Денсаулық

Шетелде тәжірибеден өтті



Астана қалалық №11 емхананың аға медбикесі Таңшолпан Дүйсен­баева Финляндияның Хельсинки қаласында халықаралық тағылым­дамадан өтті. «Мейірбике ісін ұйымдастыру – Финляндия тәжірибесі» деп аталған тағылымдама барысында қазақстандық мамандар орта медицина персоналының жұмысын ұйымдастыру жайы және олардың міндеттеріндегі ерекшеліктермен танысты.

Медбике болып 10 жылдан бері еңбек ететін Таңшолпан жұмысын алғаш балабақшада фельдшер болып бастаған. Аталған емханада 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Халық­аралық тағылымдамаға ол Қазақстаннан 10 аға медбикенің бірі болып барған.

– Астана қаласынан 2 емханадан бардық. Қалғаны – рес­публика бойынша мамандар. Көргеніміз, көңілге түйгеніміз көп. Бұл елде барлық медициналық тексеру, жалпы емнің бәрі тегін жүргізіледі. Бірақ бізде 6 айда бір рет тексерілсе, оларда 5 жылда бір рет медициналық тексеруден өтеді екен. Тағы бір айта кетерлігі, аталған елде туберкулезге шалдығатындар тіркелмеген, сондықтан балалар туғанда осы ауруға қарсы екпе салмайды және бұл дерт бойынша емдеу орындары атымен жоқ. Перзентханалары көп әрі жағдай жасалғанмен, бала аз туады. Медицина болсын, басқа кез келген салалардағы қызметкерлер тек түскі 15:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Одан кейінгі уақытын отбасына, табиғат аясында демалуға арнайды. Бірақ зейнетке 67 жаста шығады. Жалпы халқы өте бақуатты әрі салауатты өмір салтын қатты ұстанады. Сосын байқағаным, халқының көп бөлігі – егде жастағылар, жастар аз. Бір жұма уақыт ішінде біз бірнеше емдеу мекемесі мен жоғары оқу орнына бардық, олардың жұмысымен таныстық, – дейді аға медбике.

Бүгінде аталған емханадағы салалық дәрігерлердің медбикелерін басқаратын Таңшолпан бұл сапардағы тәжірибесін әріптестерімен бөлісуге дайын. Жалпы қазақстандық медицина мамандары мұндай тағылымдамалардан жыл сайын өтіп отырады.


Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button