Басты ақпаратҚоғам

Шаттығы шалқыған шаңырақ



Астанаға биыл ширек ғасыр толып отырса, шаттығы шалқыған шаңырақ иелері Ерліс Танабайұлы мен Үмітжан Жаңабек­қызының елорда тұрғыны атанғанына да осыншама уақыт өтіпті. 2000 жылы балаларының қолқалауымен Қарағанды облысының Ақтоғай ауданынан бас қалаға қоныс аударған бұл отбасы өткен маусым айында гауһар тойын атап өтті. Отағасы ақсақалдық жасқа жетсе, отанасы ақсамайлы әже болып, бір әулеттің ұйытқысы, қазынасы болып отыр. Шаңырағына балалары, немерелері, шөберелері жиі жиналады. Ұрпағының қолы қалт етсе осы үйге асығып тұрады, ал кішкентайлардың, тіпті, ата-әжесінің қасынан шыққысы жоқ.

Жастық кезеңдері өткен ғасырдың 60-жылдарына дөп келді. Ол уақытта заман басқа, тәрбие басқа, қазіргідей қыз-жігіт болып көшеде қол ұстасып жүру жоқ. Жас Ерліс әскерден оралғаннан кейін шопыр болып жұмысқа орналас­ты. Сол кезде бойжетіп, қырдың қызыл гүліндей құлпырған Үмітжанға көзі түсті. Көлігімен Балқаш қаласына апарар жолда екеуінің әңгімесі жарасты.

«Сол заманның қыз­дары ибалы, инабатты болды ғой. Екеуміз жасырынып, елден аулақ кетіп, Тоқырауын өзенінің жағасында кездесетінбіз. Бір жылдай тығылып кездесіп, үйлендік қой» дейді Ерліс ақсақал.

Халық композиторы Ақан серінің «Балқадиша» әнінде бас кейіпкер ұзатыларда «Бір емес, екі жеңгең келіп отыр. Рұқсат бізден сізге, бар, Қадиша» деген жолдар айтылады. Сол сияқты Үмітжанды Ерлістің шаңырағына жігіттің бір шешесі мен жеңгесі келін қылып түсірді. Бұл 1963 жылдың жазы еді. Міне, содан бері бірге келе жатыр.

Бұл кісілердің екі сө­зінің бірі – еңбек, еңбекті бәрінен жоғары қояды. Ерліс Танабайұлы шопыр­лықтан кейін ұзақ жыл электрик болып жұмыс істеді. Астанаға көшіп келгеннен кейін де, зейнетте болса да, бос отырмады, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында еңбек етті. «Актердің вахтері болдым» дейді ақсақал күліп. Арасында «Цеснабанкте» электрик болып қосымша жұмыс істеді.

Қазіргі келіндердің көбі ата-енесімен тұрғысы келмейтінін байқаймыз. Жары жалғыз ұл немесе үйдің кенжесі болса да, бөлек шыққысы келеді. Ұрыс-керіс, жанжал, шаңырақтың шайқалуы осындайдан басталатынын да көріп жүрміз. Ал Үмітжан Жаңабекқызы келін болып түскеннен кейін 34 жыл ата-енесін бақты. Сол шаңырақтың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Ұлдары Нұрай да ата-әженің бауырында өсіп, әке-шешесін атымен атайтын.

Қазір Нұрай – елге белгілі өнерпаз. Оқушы болғанда Ақтоғай ауданының кезінде атағы дүркіреген «Тоқырауын толқындары» ансамбліне қабылданып, ән салды. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде бастапқыда дүлдүл әнші Жәнібек Кәрменовтің, кейіннен Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосыновтың сыныбында оқыды. Астананың Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының негізін қа­лаушылардың бірі болып, одан соң Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияға ауысты. Осы өнер ошағының әншісі болғанына да 15 жылға жуықтады. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі дейтін атақтары да бар.

Бір айта кетерлігі, осы әулеттің халық композиторы Әсет Найманбайұлымен аталас туыстығы бар. Ерліс ақсақал мен Үмітжан әже де жас шағында халық театрында актер болды. Ерліс Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде Жантықты, басқа да қойылымдарда кейіпкерлерді сомдады. Нұрайға өнер осылай қан арқылы әке-шешесінен де қонған сияқты. Әке-шеше оның бағын байламады. Әрине, бастапқыда мұғалім болғанын қалады. Сөйтіп Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне түскені бар. Алайда ұлдың күні-түні ойлайтыны өнер болғаннан кейін ата-ана батасын берді. Бұл орайда қарт әке-шешені ойлап, ауылдан шыға алмай, өмірден ерте озған қазақтан шыққан тұңғыш бард Табылды Досымов еске түседі.

Кешегі кеңес заманында еңбек адамдары бағаланатын. Үмітжан шешей үйдің қат-қабат шаруасымен қатар өкіметтің жұмысында да үлгеретін. Аудандық кеңестің депутаты болғаны, әйелдердің алғашқы облыстық құрылтайына қатысқаны да бар. Бірақ қазіргі көптеген қыз-келіншек сияқты қызмет қумады.

«Әйелдерге жұмыс істеме деген дұрыс емес, жан-жақты болған жөн. Бірақ әйелге үйге де қарауды ұмытпау керек. Қазір қыздардың біразы мансап қуып, тұрмысқа шықпай отырып қалады. Әр нәрсе өз уақытымен. Күйеуге шығып, баланы да табу керек» дейді Үмітжан Жаңабекқызы.

Өмірден көргені, түйгені мол ақсақал мен әже бізге осындай әңгіме шертті. Шаңырақты шайқалтпай, 60 жыл бірге тұру туралы айтқанда да оның ешқандай сыры жоқ екенін жеткізді. Олардың айтуынша, ері мен әйелі арасында түсіністік болуы керек. Бірін-бірі қолдап, демеп отырса, жақсысын асырып, жаманын жасырып отырса, бәрі дұрыс болады. Осындай отбасылар қай жағынан алғанда да кейінгі жастарға үлгі.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button