін көптеген уақыт керек болды. Нәтижесінде мүдделес дәрігерлер жиналып, адам емдеуде дәстүрлі және халық медицинасы тәсілдерін қатар қарастыратын бірегей орталық аштық. Адамның жаны ауырса, тәнін емдеп жаза алмайсыз. Оның да жауабын қасиетті кітаптардан іздеуге тура келді. Осыған дейінгі замандарда дін өкілдері емшілік қызметті де қатар атқарған. Былайша айтқанда, жан тәнімізге жан бітірсе, рух күш береді. Рух биік болуы үшін алдымен құдайдың заңымен өмір сүріп, көп дұға еткен жөн.
Шәкәрім: «Жан деген не,
Мүлде өле ме,
Семiп о да сөне ме?
Жоғары өрлеп,
Дене жөн деп,
Жаныңмын деп келе ме? – деп толғайды емес пе?!
Вера Лукьянец ақынның өлең жолдарын тағы қайталап айтты. «Қазіргі күнде адамның көзге көрінбейтін аурасының да суретін түсіретін құрал ойлап табылды. Ондай құралдар біздің орталықта бар. Көбіне науқастардың тілегі бойынша немесе олардың кеселінің себептеріне көз жеткізу үшін әдейі тағайындаймыз» дейді дәрігер.
Сөздің ретінде айта кетейін, плазмография және аурография әдістерінің кереметін көруге мүмкін болды. Вера Григорьевна адамның тұла бойының аурасының суреті мен саусағының ұшындағы көзге көрінбес ұшқындардан да оның денсаулығының қаншалықты деңгейде екенін анықтауға болатынын айтты.
Шипагер-пәлсапашының кез келген кеселге көзқарасы басқаша. Жаратқан бізге ауруды тазару үшін, астамшылықтарымыз үшін жібереді. Яғни, рухани жаңарып, тәубаға келтіріп, жаратқанның заңдылықтарына бойұсыну үшін де ауру себепкер болып жатады» дейді. Мүмкін. Тәжірибелі дәрігермен келіспеске болмас.
«Келдi, кеттi,
Толды, солды,
Өзгелендi бұл әлем.
Туды, өлдi,
Жанды, сөндi,
Өршiп өндi қайтадан».
Тағы да Шәкәрімнің анығы. Расында да, адам баласының бар өмірі ақынның осы өлең жолына сыйып кеткені ме?
Мүмкін, бар ғұмырын адам өмірінің мағынасы мен мазмұнына арнаған, кісі емдеп талай кеселден айықтырған Вера Лукьянец жаратылыс құпиясын бәрімізден бұрын білген болар. Анығын айтқанда, ақынның «Үш анығын» түбіне жетіп түсінген болар…

Айгүл МҰХАМЕДИЯРҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button