ЖаңалықтарМәдениет

Шәмші әндері шарықтады



IMG_2695

Бейбітшілік және келісім сарайында Шәмші Қалдаяқов атындағы VI халықаралық ән лауреаттарын марапаттау рәсімі өтіп, шара соңы гала-концертке ұласты. Ұлтымыздың біртуар композиторының өлмес туындылары қалықтаған кешке ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Шәмшінің зайыбы Жәмила, ұлдары Әбілқасым мен Мұхтар Қалдаяқовтар қатысты.

– Биыл туғанына 85 жыл толып, қазақ әнінің көгінде өшпес із қалдырған Шәмші Қалдаяқовтың әндері жарты ғасырдан астам уақыт кең-байтақ даламызды тербеп келеді. «Қазақ вальсінің королі» атанған композитор ұлттық музыкамызға Еуропаның вальс ырғағын алып келіп, қазақ ән өнерін байыта түсті. Өзіне лайық марапатқа да ие болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шәмші Қалдаяқовқа 1991 жылы «Халық әртісі» атағы берілді. 2006 жылы оның «Менің Қазақстаным» әні еліміздің мемлекеттік әнұранына айналды. Ал, 2010 жылы ол ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Қазір Елбасы алдымызға үлкен мақсаттар қойды. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асырамыз деп отырмыз. Ол үшін патриоттық сезіміміз күшті болуы керек, халқымызды, елімізді сүюіміз қажет. Осы мақсатқа Шәмшінің әндері арқылы жете аламыз деп ойлаймын. Екі жылдан кейін елімізде әлемдік айтулы уақиға – «EXPO 2017» халықаралық көрмесі өтеді. Сол көрмеде қазақ мәдениеті барынша көрінуі керек. Қай өнер саласы болсын қамтылып, танылуы тиіс. Ол жерде Шәмші Қалдаяқовтың әндері де шарықтайды деп сенемін, – деді Мемлекеттік хатшы.
Биылғы фестивальдің іріктеу кезеңінен он бес әнші өтті. Бас жүлде елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің классикалық ән айту өнері кафедрасының студенті Ұлпан Әбдікәрімоваға бұйырды. 1000 000 теңге ақшалай сыйлықты оған Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова тапсырды. Ұлпан Шәмшінің ақындық өнерінен де хабар беретін «Құшақ жайған қандай адам?» әніне салып, зор дауыс иесі екенін көрсетті.
Көрермендер қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «ХХ ғасырдың төбесінен тамып түскен лирика» деп баға берген «Ақ маңдайлым» әніне қол соқты. Фестивальдің қазылар алқасының төрағасы, ҚР Халық әртісі, «Мен Шәмші мен Нұрғисаның жекеменшік әншісі едім» дейтін Нұрғали Нүсіпжанов «Теріскей» әнін шырқап, дауысының әлі де бабында екенін танытты. Халқымыздың атақты опера әншісі Майра Мұхамедқызы «Ана туралы жыр» әнімен тамсантты. ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова «Мойынқұмның», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Хадиша Шалабаева «Отырардағы тойдың» самиян самалымен желпіді. Оларға қоса Маржан Арапбаева, Бауыржан Исаев, Алмас Кішкенбаев сынды белгілі эстрада әншілері, «Менің Қазақстаным – 2014» халықаралық ән фестивалінің бас жүлдегері Қанатбек Айбек Шәмші әндерін шарықтатты.
Фестиваль мақсаттарының бірі – композитордың белгісіз әндерін жарыққа шығару. Бұл тұрғыдан алғанда, екінші орын иегері оңтүстік қазақстандық «Тенор» дуэті айтқан Шәмшінің «Бір ән» туындысы жаңалық болды. Бірнеше жыл бұрын белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы танытқан «Сүймегендер сағынбайды» әні де жас буын әншілердің репертуарына ене бас­тапты.
Айтпасқа болмас «әттеген-айлар да» болды. Үшінші орын иегері Қырғыз Республикасынан келген Нияз Қасымов «Сыған серенадасын» шырқар алдында әннің сөзін жазған адам ретінде Исраил Сапарбайдың есімі аталып кетті. Исраил – әнмен аттас драманың авторы, ал аталған ән мәтінін көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза Әлі жазғанын қаперге салғымыз келеді. Кейбір әншілердің ән сөздерін дұрыс жаттамағаны да қарын аштырды. Басқа-басқа емес, Шәмшінің ән мәтіндерін жатқа білмеу үлкен олқылық деп ойлаймыз.
Фестивальдің шымылдығы «Менің Қазақстаным» әнімен жабылды. Барша жұрт еліміздің әнұранына айналған бұл туындыны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовпен бірге шырқады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button