Мәдениет

Шала-жансар сөз тіркесі тірсектеп қалмайды



Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйытқы болуымен «БАҚ-тағы сөз мәдениеті» деген тақырыпта онлайн кездесу өтіп, онда ана тіліміздің қазіргі жай-күйі туралы өзекті мәселелер айтылды.

Алғаш болып сөз алған Тіл саясаты комитетінің Әділбек Қаба жиынның мазмұнына тоқтала келіп: «Шұрайлы тіліміз қазақы болмысынан ажырап, көз алдымызда қарабайырланып барады. Ұлтты тамырынан айырылып қала ма деп алаңдаймыз» дей келіп,бұған жол беріп отырған біраз себепті ашып көрсетті. Төрағаның айтуы бойынша құжаттардың түпнұсқасын орыс тілінде дайындау үрдісі әлі жалғасып келеді. Шала-жансар сөз тіркестерінің тірсектеп айналымнан қалмайтыны сондықтан.
Сенатор, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп қазіргі қазақ қауымына ана тіліміздің айналасындағы ауызды қу шөппен сүрткен «құрыды, бітті» деген сыңайдағы байбаламнан арылып, нақты іске көшу керек деп ой түйді. Бұл күндері қазақ тілі араласпайтын сала жоқ. Ал банкомат тетігі алдында тұрып, қазақ тілін таңдау – әркімнің азаматтық борышы. Дегенмен, сөз мағынасына мән бермейтін жағдайлар кездеседі. «Ал оның себебі – кітап оқымауда, – деді сенатор. – Төрт жыл жоғары оқу орнында оқып, кітапхананың қай жақта екенін білмей бара жатқан жоғары оқу орнының түлегін кездестірдім. Ондайлардан не күтуге болады?!».
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт отандық телевидение саласындағы мәнерлеп сөйлеудің эталонына айналған жұлдыздар шоғыры шыққан дикторлар мектебінің жойылуы қазақ тілінің әуездік қасиетіне кері әсер еткенін айтты. «Жығылғанға жұдырық», батыстан енген түрлі тұзы жеңіл жанрлар сахна тілін әлсіретіп жіберді. Қазір неғұрлым бейпіл сөйлесе, соғұрлым тез танымал болады. Редактор-журналист, әлеуметтік желіде белсенді пікір білдіріп жүрген медиатренер Назгүл Қожабек отандық медиа саласында жүрген журналистер үшін сөздерді дұрыс қолдану жөнінде нұсқаулық қажет деген ойын білдірді. «Есімі белгілі тіл саласының ғалымдары жиі мақала жариялап тұрғаны дұрыс, әйтпесе мектеп оқулығына дейін еніп кеткен «туылған» сияқты сөздерден аяқ алып жүре алмай қаламыз» деп қорытты.
Бұл пікірді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұркелді Уәли «туған әке» деген бар, оны да «туылған әке» дейміз бе деп жалғастырды. Ғалымның айтуынша, халықтың құлағына сіңісті болған, сөздің мәнін толық айқындап тұрған «оралманды» «қандастармен» деп ауыстыру өзін-өзі қаншалықты ақтады? Алдыңғысы атамекеніне кері оралған адам үшін уақытша берілген мәртебе, кейін тұрақты орналасқаннан кейін төлқұжат алып, еліміздің азаматына айналады. Ал басқа жерде тұрып жатқан қандастарымыз туралы не дейміз?!
Қысқасы, іс-шара барысында біраз құнды ұсыныс мен пікір айтылды.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button