Басты ақпаратҚоғам

Шешеден жеріп не болды?



«Шешесін көріп, қызын ал», «Шеше көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деп баласын тектілікке тәрбиелеген қазақтың енді баласына  «Шеше, шеше, неше кесе сынды кеше?» деген жаңылтпашты үйретуіне болмайтын көрінеді. Себебі соңғы кездері әлеуметтік желіде «Қабылбек ұстаз» атанған біреу «Ана» – баланы дүниеге әкеліп, тәрбие берген әйел, ал «шеше» – баланы тууды біледі, баласын тастап кеткен, қарамаған, балаға еңбегі сіңбеген әйел» деген уағыз айтып айды аспанға шығарса, Арыстан ұстаз дейтін уағызшы «арақ ішетін баланы тәрбиелеген адамды шеше деп айтады» деп шешенсіді. Қазақ тілінде бір ұғым ретінде қолданылып келе жатқан екі сөзге өз пәтуалары бойынша анықтама берген бұл діндарлардың сөзіне желі қолданушылар қатты қарсылық білдіріп жатыр.

«Атыңның басы бітіп жорғасы қап па?» дегендей, соңғы кездері дін өкілдері мазһабқа бөліп, анау уахабист, мынау салафит, ол тәңіршіл деп елді ала тайдай бүлдіргенімен қоймай, енді қазақтың тіліне де әңгіме айта бастағанына біз де бейжай қарай алмадық.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тілінде «шеше», «ана» атаулары бір ұғымда қолданылады. Ол ертеден келе жатқан көне түркі сөздері, екеуі де «тар құрсағы кеңіп, тас емшегі жібіп» дүниеге ұрпақ әкелген әйел адамды меңзейді. Сөз қадірін өз қадірім деп білген қазақ әке-шеше, ата-ана сөздерін ұдайы қатар қолданып келеді. «Атыңа ауыр жүк артпа, анаңа ауыр сөз айтпа», «Әкесіз жетім – құр жетім, Шешесіз жетім – тұл жетім», «Әке қарғысы – оқ, шеше қарғысы – б..қ» деген мақал-мәтелдер – соның айғағы. Жасы үлкен кісілерді ақ шылауышты ана, шешей деп атау да – тілімізде бар дәстүр. Ал Қабылбек Әліпбайұлы болса, оны ескермейді де, «Құнанбайдан текті Абай туды, Зере анамыз өте тақуа болған, сондай адамды ана дейді» деп Абайдың анасы Ұлжан екенін білмей отырып, Абайдың әжесін анасы деп соғады. Керек десеңіз, қазақтың заңғар жазушысы, қазақтың ең мықты сөз зергері Мұхтар Әуезовтің өзі Абай романында «Жай басып, ауыр тыныс алып демігіп келе жатқан Абайдың шешесі (М.Әуезов, Абай)» деп қолданғанын да ескермейді.

Дін өкілдерінің тілімізге, дәстүрімізге қарсы сөйлеп жүргені бұл бірінші рет емес. Тіпті қазақтың сүтпен біткен, сүйекке сіңген отбасы тәрбие­сінің өзін жоққа шығарып, қазақ қыздары хиджап киюі керек, домбыра харам деген сияқты сөдегей көзқарастарымен жұрт арасына жік салып жүргендеріне де біраз болды. Өткенде тағы біреуі «қазақтың қыздары тек қана өз туысына тиюі керек, сонда ғана сапалы ұрпақ туылады» деп әлеуметтік желіде көкіп отыр. Жеті атаға жетпей қыз алысып, қыз беріспеу – қазақтың қан тазалығын сақтаудағы, өмірге сау ұрпақ әкелудегі ең керемет ұстанымы. Бұл тіпті дүние­лік деңгейде мойындалған қасиетіміз десек те болады. Бірақ әсіре діншілдер осы қасиетіміздің өзін былғағысы келеді. Ол аздай енді тілімізге ауыз салып, қазақтың сөзін де діни ұстанымға қарай бұрып бара жатқаны ойлантады.

Өткенде бір намазхан жігіт «Сіз неге ассалаумағалайкүмнен кейін армысыз деп қолданасыз? Ол тәңіршілердің сөзі ғой» дейді. «Кім айтты саған армысыз тәңіршілердің сөзі деп» десем, өрекпіп күш бермейді. Сосын «Абай да, Шәкәрім қажы да тәңіршіл ме?» дедім де, Абайдың:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа жол емес.

 

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін.

Жүректің ақыл суаты,

Махаббат қылса тәңірі үшін, – деген өлеңін айтып, «Татьянаның сөзін» аударғанда «Тәңірі қосқан жар едің сен» деп қолданғанын алға тарттым. Анау астағфиралласын айтып, көзі алақтап кетті.

Баласын «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген қазақ исламның барлық құндылығын да осы үш ұғымға сыйдырып жіберген. Бұл үш ауыз сөздің астарында түсінген адамға бірнеше том кітапқа жүк болатын үлкен философиялық пайым жатыр

Жалпы түркі ұғымында Тәңірі – Жаратқанның атауы. Егер адамзат Адам ата мен Хауа анадан (әлімсақтан) бері мұсылман десек, бұл – Жаратушы Иенің бір екенін меңзейтін ұғым. Сосында Хакім Абай 1895 жылы 27 жасында Алматыда қайтыс болған ұлы Әбдірахманға арнап жазған өлеңінде «Тәуекел ғып білдірмей, Күтіпсің Тәңірі жарлығын» деп жазады. Шәкәрім қажы да «Шала дін мен қате пәннің, Сөзіне ерме, маған ер. Міне, жаның, міне тәңірің, міне дінің, міне иман» деп білмей жазып отырған жоқ. «Дивани луғат ат-турк»-«Түркі сөздігі» еңбегінде де Тәңір есімін Алла деп аударған. Сосын да қазақ үшін Тәңір, Жаратушы, Алла, Құдай – бәрі бір ұғым. «Таңғы нәсіп – Тәңірден», «Иттің иесі болса, бөрінің Тәңірі бар» деген тұрақты тіркестер, Тәңірберген сияқты есімдер – әне соның айғағы. Бес уақыт намазын қаза жібермейтін қариялардың қолына су құйғанда «Тәңір жарылқасын» деген батасын талай алғамыз. Ал армысыз сөзі – қазақтың арыдан келе жатқан амандасу, сәлемдесу ләмі. Оны белгілі бір дәуірге, мәлім бір дінге тәуелдеу мүлде қисынға симайды. Оның үстіне қазақ даласында қалыптасқан діни дәстүр бойынша әрбір мұсылман «Ассалаумағалейкүм» деп қана амандассын деген шарт жоқ. Сосын да қазірге дейін қазақ әйелдері «Амансыз ба? Есенсіз бе?» деп амандасып келді немесе сәлем салып келді. Бұл ислам дініне де қайшы емес. Бабадан бізге жеткен бұл үрдіс біздің санаға әбден сіңгені сонша, әйел адам «ассалаумағалейкүм» десе, тосын сезілетіні де жасырын емес.

Баласын «ұят болады, обал болады, жаман болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген қазақ исламның барлық құндылығын да осы үш ұғымға сыйдырып жіберген. Бұл үш ауыз сөздің астарында түсінген адамға бірнеше том кітапқа жүк болатын үлкен философиялық пайым жатыр. Бүгінгі молдалар жиі айтатын тазалық, адалдық, жан баласына қиянат жасамау, ұят, намыс деген ұғымдар да осы үш сөйлем сөзге сыйып тұр. Демек, қазақтың дәстүрлі көзқарасы, дүниелік танымы қазіргі молдалардың күні-түні қақсап айтып жүрген уағызынан бұрын қалыптасып болған. Бірақ соны біздің дін өкілдері дұрыс пайдалана алмайды, аузын ашса күнәдан бастап, сахабалардан цитат алып, «Мерседес көлігін діндарлар жасаған екен» деген сияқты күлкілі уағыздармен діннің де, өздерінің де қадірін кетіріп жүргені жасырын емес. Ол аздай «Атамның шоты аса, аса тиеді» демекші, енді тілімізге ауыз сала бастады. Осыдан біраз жыл бұрын «Алла» деген сөз жоқ деп, қазақ тілінің үндестік заңын белден басып, «Аллаһ» деп айтасыңдар деп жұртты шатастырған еді. Соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пәтуа шығарып барып әзер басылған.

Өткенде әлеуметтік желіні ашсам, тағы бір молла «құран аяттарын сөзсіз арабшасын үйреніп барып жаттау керек, арабша сөзді қазақша жазып алып жаттау бұл дұрыс емес» деп соғып жатыр. Бұл қайдан шыққан пәтуа сонда? Құдайға араптан басқа ұлттың тілі қадірсіз болса, құдіреті күшті Жаратушы неге ұлттарды жаратып, әртүрлі тілде сөйлетіп қойды?! Біз кешеге дейін «ақ қойдың келдесі, қара қойдың келдесі, мен Құдайдың пендесі. Мұхаммед құдай досы, бар білетінім осы» деп құдайға ниет бұрған халықтың ұрпағы едік қой. Енді неге біздің ұлтымыз, киіміміз, тіліміз, дәстүріміз дінге томпақ бола қалды?! Демек, атам қазақ «өлтіретін молда бар, өртейтұғын кітап бар» дегенде, буынсыз жерден пышақ салып, қисынсыз шариғат айтатын осындай молдаларды меңзесе керек. Абай болайық, дін діңгек болса, дәстүр мен тіл – ұлттың ұлы қасиеті. Есіміз шығып арабқа еліктеп, есімімізге дейін арабша қойып, ұлттық белгі-бөгенайымызды әлсіреткеннен біздің ұтарымыз шамалы. Одан тақуалығыз артып, діни сеніміміз күшейіп кетпейді. Өйткені дін тілге, формаға емес, ниетке байланған.


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button